Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ұлы көштің» уақыты келді

06.05.2020, 15:35 613

ҚР президенті Қ.Тоқаевтың,

Үкімет басшысы А.Маминнің,

Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевтің назарына!

Барлық тасқыннан жапа шеккен елдімекендердің тұрғындарын солтүстікке көшіруді ұсынамын. Бұл ойдың дұрыстығын көрсететін 10 себепті айтайын.

1) Су басқан аймақтарда судың биіктігі 1-3 метрге дейін жеткенін білеміз. Ол судың орнына дәл биыл құрылыс жұмыстарын жүргізу қаншалықты дұрыс?

2) Жерасты суының жоғарғы қабаты өте жақын орналасқан. Дарияның суы көтерілгенде ол өзгеріп отырады.

3) Су басқан аймақтың орнына қанша уақыттан кейін құрылыс салуға болады?

4) Адам саны тығыз орналасқандықтан, жер телімдерінің тапшылығы жоғары.

5) Болашақта болуы мүмкін апаттар зардабының қаупі жоғары болып қала бермек.

6) Толық қалпына келтіру жұмыстарына кететін шығынның көптігі. Өйткені, фундаменттен бастап шатырына дейін сапалы құрылыс жұмысын жүргізу, көп қаржыны талап етеді.

7) Солтүстіктегі босап жатқан ауылдардан тегін үй мен жер беріп, диқаншылық жұмыстарымен айналысуларына мемлекеттік қолдау жасалса, ауыл-аймақ болып көшіп барып сіңісулері жеңіл болмақ.

8) Ол жаққа барғанда кадрлык тапшылық болмайды. 30 000 жанұяны солтүстікке көшіру арқылы, сол жақты қазақыландыруға үлкен екпін береді. Өйткені, мүғалімідер мен әкімшілік қызметкерлері, медицина мамандары, құқық қорғау сала қызметкерлерінің барлығы сол көшпен бірге барады.

9) Ол жақта диқандардың өнімдерін Ресейдің нарығына шығаруға оңай әрі шығыны да аз болмақ. Бұл – өнімнің Ресей нарығындағы бағасын азайтып, бәсекелесуге өте жеңіл болады деген сөз.

10) Диқандардың барлығының шығындарын есептеп, солтүстіктегі жаңа өмірлеріне бағыттап, сол жақта тұрақтап қалуларына барынша жағдай жасалса (интернет, газ, су, т.б), келешекте солтүстікке көшетін халықтың саны артатынына сеніммен қарауға болады.

Бұл ұсыныстың мемлекеттік, стратегиялық маңызы бар. Үкіметтің қолындағы өз ресуростарын пайдалана отырып бұл жобаны іске асыру, соншалық қиын шаруа емес. Ол үшін ең бірінші кезекте атқарылуы тиіс:

1) Ауылдың белсенді азаматтары мен ақсақалдары, журналист-блогер, әкімшіліктің жауапты мамандарынан құралған топ жасақтап, солтүстік облыстардағы аудандағы басшыларымен кездесіп, жер-су мәселелерін зерттеп қайтуға арнайы делегат жіберілуі керек.

2) Сол жақтағы мүмкіндіктер мен жеңілдіктер жайлы жүйелі түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек.

3) Солтүстік және оңтүстік әкімдері тұрақты тығыз байланыс орнатып, көшіп барған халықтың жай-күйіне 2-3 жылға дейін бірдей жауапкершілікпен қарауы керек.

СЕҢ ҚОЗҒАЛСА, КӨШТІ ЖҮРЕ ТҮЗЕТІП АЛУҒА БОЛАДЫ. Қазақстанның көптеген қоғам белсендісі осы іске көмектесуге дайын!Алып-қосар ойларыңыз болса, мархабат!

Рустем АШЕТАЕВ,

«Байтақ болашақ» республикалық экологиялық

алянсының Шымкент қалалық төрағасы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: