Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жол картасының» жақсылығын сезінген…

18.09.2020, 10:50 1453

HALYQLINE.KZ

Тіректі ауыл санатындағы Жанқожа батыр ауылында бірқатар мәселелер шешімін тапқан. Түнгі жарықпен безендірілген асфальт көшелер, ұстаздары мен шәкірттері білім мен өнер сайыстарынан қанжығасы құр қалмайтын еңселі мектеп, ауласында саялы талдар мен жеміс ағаштары, әсем гүлдері жайқалған руханият ордасы мәдениет үйі мен кітапхана, ауыл емес кейбір аудан орталығының тұрғындарына арман болған зәулім спорт кешені, айшығы күнмен жарқыраған келісті мешіт, жасыл желегі жан сарайыңды ашқан саябақ тағы басқа нысандар «пах, шіркін, айтса айтқандай екен» дегізері даусыз.

Әрине, бұл суреттеуге қарап Жанқожа батыр ауылында ешқандай түйінді түйткіл жоқ деу артық соғар. Жұмыссыздық жайы, кейбір басқа да мәселелер кездесетінін кімнен, несіне жасырамыз?! Десе де, алдағы уақытта бұл тақырыптар да кезең-кезеңімен жүзеге асарына үміт басым. Айтпақшы, тұрғындардың біршама жылдан бері алаңдаушылығын туындатып, сағызша созылып келген ауызсу құбырын сервистік жүйеге қосудың да алғы шарты дайындалып қойған сыңайлы. 

Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаев – өз жұмысының жайына қанық, салғырттықты жаны қаламайтын басшы. Демалыс екеніне қарамастан бұл күні де егін алқаптарын аралап кеткен екен. Орайын тауып тілдестік. Қолынан жұмыс келетін адамның көбік сөзден гөрі нақты істі оңай көретіні мәлім ғой.

Біздің сауалымызға Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаев:

– Ауыл – алтын бесігіміз. Ал бесігін бағаламас адам кездеспесі анық. Мемлекет тарапынан ауылға жасалып жатқан нақты қолдаулар баршаға аян. Мұндай игі көріністі шалғай елді мекендерден де анық байқауға болады, – деп қысқа да нық жауап қайырды.

Жанқожа батыр ауылындағы өзіміз көзбен көрген көріністер Мұрат Нәлхожаұлының сөзін жандандыра түсті.

Қолдағы мәліметте «Қазіргі таңда Арықбалық ауылдық округінде 1692 адам тұрады. Оның ішінде 39 жұмыссыз, 595 өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам бар. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының екінші бағытымен «Бастау-Бизнес» жобасы аясында стартап жаңа бизнес идея жобасы бойынша қайтарымсыз несие иеленген 7 тұрғын мал шаруашылығын дамыту мақсатында кәсіпкерлігін бастаса, Тұрар Мұстафаев қой өсіру үшін «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы несие алды. «Қазалы-Несие» ЖШС арқылы «Орынтай» шаруа қожалығы 7 млн теңге, «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы арқылы «Аян» шаруа қожалығы 6,8 млн теңге несиеге қол жеткізді. Ал «Қалнияз Жұмабек» шаруа қожалығы 7,5 млн теңге, «Руслан» шаруа қожалығы 30 млн теңге несие алуға құжаттарын тапсырды» дейді.

Теңге тұрмақ, тиынның табылуы қиын дәл қазіргідей сәтте дала перзенттерінің мұндай қаржыға қол жеткізуі Қазалыдағы ел ағаларының біліктілігінің жоғары екенін паш еткендей.

Тіректі елді мекендегі жағымды жаңалықтар легі мұнымен толастамайды. Ауыл орталығындағы Егізбай және Достық көшелеріне асфальт жол салу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Нақты кезеңде қиыршық тас төселу үстінде. Ақ шағыл құмға төселген қиыршық тас біршама уақытқа дейін шыдас беретіні сөзсіз. Толық аяқталғанда ауылдың ажарына сән қосатын бұл шаруаға жұмыссыз жүрген ауылдың 15 тұрғыны жұмыспен қамтылғанын білгенде қатты қуандық. Тағы бір сүйсінерлігі, соңғы жылдардың өзінде ғана Жанқожа батыр ауылында 15 жаңа тұрғын үй бой көтерген.

Ауылдық мәдениет үйіне «2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инженерлік-көліктік инфрақұрылым объектілерді жөндеу және елді мекендерді абаттандыру бағдарламасы бойынша облыстық бюджеттен 12 250 мың теңге қаржы қарастырылып, ағымдағы жөндеу жұмыстарын «ГД-2015» құрылыс компаниясы жүргізіпті. Қаралған қаржыға ғимарат шатырының 700 шаршы метрін металлочерепицамен ауыстыру, шатырға карниз, суағар орналастыру, көрермендер залының еденін сырлау, ғимараттың 3 бөлмесінің еденін цементті сұйықтықпен тегістеу және бөлмелерінің еденіне керамикалық плитка төсеу өзге де бірқатар шаруа тындырылыпты. Сахналық қойылымдарға арналған сахналық жарықтандыру (прожектор) орнатылып, жылу жүйесінің жолына регистор құбырмен толықтырылыпты. Осылайша ауыл өнерпаздарына үлкен қамқорлық көрсетілген сыңайлы.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: