Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сайлауға алты партия кандидаттарын ұсынады

30.10.2020, 18:05 605

HALYQLINE.KZ Аймақта сайлау округтері, олардың шекаралары, комиссия құрамы мен орналасқан жерлері белгіленетін мерзімнің аяқталуына бір тәулік ғана уақыт қалды. Бүгінде елімізде құзырлы министрлікке 6 саяси партия тіркелген. Олар – «Nur Otan» ХДП, «Ақ жол» демократиялық, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Бірлік», «Қазақстан коммунистік халықтық партиясы», «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясы. Тізімдегі партиялар сайлау кезінде өз кандидаттарын партиялық тізіммен ұсынады. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?», оны алдағы саяси-демократиялық науқан барысында ғана білуге мүмкіндік бар. Әзірге тек «ішің білсін, алуа-ай…»

– Жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдары тиісті сайлау комиссиясы ұсынған сайлаушылар тізімдерін, олар туралы деректердің анықтығы үшін жауапты болады. Үгіт науқанында кандидаттардың сайлаушылармен онлайн-режимдегі кездесулерімен қатар, тиісті санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтай отырып жүзбе-жүз кездесулері де ұйымдастырылады, – деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Қонақбайұлы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.

Ел аузында жүрген «Бұл сайлау бұрынғы сайлаудан өзгерек…» деген сөз тіркесінің жаны жоқ дей алмаймыз. Өйткені…

– Бұл сайлаудың ерекшелігіне тоқталсақ, сайлауға түсетін депутаттар бұрын сайлау учаскелері бойынша дауыс жинайтын еді. Қазір сайлау партиялық тізім бойынша өткізіледі. Ең басты айырмашылық – осы, – деді облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Н.Қожамжаров.

Парламент Мәжілісіне кандидаттарды ұсыну кезеңі 10 қарашада басталып, 30 қараша күні жергілікті уақытпен сағат 18:00-де аяқталады. Ал, мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну 10 қарашадан басталып, 4 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 18:00-де бітеді.

 – Учаскелік сайлау комиссиялары 26 желтоқсаннан кешіктірмей сайлаушылар тізімдерін танысу үшін сайлаушыларға ұсынады. Дауыс беруге арналған сайлау бюллетеньдері учаскелік сайлау комиссияларына 2021 жылғы 7 қаңтардан ерте емес және 9 қаңтардан кешіктірмей жеткізіледі. Сайлау 10 қаңтарда жергілікті уақытпен сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін жүреді, – деді облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Аягөз Сырлыбаева.

– Қызылорда облысы бойынша облыс, қала және аудан мәслихаттарына сайланатын депутаттар саны – 152. Оның 33-і – облыстық, 22-сі Қызылорда қаласының мәслихат депутаттығына болса, қалғаны аудандарға бөлінеді. Облыс бойынша 385 сайлау комиссиясында 2817 адам жұмыс істеп жатыр. Комиссия мүшелерін электоралды оқытуға 32 млн теңге қаржы қаралса, бүгінде 24 млн теңгенің келісімшартына қол қойылды. Айта кетейік, дүбірлі саяси науқанды өткізу үшін Қызылорда облысына республикалық бюджет есебінен 503 млн теңге бөлінген. Оның 387 млн теңгесі биылдың еншісінде, қалғаны келер жылдың есебіне қарастырылған, – деді Ғ.Баймырзаев.

Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау өткізілген күннен бастап жеті күндік мерзімнен кешіктірмей, яғни 2021 жылғы 17 қаңтарда Орталық сайлау комиссиясы анықтайды. Мәслихат депутаттарын сайлау қорытындыларын өткізілген күннен бастап бес күннен кешіктірмей, яғни 2021 жылғы 15 қаңтарда тиісті аумақтық комиссиялары жариялайтын болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: