«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 419.69 (1.28)

  • EUR: 510.89 (2.94)

  • RUB: 5.63 (-0.06)

«Қайсар» тығырыққа тірелді ме?

07.01.2021, 11:30 101 0

«Қайсар» футбол клубы хорватиялық легионер Иван Пешичке қыруар қаржы қарыз болып қалды. Бейресми ақпараттарға сүйенсек, ол 45 миллион теңгеге дейін жетеді. Бұл туралы белгілі журналист Айдын Қожахмет өзінің телеграм арнасында мәлімдеді. Клуб хорватқа қарызын толықтай қайтармаса, жақын арадағы 3 трансферлік маусымда қатарына ойыншы қоса алмайды. Ережеге бағынбаған жағдайда «қасқырлар» «Ақтөбе» немесе «Ертістің» күйін кешіп, төменгі дивизиондардан бір-ақ шығуы мүмкін. Бұл өткен маусымдағы жергілікті клубтың басынан өткен жалғыз дау емес. Күні кеше «молшылыққа» малынған басшылық ендігі барар жер, басар тау таппай отыр.

Көп ұзамай футболдан Қазақстан премьер-лигасының кезекті чемпионаты басталады. Өткен маусымды жетінші орынмен аяқтаған «қасқырлар» үшін осы жолы өзінің бар күш-жігерін салып, алғашқы алтылықтан қайта бой көрсету міндеттелген. Дегенмен, бюджет қысқарғаннан-ақ басшылар жергілікті футболды дамытқандай болып, «арзан» күшке жармасты. Басшылықтың «команданы жастардан жасақтаймыз» дегенін «жоғарыдағылар» қабыл етіп, енді сырттан ойыншы қосуға тыйым салды. Клуб берілген уақыт ішінде қарыздан құтыла алмаса, «Байқоңырдың» бағын аша алмаған аяқдопшыларымыздан «Қайсарды» қалпына келтіруін тілеуден басқа амал жоқ.

 Клуб ішіндегі жүйесіз саясаттың жұғымсыз тұстарын осы уақытқа дейін жазып та, айтып та келеміз. Дегенмен, сыннан сабақ алатын маманның аздығы клубтың тағдырына нұқсан келтіруі әбден мүмкін. Жер-жаһанды шарпыған коронавирус пандемиясы алдына кезіккенді сұлатып жатқаны баршаға аян. Бүкіл әлемді шарасыздыққа душар қылған дерт кезінде ешкімге күйе жаққымыз да келмейді. Дегенмен, кәсіби клубты кәсіби мамандар басқарған жағдайда бұл қиындықтан сытылып шығуға да мүмкіндік бар еді. Бұл мәселе жалғыз қызылордалық «Қайсарға» ғана емес, әлемнің барлық кәсіби спорт клубтарына кенедей жабысып алды. Солардың тәжірибесіне назар аударсақ, клубты сақтап қалу үшін бірі ойыншылармен жеке-жеке дипломатиялық кездесу арқылы шешсе, енді бірі сырттан қаржы көзін тауып, командасын құтқарып қалып жатты. Оған қолы жетпегендер ойыншының қысқарған жалақысын алдағы жылдары біртіндеп төлеп береміз деп уәде етіп, дағдарыстан оңай құтылған болатын. Алайда біздің клуб басшыларының осындай төте жол тауып, клуб жанкүйерлеріне жағымды жаңалық сыйлауға асықпайтыны жанымызды күйзелтеді. Жан-жақты ойланып, клуб үшін маңызды шешімді ақылмен қабылдау кезіндегі клуб директорларының ашық қателікке оңай беріліп қалғанына куә болдық. Алда қиын маусым күтіп тұр. Бәлкім, «бойын бұлғаңдатқан» басшылықтың орын босататын уақыты жеткен шығар?

Бекзат АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: