Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ТОҚАЕВ ТАПСЫРМАСЫ жемқорлыққа тұсау бола ала ма?

27.08.2020, 10:10 669

Ғалым   Смағұлұлының   карикатурасы

Transparency International (TI) халықаралық ұйымының 2019 жылғы Жемқорлық индексінде Қазақстан 180 елдің ішінде 113-орында тұр. 2018 жылмен салыстырғанда Қазақстан 2019 жылы 11 сатыға жоғарылаған. Биылғы жылдың алғашқы 7 айындағы жағдай да көңіл көншіт­пейді. Ақпараттарға сүйенсек, сыбайлас жем­қор­лық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартыл­ған адамдардың саны (қылмысты саралау­ туралы қаулы шығарылған адамдар) 912-ні құраған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11%-ға көп. Олардың ішінде 2 облыс әкімі бар. Өзекті мәселені шешуді­ң  жолы  қайсы?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 19 тамыз күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес  мәселелері  жөніндегі  кеңес  өткізді.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – еліміздің стратегиялық дамуындағы негізгі басым­дықтардың бірі. Бұл – менің берік ұстанымым және сайлауалды  бағдарламада  халық­қа берген уәдем. Осы жұмыста ешқандай көз­бояушылыққа, «бармақ басты, көз қысты» әрекет­терге жол берілмеуге тиіс. Талап қатаң болады­. Өткен жылмен салыстырғанда жем­қорлық әрекеттері үшін жауапқа тартылған адамдардың саны 11 пайызға артқан. Ашығын айтқанда, қазір күнделікті жаңалықтардан түрлі деңгейдегі шенеуніктердің сыбайлас жем­қорлыққа байланысты заңбұзушылықтары үшін ұсталып жатқаны туралы оқитын болдық.

Бөлініп жатқан қаражат мұқият әрі тиімді жұмсалуға тиіс. Бұл – әр теңге өзінің мақсатына сай жұмсалуы керек деген сөз. Әсіресе, қазіргі жағдайда еш пайдасы жоқ және қажетсіз іс-шарала­рға қаражаттың шығындалуына қоғамның қалай қарайтынын көріп отырмыз. Сондықтан, мұндай мәселелерге болары болып, бояуы  сіңгеннен  кейін емес, алдын ала мән беру – өте  маңызды, – деді президент.

Жиында мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлық бойынша сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға заң жүзінде тыйым салуды тапсырды. Демек, бұдан былай жемқорлықпен шатылған ақжағалылар бұрынғыдай амнистияға «іліне» алмайды. Сот бекіткен жазаны­  толық өтеп шығуы тиіс. Осыған дейін ірі көлемде ақша жымқырып, жылға жетпей бостан­дыққа  шыққан  шенеуніктер  жетерлік.

Апта басында Ranking.kz жобасының сарапшылары Қазақстанның қай аймағында параға байланысты қылмыстар көп болғанын айтты.­ Өткен айларда параның көп бөлігі алынған Батыс Қазақстан облысында 100 жағдай анықталды. Алматы мен Шығыс Қазақстан облысы алғаш­қы үштікке енді: әр облыста 75 қылмыстан  тіркелген.

Президенттің тапсырмасынан кейін жемқорлар аяқ тарта ма? Ақ-қарасын уақыт еншісіне қалдырдық.­..

Қозы  Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: