Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тасбөгет кентіне жаңа әкім тағайындалды

16.09.2020, 14:45 2683

HALYQLINE.KZ

Қалалық сайлау комиссиясының қорытынды хаттамасына сәйкес, қала әкімінің өкімімен 2020 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Сыздықов Семсер Зұлпыхарұлы Тасбөгет кентінің әкімі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Бүгін қалалық мәслихатта Тасбөгет кенті әкімінің сайлауы өткізілді. Сайлауға таңдаушылардың, яғни депутаттардың жалпы санының үштен екісінен астамы қатысып, ұсынылған үміткерлер ішінен Сыздықов Семсер Зұлпыхарұлы басым дауысқа ие болып, кандидатурасы қолдау тапты.

Осыған орай шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Тасбөгет кентінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында осы кезге дейін Тасбөгет кентінің әкімі қызметін абыроймен атқарып келген, Шамұратов Пакуатдин Сыражадинұлының ел үшін атқарған еселі еңбегіне тоқталып, 3 жылдан аса кенттің бірқатар мәселелерін оның ішінде жол жөндеу, көшені жарықтандыру, кәсіпкерлікті дамыту, ауызсу мәселесін оңтайлы шешуге жұмыс істеген басшының жаңа қызметіне сәттілік тіледі. Сондай-ақ  жаңадан сайланған кент әкімін таныстырды.

Семсер Зұлпыхарұлы 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімді. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде «Қаржы», Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде «Экономика және бизнес» мамандығы бойынша білім алған.

Еңбек жолын 2009 жылы «Экофуд» компаниясының басшысы болып бастаған. 2013-2014 жылдар аралығында қала әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімінің бас маманы, 2014-2016 жылдар аралығында қала әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы, 2016-2019 жылдар аралығында қала әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және құқық қорғау органдарымен байланыс бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған.

2019 жылдың маусым айынан бастап осы кезге дейін қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы қызметін абыроймен атқарып келді.

Жаңадан сайланған әкімді кент тұрғындары жылы қарсы алып, кентті дамыту жолында бірлесе жұмыс жасайтындарын жеткізді. Қала әкімі Семсер Зұлпыхарұлының қызметіне сәттілік тілеп, алдағы уақытта кент тұрғындарының, халық қалаулыларының, сенімдерін ақтап, осы аймақтың одан әрі өсіп-өркендеуіне аянбай еңбек ететіндігіне сенім білдіретінін жеткізді. Сонымен бірге кент бойынша алда атқарылатын жұмыстарды, әкімдік алдындағы міндеттерді нақтылап, елмен етене жұмыс жасауды тапсырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: