Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тағайындаудың неше түрі бар?

10.09.2020, 11:20 703

Өткен аптада бірқатар ауыс-түйістің куәсі болдық. Шыны керек, кадрлық тағайындауларға жергілікті халық ерекше мән береді. «Пәленшені ол жаққа неге жібереді?», «Түгеншенің сол қызметте қалғаны жөн еді ғой» т.с.с. жорамалдарын айтудан жалықпайды. Әрине, басшылық жұртшылықтың дәл осындай ой-пікірімен 100 пайыз санасуға міндетті емес. Олардың да өз ойлағаны, көздегені бар. Десе де, ел арасынан орынды уәжін айтатын саяси сауатты адамдар да табылады. Әсіресе, шенеуніктердің бір орынға атасынан қалған мұра секілді қарап, жабысып алатыны көпшіліктің ашу-ызасын тудырады. Кейде басшылар шенеунікке жұмыс істеуге уақыт бермейтін секілді көрінеді. Бұл да – маңызды мәселе. Яғни, осы күні тағайындалғанына 1 жыл толар-толмастан «ат ауыстырып» жатқан ақ жағалыларды жиі еститін болдық. Ал, «жаңа қызметке тағайындалды» деген шенеунігіңіз өзінің бұрынғы орнына барса ше? Бұл қалыпты жағдайға айналып кетпесе екен…

Әуелі облыс әкімінің өкімімен және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Сырдария аудандық мәслихатының келісімдері бойынша Сырдария ауданының әкімі лауазымына Дүйсебаев Талғат Тұрсынұлы тағайындалды. Тұрсынұлына бұл қызмет таңсық емес. Бұған дейін Жалағаш ауданының тізгінін ұстаған. Сондай-ақ, облыс, аудан көлемінде бірқатар жауапты жұмыстарды өз қолына алды. 2017 жылдан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.

Дүйсебаев алғашқы күні-ақ фейсбук желісінде «Бүгіннен бастап ырысы мол, ынтымағы жарасқан Сырдария ауданына аудан әкімі қызметіне тағайындалдым.

…Өзіме жүктелген міндеттерді, оның ішінде ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани өркендеуі жолында жарқын бастамаларды жүзеге асырып, өздеріңізбен бірге жетістіктерге жетуге бірлесе жұмыс істейміз. Бұл ретте, аудан халқы қолдау білдіреді деген сенімдемін» деп жазба жариялады.

Ал, Сырдария ауданына әкім болып барғанына енді ғана бір жылдан асқан Рүстемов Руслан Рүстемұлы облыс әкімінің өкімімен және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Жаңақоған аудандық мәслихатының келісімдері бойынша  сол күні  Жаңақорған ауданының әкімі боп бір-ақ шықты. Қызығы сол, Рүстемов оңтүстіктегі шеткі ауданға екінші рет басшы болып барып отыр. Бірақ, бұл елге сүйкімі бар шенеунік үшін қалыпты жағдай секілді. Себебі, әкімнің автобиографиясына зер салсаңыз, екі мәрте Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасын басқарғанын байқау қиын емес. Сонымен қатар, Рүстемұлының көптеген жауапты қызметте болғаны және оларды абыроймен атқарғаны көпшілікке таныс. Десе де, бір орынға екінші рет жібергені үшін Әбдіқалықованы кінәлайтындар аз емес.

Бұл жерге келе ме, келмей ме, білмейміз. Бірақ, бір мысал келтіріп көрейік. Қазақ телевизиясының жұмысы маңдымай кеткен кезең болды. Жұртшылықтың көңілі толмай, қанағаттанбай дегендей. Сонда Сауытбек Абдрахманов «Телевизия басшылығын күшейту керек. Оны кім жаңаша басқара алады?» деп өз-өзіне сұрақ қойып, «ол – Шерхан Мұртаза» деп жауабын да тез табады. Әрлі-берліден соң, Шерхан көнбепті. Жарты сағаттай ырғасудан соң Сауытбекке соңғы үміті саналған бір ой сап ете қалады. «Шераға, кешегі соғыста Сталин қай майданда жағдай нашарласа, Жуковты сол майданға жібереді екен. Президент те сізді қай жерде жұмыс нашарласа, тек сол кісі жақсарта алады деп, сол жерге жібергелі отырған жоқ па?» дейді сөзін нықтап. Мінеки, содан соң «Елбасы сенімі – ел сенімі» деді ме екен, Шерағаң көндіге кетіпті. Әрине, Рүстемұлының Жаңақорғанға қайта баруға қаншалықты қарсылық еткені не құптай кеткені біз үшін беймәлім. Жорамалымыз Әбдіқалықова әрісі Жуков, берісі Мұртаза секілді «әлсіреген қанатты» күшейтетін кадр ғой» деп Жаңақорғанға арнайы бағыттағандай. Екпін қосып ерекше айту керек, бұған дейінгі әкім Сұлтан Мақашовты сөздің емес, істің адамы дейтіндер бар. Оған уақыт төреші. Ал, Ысқақұлының әзірге қандай қызметке барғаны белгісіз.

Келесі тағайындау біз үшін тіпті уақытпен санаспағандай әсер қалдырд­ы. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурста­р министрлігінің 2020 жылғы 7 қыркүйектегі №456 бұйрығына сәйкес, Нұрымбетов Сейілбек Серғазыұлы Қазақстан Республикасы Экология­, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы лауазымына тағайындалды.

Нұрымбетовтың бұл саладағы тәжірибесіне күмән келтіре алмаймыз. Тіпті, 2018 жылы ҚР Президентінің Халықаралық «Болашақ» стипендиясы арқылы Ресей Федерациясы, Мәскеу қаласында «К.А.Тимирязев­ атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын» «магистр» дәре­жес­інде үздік бітіріп шыққан. Бір әттеген-ай дейтініміз, 2020 жылдың сәуір айынан бастап, осы кезге дейін Қызылорда облысының ауыл шаруашыл­ығы басқармасы басшысы қызметін атқарып келді. Бар-жоғы 5  ай  ғана.

– Әрбір әкімнің (басшының – ред.) ең кем дегенде екі-үш жылға аудан экономикасын, мәдениетін дамытуға байланысты белгілеген жоба-жоспарла­ры болатыны белгілі. Бір жыл ана жақта, екінші жыл мына жақта­, бұл не сапырылыс!? Бір жылдан артық жұмыс істемейтінін білген лауазым иесі, «кетем ғой» деген оймен жүріп келешегі баянды жұмыс істеуі мүмкін деп айта алмаймын, – дейді қоғам қайраткері Сәби Аңсат әлеуметті­к  желідегі  парақшасында.

Тағайындаудың түр-түрі бар. Нақты нешеуі бар екені белгісіз. Қалай десек те, аталған ауыс-түйістерден кейін-ақ, азаматтар өз жұмысын  бастап  та  кетті. Олар үшін ендігі мәселе – ел сенімін ақтау, жүйелі  жұмыс  істеу. Бұл  барлығынан  маңызды.

Ш.ШАТҚАЛ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: