Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Теңізді өңірдегі өрелі істер

17.12.2020, 12:20 1038

HALYQLINE.KZ

Жылдан жылдың жүгі ауыр. Өтіп бара жатқан жылдың өзіне тән қиындығы, ерекшелігі болғаны баршаға белгілі. Шартарапты дүрбелеңге салған кесел салқыны Арал аймағына да тиді. Бұған дейін де сан мәрте сынаққа төтеп берген теңіз перзенттері сыр бермеді. Мұндағы сан саланы қамтыған тіршілік тіні қалыпты тарқатылуда.

Газет тілшісінің Арал ауданы әкімі Мұхтар Оразбаевпен жасаған сұқбатында теңізді өлкедегі тындырылған толымды тірліктер, алдағы уақытта межеленген жұмыстар көпшілік назарына ұсынылып отыр.

– Мұхтар Әуесұлы, облыс орталығынан шалғай орналасқан теңізді аймақтың биылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері қандай? Жыл парағы қандай жақсы істермен жабылғалы тұр?

– Дұрыс айтасың, жылды қорытындылайтын уақыт та жақын қалды. Статистикалық деректерге көз жүгіртіп, жеткен жетістіктерімізді саралайтын болсақ, аудан дамуында оң  динамика байқалды. Нақты айтқанда, жыл басынан бері 10,7 млрд теңге инвестиция тартылған. Аудан бюджетінің нақтыланған жалпы түсімі 22,9 млрд теңгені құраса, төртінші деңгейлі бюджеттің енгізілуіне байланысты дербес бюджеті бар 24 қала, кент және ауылдық округінің бюджеті 2,7 млрд теңгені құрады.

Жыл басынан бері өнеркәсіп орындары 13,3 млрд теңгеден артық өнім өндірсе, агроөнеркәсіп кешеніндегі жалпы өнім көлемі 10,1 млрд теңгені құрап отыр. Құрылыс саласында барлығы 2,7 млрд теңгені құрайтын 17 жоба іске асырылуда. Бұл бірлік пен сабырлыққа жүгінген аудан халқының несібесі деп білемін.

– Сәлемдесуді мал-жанның амандығынан бастайтын ағайынға ауылшаруашылығы саласы тонның ішкі бауындай жақын екені белгілі. Аралдың табиғаты мал шаруашылығына қолайлы. Ендеше осы саланың қазіргі жағдайына тоқталып өтсеңіз.

– Агроөнеркәсіп кешеніндегі жалпы өнім көлемі 8,2 млрд теңгені құрап, былтырғымен салыстырғанда 102 процентке артты. Зер салсақ, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара, жылқы, түйе, қой мен ешкі басы өскені байқалады. Ауданда 26 заңды тұлға мен 856 шаруа қожалығы бар. Оның ішіндегі 7 ауыл шаруашылығы құрылымы асылтұқымды мал өсірумен айналысады. Сондай-ақ, 1 акционерлік қоғам, 26 кооператив, 14 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 1 мемлекеттік мекеме жұмыс істейді және 849 шаруа қожалығы тіркелген.

Мал шаруашылығы өнімдері де көбеюде. Қазір 7 асылтұқымды ірілендірген шаруашылық бар. Олардың ішінде 2 шаруашылық қазақтың ақбас сиыры тұқымын өсірумен айналысса, 4 шаруашылық асыл тұқымды қазақ жылқысын, 1 шаруашылық «Мұғалжар» тұқымды жылқысын және қос өркешті (бактериян) түйе өсірумен айналысады. Оған қоса, «Берекет», «Ықылас» шаруа қожалықтары асылтұқымды «Қазақтың ақбас сиыры» тұқымын өсірумен айналысады. «Берекет» шаруа қожалығында 450 бас, «Ықылас» шаруа қожалығында 500 бас асылтұқымды ірі қара бар. Шаруашылықтар жыл сайын барлық аудандарға және ауылдарға 80-100 басқа дейін ақбас сиырдың бұқашығын сатып келеді.

Биыл Жіңішкеқұм ауылдық округіндегі «Ажигулов Зинет» шаруа қожалығы Арал қаласындағы «Арал ырысы» кредиттік серіктестігі» ЖШС-дан 16 млн теңге несие алды. Ақтөбе облысы, Мартөк ауданындағы «Есбол» шаруа қожалығынан сүт бағытындағы 50 бас асылтұқымды «Красная степная» сиырын және 2 асыл тұқымды бұқа әкеліп, шаруасын дөңгелентіп отыр.

– Халықтың тұрмыс-тіршілігіне баға тұрақтылығының тигізер әсері баршаға аян. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

– Бағаны тұрақтандыру мәселесі қай кезде де басты назарда. Бұл ретте әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі негізгі азық-түлік бағасына үнемі мониторинг жүргізілуде. Соның ішінде нан бағасын тұрақтандыру мақсатында «КZ-MBK» ЖШС ұн тарту комбинаты, 1-сұрыпты «Аралым» ұнын келісі 130 теңгеден (1 қабы 6500 теңгеден) наубайханаларға ұсынуда. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласында 1 рет, Қызылорда қаласында 3 рет және аудан орталығында 8 рет барлығы 12 мәрте ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілді.

– Экологиялық сауықтыру бағытында қандай жұмыстар бар?

– Осы жылы республикалық бюджеттен «Көкарал бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің арнасын қалпына келтіру»  жобасының құжаттарын әзірлеуге тиісті қаражат бөлінді. Бүгінде тиісті жұмыстар атқарылуда. Биыл Жаңақұрылыс ауылдық округіндегі «Нұралы» жарма каналының экологиялық жағдайын және сумен қамтамасыз етілуін жақсарту үшін су тоспасын салудың жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге облыстық бюджеттен қаржы қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Оған қоса, Бекбауыл ауылдық округіндегі «Кеңесарық» каналына су тоспалары салынып, тазалау жұмыстары толығымен аяқталды. Бөген ауылдық округіндегі «Домалақ» каналының жер актісі, техникалық құжаттары және бағалау жұмыстары құжаттандырылуда.

– Арал десе көз алдымызға шалқыған теңіз, тайдай тулаған балық елестейтіні анық. Бүгінде Аралдың балығы бірнеше шет мемлекеттермен қатар, Еуропа елдеріне дейін экспортталып жатыр. Балық шаруашылығы саласындағы тың жаңалықтармен бөлісе отырсаңыз?

– Қазір балық шаруашылығы ауыл шаруашылығының маңызды буыны болып қалыптасты деп толық айта аламыз. Балық шаруашылығы өңір экономикасының дамуына және халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, оларды жұмыспен қамтамасыз етуде маңызды болып отыр. Себебі, Арал теңізі мен Сырдария өзенінің жағасында тұратын жергілікті халықтың өмірі мен тұрмысы балық аулаумен тығыз байланысты.

Ауданда балық аулау көлемі жыл сайын артуда, 2000 жылмен салыстырғанда 20 есеге өсіп, қазір 400-ден 8000 тоннаға жетті. Аудан аумағында Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 20 көл бар. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясы Арал инспекциясы бөлімінің   мәліметі бойынша қазан айының 1-іне дейін ауланған балық 4450 тонна болса, аудандық статистика басқармасының жедел мәліметі бойынша  өңделген балық 4372 тоннаны құраған.

Аулау көлемінің өсуі өңдеу саласының дамуына мүмкіндіктер жасады. Балық  шаруашылықтары мен өңдеу кәсіпорындарында мыңдаған адам жұмыспен қамтылды. Ауданда жылдық қуаттылығы 19900 мың тоннадан асатын 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді.

Таратыңқырап айтсақ, «Арал балық өңдеу зауыты», «Арал СДО», «Камбала балық балықшылар өндірістік орталығы», «СДО Қарашалаң» ЖШС-нің балық өңдеу зауыттары терең өңдеумен, «Ар-М-Кон», «Бөген СДО», «Қуаныш», «Жалғасбай» шағын зауыттары қатыру, мұздату және ыстау сияқты жеңіл өңдеумен айналысады.

Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін Еврокод белгісі екі кәсіпорында – «Арал балық өңдеу зауыты» ЖШС мен «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС-да бар. Биыл Ақбасты елді мекенінде екі бірдей балық цехы іске қосылды. Оның бірі 100 тоннаға дейін ауланған балықты сақтаса, екінші цех күніне 40 дана балық консервісін дайындауда. Қазан айындағы мәліметке сәйкес 1807 тонна балық өнімдері Ресейге, Польша, Қытайға, Германия, Грузия елдеріне экспортқа шығарылды.

Аудан орталығынан 120 шақырым қашықтағы Қосжар ауылындағы «Қамыстыбас» питомнигі мен оның «Тастақ» учаскесінде балық өсіруге арналған арнайы инкубациялық цехтар бар. Облыс көлемінде табиғи су айдындарының балық қорын көбейту мақсатында республикалық бюджеттен жыл сайын Кіші Арал теңізіне,  «Ақшатау» көлдер жүйесі мен «Приморский», «Қамыстыбас» көлдер жүйесіне осы «Қамыстыбас балық питомнигі» РМКҚ арқылы 14 млн 800 мың дана бір жылғы шабақ және 420 мың екі жылғы шабақ өсірілуде.

Аулау мен өңдеуден бөлек балық өсіру бағытындағы жобалар бар. Мәселен, «Арал теңізі» балықшылар қоғамдық бірлестігінің бастамасымен балық қорын көбейту мақсатындағы жоба жемісін берді. «Ғаламдық экологиялық қордың»  қаржылай қолдауымен Ақшатау ауылында көлемі 16х30 метр болатын инкубациялық цех салынды. Бұл цехқа Ресейден әкелінген УЗВ (тұйықталған сумен қамтамасыз ететін балық өсіру қондырғысы) аппараттары қондырылды. Жобаның жалпы құны  26 млн теңгені құрайды. Жоба авторы «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің директоры Айнагүл Баймаханова. Серіктестері – «Жамбыл» өндірістік кооперативі, жеке кәсіпкер Төребек Игіліков. Бірлесе атқарылатын жұмысты орындаушы – «Қазалы Уазис» қоғамдық бірлестігі.

Өткен жылы ашылған цехтан биыл 40 миллион дернәсіл су айдындарына жіберілді. Олардың 23 миллионы тісті болса, қалғаны – карп балығы. Атап өту қажет, цехта балық қолдан ұрықтандырылып, одан шыққан уылдырық дернәсілге айналып, тұйықтандырылған бассейндерде жаз бойы қоректендіріледі, су айдындарына жіберіледі.

– Кәсіпкерлікті дамытуда теңіз төскейінде қандай жұмыстар атқарылуда? Жалпы кәсіпкерліктің сандық және сапалық даму деңгейі қалай? «Кәсіп ашамын, бизнес жасаймын» деген азаматтардың белсенділігі, оларды қолдау жағы қалай?

– 1 қарашадағы мәлімет бойынша аудандағы шағын және орта бизнес субъектілері 4150-ді құрады. Оның ішінде жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 3640-қа, яғни 87,7%-ке жетті.

Өз кәсібін ашуға ынталы жандар баршылық. Кәсіпкерлерді мемлекет тарапынан несиелендіру жұмыстары да бөтен емес. Атап өтсем, өңірде барлық қаржы институттары арқылы 774,9 млн теңгені құрайтын 123 жоба несиелендірілді. Сондай-ақ, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған 200 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз гранттық қаржыландыру («Еңбек» бағдарламасы) жобасы бойынша 314 адамға 172,6 млн теңге, инновациялық тұрғыдағы (БЖК-2025 бағдарламасы) 2 бизнес жобаға 4 млн теңге көлеміндегі қолдау көрсетілді.

Жыл соңына дейін қаржыландырылатын жобалар бар. Сонымен қатар «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 246 азамат, «Бизнес кеңесші» бағдарламасы бойынша 46 адам оқудан өтті.

Индустрияландыру бағдарламасы аясында құны 101,8 млрд теңгені құрайтын, іске қосылғанда 1389 азаматты жұмыспен қамтитын 6 жоба жүзеге асырылуда.

Оның ішінде «Арал» сервистік дайындау орталығы» ЖШС «Тауарлы балықты өсіру және тереңнен өңдеу кешенін кеңейту» жобасының 1-кезеңі бойынша Арал қаласында орналасқан цех және 4-кезең бойынша Бөген ауылдық округіндегі мұздату цехы, жатақхана пайдалануға беріледі. «Қазақстан Аквакультура ЛТД» ЖШС-нің «Балықты тереңінен қайта өңдеу зауыты мен пластикалық қайық жасау цехын салу» жобасы жақын арада іске қосылады деп күтілуде.

Сондай-ақ, «Аралтұз» АҚ-ның «3-Испан цехын салу»(жоба құны – 3 млрд теңге) және «Qazaq Camel» ЖШС-нің «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау цехы» (Жоба құны 1,5 млрд. теңге) жобаларының құрылыстары басталды. Олар 2021 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Мұнымен қатар, «Дана Кварц» ЖШС-нің «Арал ауданында кварц құмын тау-кен байыту комбинаты» жобасы толық қуаттылықта іске қосылады деген жоспар бар.    

Аудан аумағынан өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік дәлізі бойынан 4 жол бойы сервистік нысаны қызмет көрсетіп келсе, бұған қосымша жеке кәсіпкер Т.Жалғасбековтың бастамасымен «С» және «Д» санатындағы жол бойы сервистік қызмет көрсету кешені осы желтоқсан айының ішінде жолаушылар игілігіне берілмек.

– Қала келбетінен біршама өзгеріс байқалады. Аудандағы құрылыс саласындағы жұмыстарға тоқтала кетсеңіз.

– Биылдың өзінде құрылыс саласы бойынша 17 жоба іске асырылды. 250 орындық оқушылар үйінің, бес елді мекенде биотермиялық шұңқырдың, Шижаға елді мекеніндегі дәрігерлік амбулаторияның құрылысы, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және хал актілерін тіркеу бөлімі ғимаратын жаңғырту жұмыстары, Шөміш, Қарашалаң елді мекенінің ішкі су желісін кеңейту және қайта жаңғырту жұмыстары  аяқталды. Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектеп пен 40 төсектік аурухана, Арал қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигон, Арал қаласы №1 шағын ауданына су желісін тарту, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Жақсықылыш кентіндегі «Спорттық сауықтыру кешені» мен №19 орта мектебіне 100 орындық қосымша жапсаржай салу қарқынды жүргізілуде.

Тұрғын үй мәселесін шешу бағытында ауқымды жұмыстар атқардық. Облыстық бюджет есебінен небәрі алты айдың ішінде 1 қабатты 4 пәтерлі 10 тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, жергілікті кәсіпкерлер – «Арал су құрлысы» ЖШС және «Наурыз құрылыс» ЖШС мерзімінде сапалы орындап шықты.

  • Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету қаншалықты деңгейде?

– Арал ауданында 49 елді мекен бар. Осы елді мекендердің 38-і орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылса, 10 елді мекен (Абай, Тоқабай, Жіңішкеқұм, Ерімбетжаға, Күршек, Сазды, Көктем, Құланды, Ақбасты, Мойнақ) орталықтандырылмаған көздер (скважиналар) арқылы және 1 елді мекен (Тастүбек) тасымал арқылы ауыз сумен қамтамасыз етілген.

Өздеріңізге белгілі, ҚР Премьер-министрі А.Мамин мақұлдаған елді мекендерді 2023 жылдың соңына дейін сапалы ауыз сумен жабдықтау жөніндегі Жол картасына сәйкес, барлық елді мекендерді ауыз су жүйесіне қосу жоспарланған. Жоғарыда атап өтілгендей биыл Шөміш, Қарашалаң елді мекендері мен Арал қаласындағы №1 шағын ауданы ауыз су жүйесіне қосылды. Осыған сәйкес 2018 жылы «Тоқабай-Абай», «Қосаман-Ақбасты» жобасы әзірленіп, қаржыландыру бағытында республикаға ұсынылды. Аталған екі жоба алдағы 2021-2022 жылдары жүзеге асырылады деп күтілуде.

– Қазір «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл тұрғындардың  жұмыспен қамтылуына да септігін тигізуде. Осы бағытта қандай нәтижелі жұмыстар бар?

– Арал ауданында «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» шеңберінде 16 жоба іске асырылуда. Олардың 6-ы аудандық бөлімдер арқылы, 10 жоба облыстық басқармалар арқылы қаржыландырылуда. 616 жұмыс орнын ашу жоспарланса, қазір 651 адам (105,7 %) бағдарлама шеңберінде жұмыспен қамтылды. Арал қаласында орналасқан екі бірдей колледж күрделі жөндеуден өткізілуде. Екі білім ошағының да маман ретінде дайындауда маңызы зор.

Арал көпсалалы колледжінің  оқу ғимараты 3 қабатты, 1980 жылы салынған. Негізі 360 оқушыға арналған. Оқу корпусының іргетасы біртұтас бетон, сыртқы, ішкі күрделі қабырғалары қыштан салынған. Ал, колледждің жанындағы зертхана ғимараты 1975 жылы қамыстан тұрғызылған. Осы нысанның күрделі жөндеу жұмысына «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Күрделі жөндеу жұмыстарын «Абзал Проект Консалтинг» ЖШС қалыпты деңгейде жүргізуде. Құрылыста 125 адам жұмыспен қамтылып отыр.

Арал индустриалды-техникалық колледжі болса, өткен ғасырдың сексенінші жылдары  аудандағы кеме жөндеу зауытының теңгеріміне асхана ретінде салынған. 2003 жылы колледж балансына алынып, оқу корпусы ретінде қайта жабдықталған.

Ғимарат екі қабатты Сәуір айында мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібі арқылы конкурс жарияланған болатын. Жөндеу жұмыстарын «Самат-Мұнай» ЖШС жүзеге асыруда, 60 адам жұмыспен қамтылып отыр. Сонымен қатар, Арал қаласында орналасқан архив ғимараты жөндеуден өткізілуде. «РБ-Строй» ЖШС жүргізіп жатқан жөндеу жұмыстарында 24 адам жұмыспен қамтылған.

– Жол қатынасы – экономиканың күретамыры. Аудан көлемінде жол салу жұмыстары қаншалықты жүргізілуде?

– Биыл аудан тарихында бұрын-соңды болмаған қарқынмен Арал қаласындағы 33 көшеге жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 22,32 шақырымды құрайтын 33 көшеге, оның ішінде 28 көшенің жолына (17,42 шақырым) асфальт жабындысы, ал 5 көшеге (4,9 шақырым) қиыршық тас  төселді. Сондай-ақ, Жетес би ауылдық округіне қарасты Ескіұра елді мекенінің кіреберіс жолы жөндеуден өткізілді. «Ауыл – ел Бесігі» бағдарламасы аясында Жақсықылыш кенті көшелерін орташа жөндеуге тиісті қаржы бөлінді. 18 көшені жөндеуден өткізу үшін мемлекеттік сатып алу жүргізілді.

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Тоқабай елді мекеніне кіреберіс автожолының, 1,2 шақырымы жөнделді, қалған бөлігі келесі жылы жалғасады. Жолдарды күрделі және орташа жөндеу бойынша облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 4 жоба жүзеге асырылуда. Өткен жылы басталған 4,9 шақырымды құрайтын «Ақлақ-Қаратерең» автожолының 2,5 шақырымы жөндеуден өткізілсе, биыл қалған бөлігі (2,4 шақырым), сонымен бірге 1,2 шақырым болатын «Самара-Шымкент-Бекбауыл» автожолының 0,6 шақырымы орташа жөндеуден өткізілді.

– Аймақты жеті аудан арасынан алғаш болып аралдықтар «көгілдір отынға» қол жеткізгенін білеміз. Биыл тұзшылар қауымы да газдың игілігіне бөленіп жатқан жайы бар. Ендігі жерде елді мекендерді газдандыру бойынша қандай жоспарларыңыз бар?

– Арал қаласында 6667 тұрғын үйдің 95,5 проценті газ қолданып отыр. Сондай-ақ, 210 кәсіпкерлік және 23 әлеуметтік-мәдени нысан «көгілдір отын» көзіне қосылған. Бұдан бөлек Жақсықылыш кентіне «Компания Газ Строй» ЖШС мердігер мекемесі арқылы газдандыру жұмыстары жүргізіліп, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова телекөпір арқылы Жақсықылыш кентіне «көгілдір отынды» қосты. Кентте Аралдың ақ алтыны – тұз өндіретін «Аралтұз» АҚ орналасқан. Газдандыру жұмыстары барысында 57,7 шақырым газ құбыры тартылып, 1 газ тарату пункті және 4 шкафты газ тарату пункттері орнатылды. Бүгінде Жақсықылыш кентіндегі жалпы саны 855 жеке тұрғын үйдің 405-і көгілдір (47,3 %) газға қосылды.

Сексеуіл кентін газдандыру облыстың әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарына енгізілген. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы арқылы «Арал ауданының Сексеуіл кентінде АГБС (автоматтандырылған газ бөлу стансасы) орнатумен қоса «Бейнеу-Шымкент» магистральдық газ құбырынан бұрма газ құбырын салу» жұмыстарына жоба-сметалық құжаттама әзірленуде. Кешенді жоспарға сәйкес Сексеуіл кентінде газ жеткізу құбырын және орамішілік газ тарату желілерін салу 2022 жылға жоспарланған.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Сексеуіл кентін «көгілдір отынға» қосу әрдайым басты назарымызда.

Әңгімелескен Жұмабек Табынбаев.

Арал ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: