Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жылу мен жарық – қаланың жүрегі»

15.10.2020, 10:50 790

Нұрлыбек  НӘЛІБАЕВ:

ҚАЛА   ӘКІМДІГІНДЕ  КАДРЛЫҚ   ӨЗГЕРІСТЕР   БОЛДЫ

Өткен аптада қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өткізілді. Күн тәр­ті­біндегі  тақырыптар талқыланбас бұрын шаһар бас­шы­сы  бірқатар  кадрлық  өзгерістерге тоқталды.

Бұған дейін қаланың ең күрделі саласы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы қызметін абыроймен атқары­п келген Рахматуллаев Елмұрат Нұрмахан­бетұлы Қызылорда қаласы әкімінің өкімімен қала әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалғанын айтып­, еңбек жолында Тасбөгет кенті әкімінің орынбасары, қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы, Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі, қала әкімінің кеңесшісі сынды жауапты қызметтерді атқарған, жоғары білімді және тәжірибелі маман­ның  жаңа  қызметімен құттықтай отырып, жұмысына  сәттілік тіледі.

Сонымен қатар, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жол­дар­ы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жаңа бас­шы­сы Далабаев Біржан Далабайұлын таныс­тырды.

Заңгер, құрылыс мамандықтарын игерген Біржан Далабайұлы еңбек жолында қызметтің түрлі сатыларынан өтіп, 2014 жылдың наурыз айынан бастап осы кезге дейін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары қызметін абыроймен атқарып, Қызыл­орда қаласы әкімінің өкімімен бөлім басшысы қызметіне тағайындалды.

Мәжілісте «Қызылорда жылу электр орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның жаңа директор­ы Наурыз  Сатханов та таныс­тырылды.

Наурыз Асанханұлы 1963 жылы Түркістан облысы,­ Бадам станциясында дүниеге келген. Білімі жоғары, 1984 жылы Алматы энергетика институтын «инженер-энергетик» мамандығы бойынша аяқтаған.

Еңбек жолын 1984 жылы Қызылорда жылу электр орталығында машинист қызметінен бастап, осы кезге дейін кәсіпорынның цех басшысы, бас инженері қызмет­терін  абыроймен  атқарып  келді.

Бұған дейін қалалық электр тораптары басқармасының директоры қызметін атқарып, әріптестерінің арасында зор абырой мен беделге ие болған Дін­мұханбет Әбдіреевтың жаңа қызметке ауысуына байланы­сты басшылық қызмет Орынбек  Дәуеновке сеніп  тапсырылды.

Орынбек Кәкімұлы 1969 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары, 1993 жылы Қызылорда  политехникумын  «техник-электрик»,  2001 жылы Ресей Федерациясындағы Горячкин атындағ­ы  Мәскеу агро-инженерлері университетінде­ «электрофикация және автоматизация» маман­дық­тары  бойынша аяқтаған.

Еңбек жолын 1993 жылы қалалық электр тораптары басқармасында электромонтер қызметінен бастап­, осы кезге дейін инженер, бас инженер, техникалық директор қызметтерін абыроймен атқарып келді.

Келелі жиында шаһар басшысы Дінмұханбет Сейдул­лаұлын жаңа қызметімен құттықтай отырып, жұмысына сәттілік пен табыс тілеп, қаланың энергетика және коммуналдық саласының дамуына, қоғамдық-саяси ахуалының тұрақтылығын сақтауға лайықты үлесі үшін «Құрмет грамотасын» табыстады.

Бір байқағанымыз, қала әкімі басшылық қызметке­ тағайындалған барлық азаматқа «Құтты болсын! Абырой­ тілеймін!» деумен болды. Мұның өзі ұғынған адамғ­а үлкен жауапкершілік жүктейтіндей.

– Қазақ «кезеңі  келмей, кезегі келмейді» дейді. Бұл азаматтардың  барлығы осы қызметтерге бұрыннан лайық еді. Осыған дейінгі азаматтар да өз жұмысын жоғары деңгейде атқарды. Сіздерден де соны күтеміз. Жылу, жарық – қаланың жүрегі. Бұл – ең  жауапты жұмыстар, – деді Н.Нәлібаев.

«ЖҰМЫС  НӘТИЖЕСІ   ЖЕКЕ-ЖЕКЕ  СҰРАЛАДЫ»

Кадрлық ауыс-түйістен соң, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бүгінгі аппарат мәжілісінде екі мәселе қаралаты­нын айтты. Осылайша, шаһар басшысының төр­ағалығымен өткен мәжіліс жылу беру маусымы кезінд­е өрт қауіпсіздік талаптарының сақталуы және мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарының жүргізілу барысы тақырыптарына арналды.

Бірінші мәселе – жылу беру маусымы кезінде өрт қауіпсіздік талаптарының сақталуы. Жыл басынан бері Қызылорда қаласы бойынша 178 түрлі өрт оқиғасы болса, оның ішіндегі 90 оқиға жылу беру маусым­ы кезінде өрт қағидаларының сақталмауынан шыққан. Ағымдағы жылу маусымындағы қауіпсіздік шараларының сақталуы туралы қалалық төтенше жағда­йлар басқармасының бастығы Жасұлан Түйменов баяндап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

– 2019-2020 жылы жылу беру маусымы бас­тал­ғалы өрт оқиғасынан 2 адам (2018-2019 жылы –6 адам) қаза болды. Өткен жылмен салыстыр­ғанда 2,6 есеге төмендеген. Өрт оқиғасынан 9 адам жарақа­т алды, оның біреуі – бала. Бұл көрсеткіш 80%-ға өскен, – деді қалалық төтенше жағдайлар басқармас­ының  бастығы.

Жасұлан Түйменовтың баяндауынша, тұрғындар арасында төтенше жағдайдың алдын алу бағытында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрмысы төмен және аз қамтылған 200 отбасыға көмірқышқыл газын анықтайтын арнайы датчиктер орнату жоспарланып, қосымша 300 датчикке тапсырыс берілген. Ал өткен жылу беру маусымында бұл датчиктер 198 отбасыға орнатылған.

– Бізге қаладағы әр тұрғынның өмірі қымбат. Өрт оқиғаларын болдырмау үшін түсіндірме жұмыстарын күшейту керек. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету біздің басты назарымызда болуы тиіс, – деді шаһар басшысы.

Қала әкімі басқарма басшысына көмірқышқыл және табиғи газды анықтайтын датчик орнату жұмыста­рын тиісті деңгейде жүргізуді жүктеп, қала аумағында орналасқан барлық әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандардағы өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында заңдылыққа сәйкес тексеру жұмыстарын жүргізуді, басқа да сала басшыларына өздеріне қарасты­ ғимараттардың эвакуациялық шығу есіктерінің оңай ашылуын және өрт қауіпсіздігін насихат­тайтын жадынамалардың көпшілікке көрнекті жер­лерде ілінуін, нысандарындағы алғашқы өрт сөндіру құралдарының жарамдылығын қатаң бақылауға алуды­ нықтап тапсырды.

Мәжілісте талқыланған екінші мәселе – мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарының барысы. Бұл туралы толығырақ қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы Руслан Намазбаев баян­дады. Өткен жылы қаладан көктемгі шақырылымда 144 азамат әскер қатарына алынып, бұл қажетті мөлшердің тек 62,6 пайызын құраған. Сонымен бірге әскери борыш­ын өтеуден себепсіз қашып жүрген 78 азамат қалалық полиция басқармасының іздеуіне іліккен.

– 2020 жылдың 1 тамызынан бастап осы уақытқа дейін әскерге шақырушыларға 1723 шақыру қағазы таратылды. Оның ішінде, студенттер – 384, мекенжайында тұрмайтындар – 360, үй есігін ашпайтындар – 365, шақырту қағазын алғандары – 616. Себеп­сіз келмей жүрген 78 әскерге шақырылушының тізімі Қызылорда қаласының полиция басқармасына іздеуге­ жөнелтілді. Барлық жұмыстар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтаумен өткізіледі. Осы мақсатта Қазантаев көшесі №19 үйде орналасқан қалалық шақыру пунктінің кіреберіс алдына дезинфекциялау туннелі орнатылса, пункт­тің ішінде медициналық бекет ұйымдастырылған, – деді қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарманың  басшысы.

Тиісті жұмыстарды дұрыс ұйымдастыра алмаған басқарма басшысының жұмысын сынға алған қала әкімі «күзгі мерзімді әскери қызметіне берілген тапсыр­ыс 226 азаматты құрап отыр. Берілген межені 2 ай ішінде 100%-ға жеткізу қажет» деп, кент және ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп жұмысты күшейтуді  тапсырды. Сондай-ақ, қалалық полиция басқармасына белгісіз себептермен әскерге шақыру комиссиясынан жалтарып жүрген азаматтарға іздестіру жұмыстарын күшейтіп, заңға сәйкес шаралар қабылдауды  жүктеді.

Мәжіліс соңында шаһар басшысы берілген тап­сырма­лардың мерзімінде және нәтижелі орындалуы тікелей өз бақылауында болатынын жетікізді. Сондай-ақ, жауапты мамандарды орнынан  тұрғызып, жұмыс нәтижесі  жеке-жеке  сұралатынын  нықтап айтты.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: