Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тарихы терең, болашағы баянды – Қызылорда

01.10.2020, 12:00 1342

Алты Алаштың анасы атанған Сыр елі – ұлт тағдыры сынға түскен заманда келелі мәселелер шешілген киелі мекен­. Ұзақ жылдық тарихында халқымызға елім деген талай­ ер сыйлап, ұлт зиялыларының мерейлі мекеніне айнал­ған. Небір нәубет заманды басынан өткеріп, қиын-қыстау уақыттарда өзінің салт-дәстүрін жоғалтпай, қазақшылығымызды сақтап қалған. Топырағынан талай тұлға шығарған Тұран өлкесінің тағылымды тарихында көптеген игі істердің қазығы қағылып, бүгінде қанатын кеңге жайған әсем қалаға айналды. Жерінің асты да, үсті де байлыққа толы Сыр өлкесі әлі де қазақ халқының игілігіне жарары анық.

Көненің көзіне айналған, сан тарихтың куәсі болған Қызылорда қаласында «Қала күні-2020» мерекесі тойланды. Дүниежүзілік пандемияға байланысты Сыр бойы бас шаһарын­ың туған күні әдеттегідей орталық алаңдағы мерекелік­ концерт пен от шашусыз, карантиннің қатаң талапта­рына сай өтті. Аталған шара қарсаңында біршама нысандардың ашылу салтанаты өтіп, ел игілігіне пайдалануға  берілді.

ЗАМАНАУИ   САЯБАҚ  –  ҚАЛА   СӘНІ

Әсем қаламыздың сәнін келтіріп тұрған тағы бір жаңа нысан – «Қалалық денсаулық және демалыс» саябағы. 35 гектар аумақты алып жатқан көрнекі орында жоспарға сай веложол, 6 спорттық ойын алаңы, аяқсу каналы, түнгі жарық шамдары мен орындықтар, қоқыс жәшіктері орналасқан. Сондай-ақ, 20 717 көшет пен 61 мыңға жуық гүл егіліп, 10 450 шаршы метр аумақ  абаттандырылған.

– Құрылыс жұмыстары 2018 жылы қолға алынды. Міне, араға 2 жыл салып­, нысан пайдалануға беріліп отыр. Құрылыс жұмыстарына 1 мил­лиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда жұмыс толығымен аяқталды. Болашақта бұл саябақ қала тұрғындарының сүйікті мекеніне айналады деп сенеміз, – деді «Бақ-Береке 2030» ЖШС мердігер компаниясының директоры Айбек Ерназар.

Жергілікті тұрғындардың көз қуанышына айналып үлгерген сәнді саябақтың ашылу салтанатында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова және қоғам қайраткері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Жарылқасын Шәріпов лентасын қиып, демалыс орным­ен  танысты.

600

ҚАЙТА  ТҮЛЕГЕН   «СЫР  АНА»

Қала күніне орай қайта жөндеуден өткен тағы бір нысан – «Сыр Ана» монумент­і. «Жұмыспен қамту жол картасын­а» сай монумент айналасында 3 мыңнан аса шаршы метр аумақ көгалдандырылып, ағаш көшеттері, газон­ төсеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер жолы мен 2 комплект спорттық-ойын алаңы  және 2 субұрқақ салынған.

Монументтің жұмысымен танысу барысында қойнауы жырға толған Сыр елі өнерпаздары әсем әндерін жиналған қауымға паш етіп, мың бұралған бишілер сахна көркін қыздырды. Облыс­ әкімі Гүлшара Наушақызы халық­ты құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– Құрметті  жерлестер! Баршаңызды Сыр елінің бас шаһары Қызылорда қаласы күнімен шын жүректен құт­тықтаймын. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған қаланың ел тарихында өзіндік маңызды орны бар. 1925 жылы Кеңестік Қазақ республикасының алға­шқы астанасы болды. Ұлтымыздың қазақ атауы қайтарылды. Бұны біз әрқашанда мақтан тұтып, ұрпақ санасы­нда жаңғыртып отырамыз. Екі ғасырлық тарихы бар қала бүгінгі күні әлеуеті артып, экономикасы өрістеген, рухани-мәдени байлығы кемелденген іргелі қалалардың бірі болып өсіп келеді­. Карантиндік режимге байла­нысты қала күні барлық санитарлық режимдік нормаларға сай жүргізілуде. Шаралар ақпараттық және онлайн форматта өтетін болады. Биыл қалада абаттандыру, көгалдандыру жұмыс­тары қарқынды жүрді. Мерекеге орай «Денсаулық және демалыс саябағы» пайдалануға берілді. Саябақта тұрғындардың демалуына қолайлы жағдай жасалған. Жаңа саябақ мәдени, рухани көпшілік іс-шараларын өткізетін орын болады. Сонымен қатар, «Сыр Ана» алаңы да қайта жаңғыртудан өтті. Осы жұмыстардың барлығы халқымыздың игілігіне қызмет етеді деп сенемі­н. Мереке құтты болсын! – деді облыс  әкімі.

ЖАҢА   МЕКТЕП  –  БАЛАЛАР   КӨЗ   ҚУАНЫШЫ

Сонымен қатар, мереке барысында Жаппасбай  батыр көшесі бойында су жаңа мектеп пайдалануға берілді. Балалардың көз қуанышына айнал­ғалы тұрған 600 орындық мектеп ғимарат­ы соңғы үлгіге сәйкес салын­ған. Құрылысы 2018 жылы басталған мектепте балалардың білім алуына барлық­  жағдай  жасалған. «Ария-Жаңа Астана» ЖШС құрылыс компаниясы жүргізген бұл білім ұясында физика, химия, биология кабинеттері қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Мектепт­ің ашылуына облыс және қала басшылары қатысып, білім ордасының ішімен  танысты.

– Бүгін біз тағы да жақсы бастаманың куәгері болып отырмыз. Болашағымыз жарқын болуы үшін қаламызда мектептер саны жеткілікті болып, балал­ар  сапалы білім алуы керек. Міне, соған орай қаламызда тағы бір мектеп бой көтеріп жатыр. Мектеп барлық талаптарға сай салынған. Қазіргі таңда, карантинге байланысты сабақ онлайн режимде өтуде. Дегенме­н, бұл уақытша қиындық. Балала­рымыздың болашақта осындай сапалы оқу орындарында білім алуын қада­ғалауымыз қажет,- деді облыс әкімі.

Салтанатты шарада ата-аналар тарапын­ан Салтанат Аймаханова алғыс­  білдіріп, сөз  сөйледі.

«ДӘРІГЕРЛЕР»   АЛЛЕЯСЫ   АШЫЛДЫ

Мерекелік шарадағы жаңа нысандар бұнымен аяқталған жоқ. Келесі бағыт – Назарбаев даңғылы бойындағы «Облыстық көпбейінді аурухана» маңы. Қиын-қыстау  сәтте  қалың елдің үмітін абыроймен алып шыққан ақ халат­тылар құрметіне сол маңда «Дәрігерлер» аллеясы салынып, оны ашу құрметі облыс әкімі Гүлшара Нау­ша­қызы мен денсаулық сақтау саласының ардагері Абдулла Шүленбаевқа берілді. Салтанатты шара барысында дәрігерлерге үй табысталып, облыс әкімі медицина саласының үздіктерімен әңгімелесіп, жылы лебізін білдірді. Пәтер кілті облыстық  көпбейінді аурухананың кардиолог дәрігері, жас маман Ғалымжан Қоразов пен аурухананың реабилитация бөлімшесінің меңгерушісі Ғалия Әбеноваға берілді.

– Бүгін қала күніне байланысты дәрігерлер аллеясы ашылғанымен қатар, еңбегіміз бағаланып, пәтерге ие болғаныма қуаныштымын. Осыған ықпал еткен жандарға алғысымды білдіремін. Өзім жас отбасылар қатарындамын. Құдай қаласа, сәби күтудеміз. Сол себепті, бұл пәтердің мен үшін маңызы жоғары,- деді кардиолог маман Ғалымжан Қоразов.

ҚАЙРАТКЕРГЕ   ҚҰРМЕТ

Мереке аясында ұлт зиялыларының да аты ұмытылған жоқ. Мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Ыдырыс Қалиевтің ескерт­кіш-бюстінің ашылу салтанаты өтті. Шараға облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықовамен қатар, соғыс ардагерінің жары Қалзира Қалиева, қоғам қайраткерлері мен еңбек ардагерлері қатысты. Шара Ыдырыс Қалиевке арнал­ған шағын қойылыммен басталды. Тарихи тұлғаның өмірінен сыр шерткен әртістердің өнерінен кейін, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшер­баевтың қала тұрғындарына арналған құттықтау жедел хаты оқылды. Онда «Қасиетті Сыр өңірінде дүниеге келіп, еліміздің жарқын болашағы жолында қажырлы қызмет еткен тарихи тұлға Ы.Қалиевтың ескерткішінің Қызыл­орда қаласында орналасуы – өскелең ұрпақ үшін ерекше үлгі-өнеге. Халқымызға талай біртуар қайраткерлерді тарту еткен Сыр елінде өскен аталған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатын іске асыруда ерекше еңбек сіңірді. Аймақтың абыройлы қайраткері Ы.Қалиев өңірдің әлеуметтік-экономикалық және рухани­ дамуына ерекше күш-жігерін салды. Ғибратты ғұмырдың үлгісін көрсеткен тарихи тұлғаның тұғыртасы өскелең ұрпаққа жұғысты болсын» делінге­н. Сонымен қатар, аталмыш шарада облыс әкімі де сөз сөйледі.

– Біз асылын ардақтай білген халықп­ыз. Елбасы Алаштың анасына балаған Сыр өңірінен шығып, алты Алашқа белгілі болған арыстарымыз аз емес. Соның бірі де бірегейі – адалдығымен, парасаттылығымен ел есінде қалған Ыдырыс Қалиев ағамыз. Еңбек жолын теміржолшы қызметінен бастап, облыстық басқару дәрежесіне дейін көтерілген. 1943 жылы әскерге шақырылып, қан майданда ерліктің үлгісін көрсетті. Облыста лауазымды қызметте болған кезі сол заманның тала­бы мен мүмкіндіктеріне сай аймақтың өсу жылдары болды. Қызылорда плотинасы, картон зауыты, қаладағы сәулетті көпқабатты үйлер соқты. «Батыс­», «Ақмешіт», «Мерей» оңтүстік ықшам аудандары бой көтерді. Мұнай өндірісі дамып, өнім шығара бастады. Кірпіш зауыты, конструкциялық қабырға материалдар комбинаты, экспер­иментальды жөндеу Рисмаш зауыты­, көптеген өндірістер, құрылыс бірлестіктері пайдалануға берілді. А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйі мен Н.Бекежанов атындағы драма театры салынды. Ғасырға жуық өнегелі өмір сүрген, абыройлы ғұмырында параса­т биігінен көрінген ағамызды халқ­ы ешқашан ұмытпайды, – деді облыс­  әкімі.

Сонымен қатар, соғыс ардагерінің жұбайы сөз сөйлеп, келген қонақтарға өз алғысын білдірді. Мемлекет және қоғам қайраткерінің бюстін ашу құр­меті облыс әкімі Гүлшара Наушақызы, жұбайы Қалзира Қалиева, облыст­ық мәслихат хатшысы Қылышбай Бисенов пен ардагерлер кеңесінің төрағасы­ Серік Дүйсенбаевқа берілді. Шара соңын­да ескерткішке гүл қойылып, қонақтар өз естеліктерімен бөлісті.

Айта кететін жайт, ескерткіштің биіктігі 1 метр және материалы қоладан жасалған. Бюстті Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Аманкелді Кененбаев жасаған.

ҚОНЫСТОЙ   ҚУАНЫШЫ

Шараның басты тартуларының бірі сол жағалаудағы №3 тұрғын аймақта жаңа тұрғын үйлердің пайдалануға берілген­і болды. 5 қабаттан тұратын 200 пәтерлік тұрғын үйдің жалпы құны 1,7 миллиард теңгені құраған. «Нұрлы Жер» бағдарламасының аясында салынғ­ан тұрғын үйлердің кілтін табыстау­ рәсімі қала күніне сәйкес келді. Аймақ басшысы кезекте тұрған 20 тұрғынға жаңа пәтер кілтін табыстап, кұттықтау сөз сөйледі.

– Бүгін – екі ғасырлық тарихы бар Қызылорда қаласының туған күні. Мереке қарсаңына орай бірнеше іс-шара өтіп жатыр. Облысымызда  276 құрылыс нысаны қайта жөн­деуден өтті. Соның 90-нан астамы Қызылорда қаласында жөндеуден өтіп, пайдалануға беріліп жатыр. Бүгінгі мереке кезінде де біршама қайта жөнделген орындар пайдалануға  берілді. Соның бірі – көпқабатты жаңа тұрғын үйдің берілуі. Осы атқарылып жатқан жұмыстар халықтың игілігіне жұмыс істейді деп сенем­із, – деді облыс басшысы.

Пәтер иелеушілер де алғысын білдіріп, қуаныштарын  жасырмады.

– Бүгінгі қала күні қарсаңында сол жағалаудан екі бөлмелі пәтерге ие болып жатырмын. Қала күнімен баршаңызды құттықтаймын. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» үлкен алғысымды білдіремін. Одан бөлек, осы іске атсалысқан барша жандарға алғысым шексіз,- деді пәтер иесі Ұлбала Мұстафаева.

Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің құрылысын «Бақ-Береке 2030», «Дәнекер» ЖШС, «Сапақ» және «Астана Сервис ЛТД» компаниялары жүргізді.

ДЕНІ  САУ  ҰРПАҚ  –  ҰЛТ  КЕЛЕШЕГІ

Қала күні облыс орталығындағы Панфилов 31а тұрғын үйінің балдыр­ғандары үшін де қуанышқа толы болды. Себебі, осы көше бойынан бала­лар­ға арналған ойын алаңы салынып, пайдалануға берілді. Мұнда спорттық жаттығуға арналған құрал-жабдықтар мен футбол алаңы салынған. Су жаңа алаңға тұрғындар дән риза.

– Қаламыздың өркендеп, өсіп жатқанын көргеніме  қуаныштымын. Балаларымы­з ұялы телефонға телмірмей, қазір бос уақыттарын осы алаңда өткізіп жатыр. Баланың тәрбиесі ұлт үшін аса маңызды. Және сіздер­дің осыған аса қатты көңіл бөліп жатқандарыңызға үлкен рақмет,- деді жер­гілікті тұрғын Тамаша Әбілқасымова.

Қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов мереке қарсаңында табыст­алған ойын алаңын өз көзімен көріп  қайтты.

– Қызылорда қаласы бойынша осындай 33 алаң салынды. Бұл жердегі ерекшелік мұнда ойын алаңы да, дене шынықтыру алаңы да бар. Одан бөлек, 60-тан астам ойын алаңдарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұның барлығы қала тұрғындарының саламатты өмір салтының қалыптасуына жасалып жатқан мүмкіндіктер,- деді қала әкімінің орынбасары Асқарбек Темірбекұлы.

Әкім орынбасары тұрғындарды құттықтап, балаларға теңбіл доп тарту етті.

ҚҰРМЕТТІ   АЗАМАТТАРДЫҢ  ҚАТАРЫ   ТОЛЫҚТЫ

Қала күнін қорытындылау салтанаты «Сыр Ана» алаңында өтті. Шарада шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев барша қызылордалықтарды қала күнімен  құттықтады.

– Қазақтың рухани ордасы, алғаш­қы астанасы, сүйікті қаламыздың туған күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысының қолдауымен биыл қаламыздың бюджеті артып, бүгінгі күні, соған орай көптеген жұмыстар жүргізілуде. Болашақта да бұл жұмыстар өздеріңіздің қолдауларыңызбен жалғасын табатын болады.  Қала күнімен тағы да құттықтаймын,- деді қала әкімі.

Сонымен қатар, қала әкімі өңірі­міздің дамуына үлестерін қосқан бір­неше азаматқа «Құрметті азамат» атағын­  берді. Олардың қатарында  Абдулла Шүленбаев, Әбдіжалел Бәкір, Алтын­сары Шүренов, Миуа Байназарова, Жағыппар Қарабала, т.б. бар.

– Бүгін қала күні үлкен дәрежеде атап өтіліп жатыр. Мемлекет басшысының қолдауымен көптеген нысандар іске қосылып, біз соның куәгері болудамыз. Осының барлығы қаланың эко­но­микалық-әлеуметтік дамуына еңбек етіп жатқан қала тұрғындарының ар­қасы. Бұндай бастамаларға біз сияқты қариялар дән ризамыз. Мен өзім руханияттың алдыңғы легінде, қазақы дүниетанымында, ұрпақ тәрбиесінде әңгіме айтып, жастардың тәрбиесінің айнасы болып жүрген қарияның бірімін. Еңбегімізді бағалап, қаланың «Құрметті азаматы» атағын беріп жатыр­. Болашақта әлі де жастар тәр­биесіне көңіл бөлуге дайынбыз. Еліміздің рухани дамуына, кемелденуіне еңбек ете бермін деп ойлаймын, – деді Қызылорда қаласының құрметті азаматы, Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Сәби Аңсат.

Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Сыр елінің өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салып, келген қонақтардың ризашылығына бөленді.

Осылайша Алашқа ана, талайға пана болған Сыр елінің жүрегі – Қы­зыл­орда қаласының 202 жылдығы жарасымды тойланды. Шамшырағы шартарапқа тараған шырайлы шаһардың болаш­ағы баянды боларына сенім мол.

Бекзат  АМАНОВ.

Б.Есжанов,  Н.Нұржаубай  (сурет) 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: