Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«АЯКС»-тай АЙБАТ ШЕККІСІ КЕЛЕДІ немесе «Қайсар» қайсарлана ма?

24.12.2020, 12:30 474

Қызылордалық «Қайсар» футбол клубы жақында ғана Сұлтан Әбілдевты бас бапкер ретінде тағайындап, дүйім жұртқа жар салған болатын. Сыр футболында талай жыл жүріп, қызмет көрсеткен тәжірибелі бапкерді тағайындағаны жөн-ақ. Дегенмен, осы бас бапкердің әлегімен жүргенде клубтағы жұмыста жүйе жоқ екені байқалып қалды. Басшылықтың сөзі мен ісі қабыспай, жергілікті клубты «қойылымға» айналдырып жібергендей. Осы тұрғыда, жаңа бапкерге командада қолдау бар ма? Басшылық жанкүйерлерден нені жасырып жүр? Осы жайлы сөз қозғауды жөн санадық.

«Сүйегі сырқырап, сағы сынған» Стойчоның орнына кімді қояр екен деп жүргенде клуб басшылығы «қызылордалық үш бапкердің біреуін таңдаймыз» деп мәлімдеді. «Бас бапкерді бабына қарай бағамдап, жыл бойындағы жоспарына мән береміз, тактикалық тұрғыдан таңдау жасаймыз» деп клубтың директоры Серік Досманбетов «ағынан жарылған» болатын. Күндер өтті. Үш бапкердің арасындағы ең тәжірибелісі Сұлтан Әбілдаевқа таңдау түсті. Дегенмен, бас бапкер қай тактикамен ойнайтынын әлі шешпеген секілді. Оны Әбілдаевтың таныстыру кезінде қойылған сұрақтарға кібіртіктеп қалуынан байқадық. Жалпы, бас бапкер командаға келмес бұрын тактика жағын қамдап, ойыншыларды өзінің ойын жүйесіне қарай жинаушы еді. Ал біздің бапкер алдымен ойыншы жинап алайын, тактиканы сосын шешемін деп жауап берді. Бұл «тоғайдан малымды айдап келейін, қораны сосын соғармын» дегенмен бірдей емес пе? Сонда жоспарлы оқу-жаттығу жиынына футболшыларды қандай критерий бойынша жинамақ? Естеріңізде болса, Рональд Куман «Барселонаға» бас бапкер болып тағайындалған уақытта қандай тактикамен ойнайтынын һәм қай позицияға қандай ойыншылар керектігін бірден айтқан болатын. Ол дәрежеге әлі де жете қоймадық, онымен салыстыру орынсыз десеңіз, «Қайраттың» бас бапкері Алексей Шпилевский да өзінің алғашқы сұхбатында өз стилін, команданың ойын үлгісін жария етті. Яғни, кез келген бас бапкер клубпен келісімшартқа отырмас бұрын командаға ыңғайлы тактиканы ойластырып, сол жүйеге қажетті ойыншыларды жаңадан қатарға қосады. Ал Сұлтан Әбілдаевтың бұл қылығынан клубтағы  селекция  рөлі  өзінде емес, «өзгелердің» қолында екенін сездік.

Белгілі спорт журналисі Айдын Қожахметтің айтуынша, бұрынғы бапкер Стойчо Младенов өзі сұратпаған ойыншыны негізгі құрамға шығармайтын көрінеді. Яғни, басшылық бапкермен ақылдаспай бір ойыншыны команда қатарына қосса, оның шеберлігіне қарамастан негізгі құрамнан орын бермейді. Өткен маусымдағы Элвин Фортес пен Елдос Ахметов секілді бірнеше шебер ойыншының негізгі құрамға шығуының қиындап кетуі содан болуы керек. Бұдан басшылық кейбір ойыншыларды өз қалауларымен алып, бапкердің пікіріне құлақ аспайт­ынын біле аламыз. Өздеріңіз білетіндей, алдағы маусымда клуб басшылығында өзгеріс болмайды. Демек, селекция саласындағы салғырт жұмыс тағы да қайталануы әбден мүмкін. «Дала қасқырларын» баптайтын бас бапкердің бойындағы сенімсіздігіне қарап, ойыншыларды таңдау оның құзыреттілігіне кірмейтінін аңғару оңай. Брифингте сөйлеген сөзін қара сөзге келтірсек, «Басшылық ойыншыларды жинап береді, солар бұйырт­қан футболшылармен команданы қалай құратынымды кейін шешетін боламын» дегенге саяды. Бұл ақынның қаламын тартып алғанмен бірдей. Командадан нәтиже күтсек, селекция рөлін бас бапкерге сеніп тапсырған жөн. Тәжірибелі бапкердің ойыншы таңдаудағы қырағылығына күмән жоқ. «Қайсардағы» сүреңсіз саясат бұл ғана емес. Апта бойындағы ақпараттарды саралай келе тағы бір мәселе көзге ілікті.

«Футболшылар мен бапкерлерді алдауға тырысып көруге болады. Бірақ, жанкүйерлерді алдау – қылмыспен тең». Кеңес үкіметінің даңқты футболшысы Анатолий Бышовецтің айтып кеткені. Шынында, футбол – жанкүйерлер үшін. Дегенмен, клуб басшылығы жанкүйерлермен ашық кездесуге көп шыға бермейтіні аздай, өтірік ақпаратты да таратуға әуес. Өткен маусымның жыл жаңалығы болған Стойчо мен ойыншылар арасындағы даудың негізгі фигуранты анықталды. Нұрсұлтан Құрманның ютуб арнасындағы «Қайсардың» бұрынғы қорғаушысы Елдос Ахметовпен болған подкастта футболшы бүкіл шындықты жайып салды. Естеріңіз­де болса, «Каспий» мен «Қайсар» арасындағы матчтан кейін, «қасқырлардың» киім ауыстыратын бөлмесінде ойыншы мен бапкер арасында кикілжің болып еді. Даудың басты себебі Стойчоның ойыншыға орыс тілінде сөйлеуін талап еткені болды. Көпшілік болжағандай, бұл ойыншы қызуқанды Елдос Ахметов болып шықты. Уақытында ұлттық құрамада доп тепкен ойыншы «қасқырлардың» қосалқы құрамында қалып қою себебін өзі де білмейтін көрінеді. Ал дауға келетін болсақ, ойыншы команданы жеңілістен кейін жігерлендіргісі келіп, қазақ тілінде мұңаймай, еңселерін биік ұстауды сұраған. Дегенмен, неге екені белгісіз, онысы бас бапкерге жақпаған болуы керек. Сол оқиғадан кейін, клуб ресми түрде жанжалды растап, ойыншы мен бапкер татуласты деген болатын. Дегенмен, Елдос татуласпақ түгілі сөйлеспегенін де жеткізді. Керісінше, оны командадан шеттетіп, итермелеп тастаған екен. Және оған ешкім араша бола алмаған. Одан бөлек, клуб Стойчоның қашып кеткенін де жоққа шығарған еді. Олардың айтуынша, бапкер рұқсат сұрап кетіпті-мыс. Ал Елдос Ахметовтың айтуына қарағанда – ол сөз де жалған. Осы секілді қитұрқы деректер қаншама… Біз білмейтіні қанша?

«Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» демекші­, жанкүйерлерге жалған ақпарат таратудың себебі неде? Бүлік шығарған бапкердің имиджі үшін бе, әлде шу шығып орнымнан айырылармын деп үрейленген басшылардың ісі ме? Кім болса да, футбол тек жанкүйерлер үшін екенін естен шығармағаны жөн дегіміз келеді. Жанкүйерлермен барынша ашық болып, солардың мүддесіне бой ұсынған жөн. Сонымен қатар, бұрынғының қателігін қайталамай бапкер құзыреттілігін арттыруды ұсынамыз. Өздері айтқандай, «Аякс»-тай  айбат шеккісі келсе, бас пайданы қоя тұрып, жұмысқа кәсіби көзқараспен  қарау  қажет.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: