Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Сақал күзеу» сынақтан құтқара ма?

12.11.2020, 10:30 698

Қазір біздің экономиканың ашық алаңында ішкі сұранысты қамтамасыз ету үшін сырт­қы нарыққа тәуелділік байқалатын секілді. Бір жағынан тиімсіз саналғанмен, екінші жағынан  алып қарағанда жаһан елдерімен иық тірестіріп, «сақал күзей» алатынымызды да дәлелдейтін осы сауда саласы секілді. Әйтпесе, жерден тергенін елден асырып, қыруар­ пайдаға кенеліп жатқан түгіміз жоқ. Соның өзінде әлемнің түкпір-түкпіріндегі елдермен қарым-қатынас орнату үшін дипломатиялық шабадан алып шапқылаймыз. Онсыз да Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастық ымырамыз ың­ғайлы, көшбасшылық қасие­тіміз серпінге ие. Одан бөлек, БҰҰ, ШЫҰ, ЕЫҚҰ, ЕАЭҰ, ДСҰ секілді ұйымдардың келісімшартында Қазақстанның экономикалық құжаты сақтаулы. Бұл ұйымдармен қандай қатынас орнатып келеміз деген басты сауалдың жауабы да дайын­, әрине, сауда-экономикалық байланыс. ҚР Страте­гиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, Қазақстан жыл басынан­ тамыз айына дейін ТМД елдерімен 14 976 952,3 мың, ал  ЕАЭҰ елдерімен 12 027 419,2 мың, әлемнің өзге елде­рін қосқанда 55629478,1 мың АҚШ долларына тең тауар айнал­ымы саудасын жасаған. Ал пандемия кезінде қандай көрсеткіштер төмендеді? Жалпы­, әлем сахнасында сауд­а қатынасында қандай өзгерістер болуы мүмкін? Әлемдік экономиканың жай-күйі қандай? Осы және өзге мәселелер Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер басшыларының қатысуымен онлайн өткен саммит­те  айтылды.

Іскерлік қарым-қатынас тетігін жетілдіру, экономиканы сауықтыру, сыртқы сауда саласын біріктіру және басқа мәселелерді қамтыған саммитті бұл жолы Ресей президенті Вла­ди­мир Путин ұйымдастырды.

– Біздің ұйымның экономикалық күн тәртібіне келетін болсақ, Ресейдің төрағалығы біздің қауымдастықтың барлық елдері іскерлік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, сауда, өнеркәсіптік өндіріс, цифр­лық экономика, инновациялар мен жоғары технологиялар, азық-түлік, көлік және энергетика салаларында өзара тиімді ынтымақтастықты құруға мүд­делі екендігіне байланысты болды. Коронавирус панде­миясы әлемдік экономикаға ауыр соққы беріп, әлемдік рецессияға әкелді. Әрине, қиындықтар біздің ұйымды да айналып өткен жоқ. Болжамды мә­ліметтерге сенсек, 2020 жылы ШЫҰ-ға мүше елдер экономикасының орташа құлдырауы 3,2 пайызды құрайды. Сонымен бірге ШЫҰ елдері арасындағы тауар айналымы да азайды. Осылайша, қаңтар-тамызда Ресейдің басқа мүше елдермен саудасы 7 пайызға төмендеді, – деді саммит барысында Ресей президенті В.Путин.

Осы жайттарды ескерген ШЫҰ-ға мүше елдер жағдайды түзету бойынша бірлескен шара­лар кешенін жасады. Атап айтқанда, 2019 жылы бекітілген мүше мемлекеттердің 2035 жыл­ға дейінгі көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын іске асыруды талқылады. Бұл өзара сау­дадағы жағымсыз тенденцияларды жоюға, инвестициялық ынтымақтастық, қаржы-банк салаларында, өнеркәсіп, энергетика, көлік және басқа да салалард­ағы байланыстарымызды едәуір нығайтуға ба­ғытталған.

– Мұндай жағдайда «Азаматтарымыздың мүддесі жолында Шанхай ынтымақтастық ұйымын күрделі жағдайға қалай бейімдейміз?» деген секілді өзекті мәселелерді шешудің тиімді жолдарын табуға тиіспіз. «Шанхай рухы», сондай-ақ, қазіргі сын-қатерлерге бірлесіп ұтымды жауап іздеудегі мол тәжірибе, түптеп келгенде, осы ауқымды міндетті шешуге мүмкіндік береді. Қазақстан ортақ күш-жігердің «Бәрі де адам үшін» деген ізгі мақсатқа қол жеткізуге бағытталғанын аса маңызды санайды. Осы ретте «ұжымдық иммунитетіміздің» күшеюін пандемия мен басқа да жаһандық сын-қатерлерге қарсы қоюдың кепілі деп білемін, – деді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт­ Тоқаев.

Саммит барысында тек ұйымға мүше елдердің ғана емес, әлемдік қауіпсіздік мәселесі де назарға алынды. Соңғы уақыттары болған саяси санкциялар, Әзірбайжан мен Армения арасындағы жер дауы, өзге де елдердің геосаяси тұрғысынан келісімге келе алмауы да бүкіл әлемнің жанын шүберекке  түйіп  қойғандай.

– Жаһандық және аймақтық қауіпсіздік саласындағы ахуал күрделеніп барады. Халық­аралық терроризм мен есірткі­нің заңсыз айналымы әлі күнге дейін үлкен қауіп төндіріп отыр. Киберқылмыс айтар­лықтай өсті. Стратегиялық тұрақтылық жүйесі төмендеуін тоқтатар емес. Өкінішке қарай, ШЫҰ-ның сыртқы шекараларында және көршілес облыстарда аймақ­тық қақтығыстар орын алып, жаңа шиеленіс ошақтары пайда болды. Сондықтан ШЫҰ жұмысының маңызд­ы бағыт­тарының бірі – дағдарыстарды бейбіт, саяси және диплома­тиялық жолмен шешуге ықпал ету, жанжал мен қатерлерді тоқтат­у, – деді В.Путин.­

Бұл тұрғыда жиынға онлайн форматта қатысып отырған Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин де өз пікірін білдірді.

– Қытайдың дамуы мен әлемнің өркендеуі өзара байланысты және бөлінбейді. Біздің еліміз дамудың жаңа архитектурасын қарқынды түрде қалыптастыруда, ол ішкі айналымға баса назар аударып, ашық экономиканың жаңа даму деңгейіне жету үшін ішкі және сыртқы айналымның өзара әрекеттесуімен ерекшеленеді. Қытай өзара тиімділік пен жалпыға бірдей тиімділік қағидаттарына негізделген сыртқы  ашықтық стратегиясын берік ұстанады. Біздің серіктестер Қытайдағы жаңа даму мүмкіндіктерін пайдаланып, бізбен ынтымақтастықты терең­дете берсе, біз қуаныш­ты­мыз, – деді.

Дәл қазіргі кезде әлемнің әр тұрғынына қауіп төндіріп тұрған сепаратизм, терроризм және экстремизмге қарсы күрестің қажеттігін ұйым мүшелері де қолдады. Жиын соңында Қазақстан президенті Қ.Тоқаев Шанхай ынтымақ­тастық ұйымының Террорға қарсы өңірлік құрылым базасында Ақпараттық қауіпсіздік орталығын жедел құру қажет деп санайтынын айтты.

Айта кетейік, ұйым құқық­тық жағынан Жер бетіндегі халық­тың 40 пайызын және әлемдегі ішкі жалпы өнімнің үштен бірін қамтитын кеңіс­тікте ынтымақтастық пен өзара сенімнің тиімді құралы ретінде бағаланады. Бірақ коронавирус пандемиясы әлемдік қоғам­дастық үшін қатаң сынақ болып отыр. БҰҰ-ның дерек­те­рінше, әлемдік экономиканың құлдырауы 2020 жылдың қорытындысы бойынша 4,4 пайызға жетеді, халықаралық туризм деңгейі 70 пайызға төмендейді және тікелей инвестиция тарту көлемі 40 пайызға дейін құлдырайды. Ал бұл дегеніңіз – әлем экономикасына үлес қосып отырған жекелеген мемлекеттер үшін сынақ басталады деген сөз.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: