Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жолдау. 7 қағидат. 10 бағыт

09.09.2020, 15:10 2948

HALYQLINE.KZ Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын іске асыру үшін Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасын әзірледі. Жоба жаңа экономикалық бағдардың 7 негізгі қағидатына негізделген және 10 басты бағыт бойынша 143 іс-шарадан тұрады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Үкімет отырысында баяндады.

Бірінші бағыт – мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі

Мемлекеттік жоспарлау жүйесін одан әрі жетілдіру жоспарланып отыр. Тиімді кадр саясаты мен шешімдер қабылдау жүйесі қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін одан әрі арттыру мақсатында 2021 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшу жүзеге асырылады. Экономикаға мемлекеттің қатысуын азайту жөніндегі шаралар жалғасады. Барлығы 10 іс-шараны іске асыру жоспарлануда.

Екінші бағыт – жаңа жағдайдағы экономикалық даму.

Бұл бағыттың негізгі басымдығы өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және қазақстандық қамту үлесін ұлғайту. Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін дамытуға ерекше назар аударылады. Еліміздің көлік-транзит секторын белсенді дамыту жұмыстары жалғасады. Шағын және орта бизнесті, оның ішінде экономиканың зардап шеккен секторларын қолдау және дамыту жұмыстары жалғастырылады. Ақша-несие саясаты маңызды ынталандырушы рөл атқаратын болады. Салық міндеттемелерін орындауды оңайлату және көлеңкелі экономиканы азайту бойынша жұмыс жүргізіледі. Барлығы 42 іс-шараны іске асыру жоспарлануда.

Үшінші бағыт – теңгерімді аумақтық даму.

Өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға баса назар аударылатын болады. Өндірісті дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру әлеуетін ескере отырып, өсу нүктелері қалыптастырылады. Шекара маңындағы аумақтарда отандық тауарларды ілгерілету үшін ынтымақтастық кеңейтіледі. Барлығы 2 шараны жүзеге асыру жоспарлануда.

Төртінші бағыт – азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты – басты басымдық.

Азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алу және емделу үшін пайдалануға мүмкіндік беріледі. Жалға берілетін тұрғын үйді дамыту, әлеуметтік жағынан осал халықты жалға берілетін баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешені қабылданады. Әлеуметтік және демографиялық саясатты жетілдіру жалғасады. Барлығы 10 іс-шара жүзеге асырылады.

Бесінші бағыт– қолжетімді әрі сапалы білім.

Толыққанды оқу процесін қамтамасыз ету мақсатында Бірыңғай онлайн білім беру платформасы әзірленеді. Білім беру жүйесіне білікті кадрлар тартылады, педагог мәртебесі артады. Кәсіби білім беру еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыруға қайта бағдарланатын болады. Еліміздің ғылыми әлеуетін арттыруға ерекше назар аударылатын болады. Барлығы 16 іс-шараны жүзеге асыру жоспарлануда.

Алтыншы бағыт – денсаулық сақтау саласын дамыту.

Медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға және материалдық-техникалық жарақтандырумен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылатын болады. Ауылдық жерлерге қызмет көрсету үшін бастапқы медициналық-санитарлық көмек пен көліктік медицинаны белсенді дамыту жоспарлануда. Медициналық препараттардың отандық өндірісін дамыту жөнінде шаралар қабылданады. Барлығы 10 іс-шараны іске асыру жоспарлануда.

Жетінші бағыт – экология және биоалуантүрлілікті қорғау.

Минералдық-шикізат базасын, су шаруашылығын, балық кәсіпшілігін және ұлттық парктерді дамыту жөнінде кешенді шаралар қабылданады. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы саясатты жетілдіру жалғасады. «Жасыл өсім» және ұлттық экономиканы терең декарбонизациялау бойынша шаралар қабылданады. Барлығы 8 іс-шараны іске асыру жоспарлануда.

Сегізінші бағыт – әділетті мемлекет азаматтардың мүддесін қорғау жолында.

Үш буынды қылмыстық модель құрылып, қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық заңнаманың тұрақтылығы қамтамасыз етіледі. Жергілікті полиция қызметін одан әрі жетілдіру жалғасады. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қызметінің ашықтығы мен есептілігі артады. Барлығы 30 іс-шараны жүзеге асыру жоспарлануда.

Тоғызыншы бағыт – цифрландыру – барлық реформаның негізгі элементі.

Цифрлық теңсіздікті жою және интернетке барынша қол жеткізуді қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданады. Зейнетақы мен жәрдемақыларды тағайындау және төлеу цифрландырылады. Деректер базасының бірыңғай жүйесі құрылады. Барлығы 8 іс-шараны іске асыру жоспарлануда.

Оныншы бағыт – азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуы.

Азаматтардың мемлекеттік басқару мәселелерін шешуге белсенді қатысуын кеңейту мақсатында онлайн-петициялардың бірыңғай заңды институты құрылады. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау өткізіледі. Мәслихаттар қызметінің ашықтығы артады. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мәртебесі мен өкілеттіктері күшейтіледі. Барлығы 7 іс-шараны іске асыру жоспарлануда.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: