«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 425.59 (-2.48)

  • EUR: 505.43 (-2.18)

  • RUB: 5.61 (-0.01)

Курьор нені меңзеді?

13.11.2020, 16:15 104 0

HALYQLINE.KZ

«Қайсар» жанкүйерлерін жүдетті. «Дала қасқырларында» жазық жоқ. Өз командасын жанын салып қолдады. Былтыр тосыннан кубок алған команда биыл жолындағының бәрін жапырып өтеді десе керек. Ондай мінез Стойче Младеновте қайдан болсын. Еуропа лигасының іріктеуінде іркілгені былай тұрсын, Қазақстан чемпионатында да кібіртіктей берді. Қайта қазір «Курьор айтты» деген сөз елге ермек болды.

Кезінде Қызылорданың «Қайсарында» өнер көрсеткен Мартиники құрамасының ойыншысы Матиас Курьор басылымдардың біріне берген сұхбатында Қызылорда сапары туралы айта келіп: «Халқы кедей болса да, футболында ақша пішен. Бізді жалақыдан тарықтырған жоқ. Көсіп тұрып алдық», – депті. Матиастың Сыр елінің бюджетіне қаншалықты салмақ салғанын ешкім ешқашан айтпайтыны анық. Алайда оның қалтасына талай теңге сүңгіткенімізді Қызылорда командасының тізгінін ұстайтындар біліп отыр. Әңгіме тіпті Курьорға кеткен ақшаға да тіреліп тұрған жоқ. Мартиники азаматының біздің футболдағы мәрттікті айта отырып, отандық аяқдоп шаруашылығына таңғалатынын жасырмайды. Мысал үшін Қазалы ауданы қызыға қарайтын қомақты бюджетті бір клубтың жұта салатыны оны да ойландырса керек. Тек Матиас емес, біздің елдің кез келген командасында өнер көрсеткен немесе әлі де ойнап жүргендер, шынында да, отандық футболдың өзіндік ерекшелігін саналарына сыйғыза алмайды. Оларды тәрбиелеу біздің міндетке кірмейді. Әлгі Матиас жалпы Қызылорда туралы, ондағы халық туралы жақсы айтады, негізі. Көкпар тартқандарды көріп, таңғалғанын да айтып жүреді. Бірақ қазақ футболындағы қыруар ақшаға қайран қалғанын жасырмайды және оның неге қайран қалатынын біз ептеп сезетін секілдіміз.

Біріншіден, сол Курьор екі жылдай доп тепкен Қызылорданың өзін алайықшы. Кезінде даңқты бапкер Валерий Лобановский Сыр елінің ойыншысы Тілеухан Тұрмағамбетовтің өнеріне қайран қалыпты. «Апырай, мынадай да техникасы жетілген футболшы болады екен-ау, бұрын қалай байқамағам», – депті. Тілеуханның ойын өрнегін біз де білуші едік. Бір ғана Тұрмағамбетов емес, Каландар Ахметов, Марат Есмұратов секілді есті футболшылар шыққан өлке ғой. Мақсат Байжанов пен Асхат Тағыберген де бір-бір төбе. Думан Нәрзілдаевты алыңыз, ол да бір талант. «Байқоңыр» сапында қаншама таланттар жетілді. Мысалы, Елжас Сарыбайды мақтаған бапкер көп. Шоқан Абзаловтың да шоқтығы биік дескен. Соңғы екеуінің ойыны сұйылып барады. Сұйылатын себебі – оларға ешкім көңіл бөлген жоқ. Сенім артып, «Қайсардың» негізгі құрамынан орын бергенде жасындай жарқылдап жүрер  ме еді… Бір Қызылорда ғана емес, тұтас Қазақстан өз таланттарын бағалауға асықпайды. Оларға өріс ашу қайда, реті келсе аяқтан бір шалып қалуға кет әрі емес. Ондап дерек келтірер едік. Оның қажеті қанша? Курьорды еске алмайтын да едік. Тіпті әлгі пікіріне де – мән беруге құлықсыз болдық.

Амангелді  СЕЙІТХАН.

«Жас  Алаш»  газетінен  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: