Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Мен – орта салмақтың королімін»

21.01.2021, 14:00 479

«Жауырыны жер иіскемеген» тағы бір қазақстандық былғары қолғап шебері Жәнібек Әлімханұлы туралы естімеген жан жоқ шығар. Әуесқой бокста өзіне қарсылас шақ келтірмей кейіннен кәсіпқой боксқа ауысқан болатын. Онда да 9 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Орта салмақтағы WBC Continental Americas және WBO Global титулдарын жеңіп алған боксшы орта салмақтағы өзге боксшыларға мәлімдеме жасады.

– Ағымдағы жылы барлық бокс жанкүйерлері нағыз қазақша стильмен танысатын болады. Мен – орта салмақтың королімін. Қазіргі чемпиондар осы кезден бастап дайындала бергендерің жөн. Себебі, көп ұзамай менімен қолғап түйістіретін боласыңдар. Мен әуесқой бокста 300-дей кездесу өткізіп, әлем чемпионы болғанмын, – деді боксшы Жәнібек Әлімханұлы өзінің твиттер парақшасында.

Айта кететін жайт, Жәнібектің нысанасына түскен чемпиондар арасында IBF және IBO белбеулеріне ие Генадий Головкин де бар. «Қазақша стильді» алғашқылардың бірі болып танытқан GGG мен Жәнібек бір салмақта өнер көрсетеді. Дегенмен, мамандардың айтуынша, қазақстандық боксшының назарына іліккен – отандасы емес, керісінше, сол салмақтағы өзге чемпиондар. Дәлірек айтсақ, Джермалл Чарло, Риота Мурата және Деметриус Андраде.

Естеріңізде болса, Жәнібек Әлімханұлы соңғы жекпе-жегін Лас-Вегас қаласында өткізген болатын. Қазан айында өткен кездесуде отандасымыз аргентиналық қарсыласы Гонсало Кориюды екінші раундта сұлатып, нокаудпен жеңіске жетіп еді.

Жәнібектің шеберлігіне ешкім шүбә келтірмесі анық. Қай кезде де көк туды желбіретіп жүрген белді спортшымыздың осылайша сенімді мәлімдеме жасауы да – қалыпты құбылыс. Тек «мақтаған қыздың» күйін кешпесе болғаны…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: