Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тоқаевтың «тоқпағы» мен тоқтамы

14.05.2020, 11:30 442

HALYQLINE.KZ  «Батпандап кіріп, мысқылдап шығып» жатқан дерт әлем жұртының үрейін туғызғалы жарты жылға жуықтап қалды. Қалыпты өмір сүру дағдысынан бір сәтте ажырап қалған халық үрей мен қорқыныш құрсауынан шыға алмай отыр. Жер бетіне жайылған жаман дерттің бір ғана жақсылығы – аурудан адамдардың айыққаны. Қалған жаңалықтары болымсыз түрге ауысқан. Мәселен, сырқат салдарынан соңғы демі үзілгендер, құлдыраған өндіріс орындары, жұмыссыз қалған халық, табысынан айырылған кәсіпкер, үзеңгісі үзілгелі тұрған экономика әлеуметтік теңсіздік көр­сеткішін де түсіріп тастады. Бұл сынақ Қа­зақстан экономикасын айналып өткен жоқ.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәлі­метіне сүйенсек, негізгі құлдырау сәуір айында­, яғни бүкіл ел бойынша карантин шаралары енгізі­лген кезде байқалған. Жалпы алғанда, сау­да саласы ағымдағы жылдың сәуірінде өткен жылдың салыстырмалы кезеңіне қарағанда 34,8%-ға, оның ішінде бөлшек сауда 44,7%-ға, көтерме  сауда  27,8%-ға  төмендеген.

Естеріңізде болса, сәуірдің басында-ақ Еуропа комиссиясы шектеулі қозғалысты 15 мамыр­ға дейін ұзартуды ұсынған еді. Оған себеп, Еуропа елдерінде күн санап аурудың ошағы ұлғайып­ отырғаны. Дәл осындай себеппен 16 наурыздан бастап қатаң талап пен тәртіпке көшкен Қазақстан төтенше жағдай режимін 11 мамырда алып тастады. Бұл індеттің қаупі тарады дегенді біл­дірмейді. Әлем бойынша коронавирусқа қарсы күрес әлі де жалғасуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бүгінде әлем бойынша 3,5 миллионнан астам адам «COVID-19» инфекциясын жұқтырып, 250 мыңға жуық адам осы ауру салдарынан көз жұмған.

ПРЕЗИДЕНТТІҢ   ПАЙЫМЫ   ҚАНДАЙ?

Сәуірдің басынан бастап күніне орта есеппен 80 000 жаңа жағдай тіркелген. Әсіресе, Шығыс Еуропа, Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия, Шығыс Жерорта теңізі мен Америкада аурудың күн сайын өсуі байқалуда. Одан өзге жекелеген елдердің өзінде ауруды ауыздықтай алмай отырғаны қаншама?! Бұл ретте Қазақстан президенті Қ.Тоқаевтың тоқтамы һәм пандемияға қарсы жариялаған шаралары мейлінше маңызға ие. Апта басында елдегі ахуалға байланысты президент мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысын өткізді. Онда індеттің шарықтау шегінен өткенмен, карантин талаптары қатаң сақталу керектігі айтылды. Сонымен президенттің пайымы қандай?

 – Экономиканың тұтас салалары тоқырауға ұшырап жатыр. 400 миллионнан астам кәсіпорын банкрот болудың алдында тұр. Әлемдегі еңбекке жарамды халықтың жартысына жуығының табысы азайды. Сарапшылар жаһан экономикасы соңғы жүз жыл ішінде болмаған деңгейге түсетінін болжап отыр. Осындай жағдайға қарамастан, еліміз бірқатар басымдыққа ие болып отырғанын айтқым келеді. Бізде қаржы резерві жеткілікті және мемлекет қарызының көлемі мүмкіндігімізге орайлас. Ең бастысы, біз жаңа ахуал жағдайында жұмыспен қамтамасыз ету және экономикалық тиімділікті арттыру үшін ресурстарды қайда жұмсау керектігін білеміз, – деді ел президенті комиссия отырысында.

Рас, соңғы екі ай көлемінде қыж-қыж қайнап жатқан тіршілік кілт тоқтап, қоғамдық орындардың жұмысы шектеліп, халықтың емін-еркін жүруіне тыйым салынған еді. Төтенше жағдай жарияланғалы халықтың денсаулығын қорғау, табысын арттыру, бизнес өкілдерін қолдау үшін 500-ге жуық шешім қабылданған. Бұған дейінгі қол қойылған нақты алгоритмінің нәтижесінде індеттің таралу ауқымы бәсеңдегенмен, 5300-ге тарта адам дерттің құрығына ілінген. Әне-міне дегенше карантин мерзімі аяқталады деп үміттеніп жүрген тұрғындар үшін қатаң тәртіптің сәл жеңілдетілгені болмаса, таразы басын қауіптің басып тұрғаны айқын. Оған қоса әлем бойынша ұзаққа созылуы мүмкін деген болжамдар да жиі айтылып жүр. Бүгінгінің күн тәртібінде тұрған экономикалық дағдарыс, рецессия мәселесінің мысымызды жеңіп тұрғанын тағы мойындауға тура келеді. Карантиндік шектеулер алынғалы 1 миллионнан астам адам жұмысына қайта оралған. Әлі де есігі құлыптаулы нысандар жеткілікті.

ҚАУІП   һәм   МҮМКІНДІК

Төтенше жағдай жарияланғанда мемлекет халықтың табысын жоғалтқан бөлігіне 42500 теңге көлемінде әлеуметтік жәрдемақы тағайындады. Төлемге құжат қабылданғалы бері 4,5 млн қазақстандық осы көмекті алған. Одан бөлек, көпбалалы, тұрмысы төмен, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларына қосымша қаржылай қолдау көрсетілді. Бұл да – ТЖ уақытында қабылданған көпбағытты тенденциялардың бірі. Әлем сарапшылары пандемия салдарынан туындаған экономикалық дағдарысты алапат  болады дегенге сендіріп отыр. Ескегіміз қолда қалып, қайығымыз суға кетпес үшін ел тізгінін ұстап отырған президент қандай амал қарастырды? Бұл туралы өзі де айтқан еді.

 – Салықтық преференциялар мен жергілікті деңгейдегі қолдауларды есепке алмағанда дағдарысқа қарсы шаралардың жалпы пакеті 4,4 трлн теңгені немесе 10 млрд долларды құрайды. Бұл қаражатты дұрыс жұмсау арқылы біз дағдарысты жеңетініміз сөзсіз. Дағдарыстың  екі  жағы бар.  Біріншіден, әлбетте, бұл – қауіп, екіншісі – мүмкіндік. Індет, дағдарыс дегеніміз – уақытша, өтпелі нәрсе. Біздің алдымызда тұрған мақсат – мүмкіндікті барынша пайдалану, осы дағдарыстан аман-есен шығып, одан да мықты болу, – деген еді ел президенті Ақордада Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында.

Жекелеген аймақтардағы ахуалға келсек, төтенше жағдай режимі алынғанмен, карантин мерзімі әлі де созылуда. Өйткені жұқпалы дерттің қаупі сейілген жоқ. Кей шектеулер алынып, карантин талабы жеңілдетілгелі жұқтырушылар саны күрт өскен аймақтар да бар. Мәселен, Қызылорда облысында бұған дейін қалалық қатынаста жүрген қоғамдық маршруттар бастапқыда шектеулі уақытпен жүрсе, енді толық жұмыс күніне көшті. Шағын нысандардың жұмысы жанданып, көптеген кәсіпорындардың 80 пайыз қызметкерлері жұмысқа қосылды. Жазылып шыққандар саны артқанмен, вирус жұқтырғандар да қосылуда. Осыған байланысты облыста эпидемиологиялық ахуал тұрақтанғанға дейін карантин уақыты ұзартылды.

Пандемия салдарынан ұзақмерзімді перспективалық жоспарының сызбасын жаңадан сызып отырған тек Қазақстан емес. Қытай, АҚШ, Франция, Корея секілді елдер де осы тізімге іліккен. Бір өкініштісі, әлемнің өзге елдері секілді Қазақстан барлық кәсіпорындар мен жұмыс орындарын сақтап, әр істің тұрақтылығын қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан төтеннен соққан дауылдың экономиканың төтенше жағдай режимі кезінде ең көп зардап шеккен салалары үшін форс-мажорлық жағдай ретінде мойындаудың маңызы зор. Ал дүниежүзінің денсаулық сақтау шығындары әлемдік жалпы ішкі өнімнің 10 пайызына, яғни 7,5 трлн АҚШ долларына жеткен.

Айтпақшы, елдегі төтенше ахуалдың кезінде Тоқаевтың пәрменімен алдымен Сенат төрағасы қызметінен босатылып, ізінше бірнеше «креслоның» иелері ауысты. Мұнысы біреуге «ұр тоқпақ» боп көрінсе, біреуге ер-тоқымын бауырына алып тулағандай күй қалдырды.

Н.ҚАЗИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: