Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Биыл қанша команда доп тебеді?

13.01.2021, 16:00 899

HALYQLINE.KZ

Қазақстан Футбол Федерациясының Атқарушы комитетінің кезекті отырысы өтті. Жиында ел футболы төңірегіндегі біршама өзекті мәселелер талқыланып, өзгерістер енгізілді. Қазақстан Футбол Федерациясы баспасөз қызметінің мәліметінше, бұдан бұлай ел чемпионатында өнер көрсететін командалар саны 14-ке көбейтілді. Әзірге келесі маусымда өнер көрсететін 12 команда белгілі. Қалған екі клубтың аты аталмаса да, олар «Арыс» және «Ақжайық» клубтары болады деп күтілуде.

– Чемпионаттағы командалар санын көбейту көптен бері айтылып жүрген еді. Талайды толғандырған сұрақ Атқарушы комитеттің өткен отырысында да көтерілген болатын. Сол себепті ҚФФ президенті Әділбек Жақсыбеков кезекті отырыста осы мәселені талқылауды тапсырды. Нәтижесінде, комитет мүшелері толықтай келісіп, осындай мәмілеге келдік. Мамандардың айтуынша, бұл чемпионаттағы командалардың ойын күнтізбесін нығайтатын болады. Бұл қазіргі қиын-қыстау кезеңде өте маңызды. Жаңадан қосылатын екі команда қатаң түрде еліміздегі футбол федерациясының барлық талаптары мен ережелерінің аясында шақыртылатын болады,– деді Қазақстан Футбол Федерациясының бас хатшысы Азамат Айтхожин.

Айта кететін жайт, бұдан бұлай кез келген клубтың ойын өткізетін стадионы маусым барысында жарамсыз деп танылса, кінәлі команда басқа ойындарда жинаған үш ұпайынан айырылады және өткізілуі тиіс ойын қарсылас команданың алаңына ауыстырылатын болады. Бас хатшының айтуынша, Федерацияның кез келген ережелеріне бағынбаған клубтарды қатаң шаралар күтіп тұр. Трансферлік терезеге келетін болсақ, бұл жылы команда қатарына ойыншы қосу дәстүріне ешбір өзгеріс енгізілмеген.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: