Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Транзит һәм қолда бардың қадірі…

10.06.2020, 12:25 542

Былтыр, дәл осы 9 маусым күні бізде президент сайлауы өтіп еді. Бүкілхалық сайлаудың дүбірі де, дүрбелеңі де аз болмады. Себебі, 09.06.19 деген сандарға «байланған» бұл таңдауға отыз жыл билік тізгінін қолына ұстаған Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан жоқ.

«Nur Otan» партиясы кандидат ретінде Тоқаевты ұсынды. Сайлауға Қазақстан халқының 77,4 пайызы қатысты. Ресми дерек бойынша сол дауыс бергендердің 70,96 пайызы Тоқаевты таңдаған.

Қазір қазақтың алдында «тәуелсіздікті сақтап қалу» деген үлкен мақсат тұр. Ол үшін идеологиялық тұрғыда мемлекеттік сана, отаншылдық, азаттық деген ұғымдардың мәнін терең ұғындыратын кешенді жұмыстар жүруі керек деп ойлаймын.

Рас, елде түрлі пікірлер айтылып жатады. Бірақ, қазір қапелімде Қазақстандағы бірнеше кландар қақтығысып қалып, бейкүнә халықты жапа шектірмеуін ойлау маңызды. Кез келген саяси бүлік мемлекетке хаостық ахуал туғызады. Сондықтан да, революциялық емес, эволюциялық дамуды, таза дипломатияны берік ұстана алатын биліктің болғаны қара халыққа тиімді.

Қазір заман өзгерді. Өзін оппозиция санайтындарға да, биліктің құлағын ұстап отырған шенділерге де бұрынғы коммунизмнің «шалығы тиген»… Осы әлеуметтік желідегі саяси пікірлерге қарап отырсаңыз, нақты мемлекетті дамытудың, демократиялы ел етудің бағдарламасын жасап, сауатты күресіп жүрген бір адам таппайсыз. Құр айғай! Текке, атқа тиісу, жеке бастың әңгімесі, сосын өсеги-пайымдар ғана бар.

Кімнің халықшыл, кімнің отаншыл екенін ажырата алмайтын осындай алмағайып заманда тәуелсіздіктен кейінгі жас ұрпақ құрғақ айғайға еріп кетпейтіндей, ілім мен білімге, ғылымға, өндіріске жол ашуды ойламақ керек. Тоқаевтың президент болған бір жылында осы бағытта бірқатар жұмыстар істеп жатқаны байқалды.

Бір қызығы, қазір оппозициямыз деп жүрген адамдардың өзінің жаңа президентке деген «симпатиясы» бар екенін көріп жүрміз. Бұл орайда Назарбаевтың таңдауы Тоқаевқа түскені, өзінен кейін президенттікке осы адамды лайық деп тануы тегін болмаса керек.

Мен осыдан бірер жыл бұрын өзбектердің билік транзитін ың-шыңсыз өткізгеніне риза болып едім. Содан бері «біздегі транзит қалай болады?» деген сауал жиі мазалайтын. Қазір көңіл орнына түсе бастады. Осыған іштей қуану да керек шығар… Қолда бардан айырылып қалмай, жоқты іздеу, кешегі мен бүгіннің сабақтасқан жібін үзіп алмай, мемлекетті сақтап қалу – қазаққа қажет қарекет.

Арыс, Қордай, коронавирус секілді ауыр апаттар Тоқаевты сынға алды. Меніңше, сол сын уақыты оның позициясын мығымдай түсті. Ендеше, білімді саясаткердің позициясының мығымдалуы бабалар аңсаған тәуелсіз еліміздің шаңырағының шайқалмауының кепілі болсын деп тілейік!

Қанат  ӘБІЛҚАЙЫР.

Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: