«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 422.87 (-2.62)

  • EUR: 512.1 (-0.74)

  • RUB: 5.63 (0)

ҚЫЗЫЛОРДА: 9-әкім, 10-орын, 11-аймақ

21.05.2020, 11:31 465 0

Кәсібі мен нәсібін ауыл шаруашылығы мен индустрия-инновация саласынан айырып отырған Сыр өңірінің абыройына соңғы кезде қылау түскені кімді де болса қынжылтқаны рас. Қос саланың ұршығын иіріп отырған индустриялық-аграрлық аймаққа артылар жүк те зор, үміт те мол. Дарияның қос қанатын қатар абаттандырып отырған бағдарлама шеңберіне экономикалық даму бағыты мен инфралогистикалық құрылымы да сыйып тұр. Нақтысын айтсақ, дамудың сатысындамыз. Қызылорданың күріштен кейінгі брендіне айналады деп сендірген шыны зауыты, сол жағалаудағы жаңа қала құрылысы ауыз толтырып айтарлықтай жобасы еді. Құрылысы он жыл бұрын сөз етілген «сақалды зауыт» әлі пайдалануға берілген жоқ.

– Бұл жобаның басталғанына 6 жылдай уақыт өтіпті. Оның құрылысын қолға алған алғашқы компания жұмыс істеуден бас тартып, қазір жоба екінші компанияның құзырына өтті. Барлығы дайын­ тұрғанымен, экономикалық дағдарысқа байланысты жұмыс әзірге тоқтап тұр. Құрылыс жұмыстары баяу жүргізілуде. Халықтың бұл өнімге сұранысы төмен. Тіпті Ресейде де дәл осындай зауытт­ың өнім шығару көрсеткіші өте төмен. Аталмыш­ зауытты іске қоссақ, қайта тоқтатуға болмайды. Өйткені пеш жарамсыз болып қалады. Ал шыны зауыты құрылысындағы ең қымбаты – сол пеш. Келешекте дағдарыс толық аяқталып, шыныға деген сұраныс артқаннан кейін зауыт іске қосылып, көпшілікке сапалы өнімін ұсынатын болады.  Оған ешқандай күмән жоқ, – деген еді 2010 жылы Қызылорда облысының сол кездегі әкімі  Болатбек  Қуандықов.

Соңғы  жеті  жылда  Қызылорда облысы үш әкім  ауыстырды. 2013 жылдан 2019 жылға дейін Қырымбек Көшербаев, 2019 жылдың орта шенінен 2020 жылдың алғашқы тоқсанына дейін Қуанышбек Ысқақов әкім болды. Алғашқысы шыны зауыты құрылысының басталуына септігін тигізді, сол жағалаудың кірпішін қалады. Алғашқысы бастап, кейінгісі қоштаған театр, неке сарайын­ саламыз деген бастамалар да аяқсыз қалды… Ал әкім ретіндегі рейтинг көрсеткішіне келсек, Көшербаев алғашқы үш орынның біреуіне­ жайғасатын. Бір-екі мысал келтірсек, 2017 жылы 4,9, 2018 жылы 5 коэффициентті саяси мәрте­бесімен республикадағы №2 әкім болды. Бәлкім командасының тегеуріні мықты болды ма, әкімдік қызмет атқарған жылдар ішінде үздік бестік қатарына­н түскен емес. Одан кейін аймақты небәрі 9 ай ғана тізгіндеген Қуанышбек Ысқақов әкімдер рейтингі тізімінің орта тұсында тұрды. Аймақ экономикасының сегменті саналатын табиғи­ ресурстың сарқылған уақытында орын­басарлықтан әкімдік қызметке ауысқан оған халық  сенімінен  шығу  оңай  болған  жоқ.

ТОҒЫЗЫНШЫ   ӘКІМ   һәм 

«ТОБЫҚТАН   СУ   КЕШУ»

Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019-2022 жылдарға арналға­н кешенді жоспарында Қызылорда облысы­ның төрт су шаруашылығы жобасын іске асыру көзделген. Атап айтқанда, «Көкарал» бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің сағасын қалпына келтіру, «Қызылорда» су торабын қайта жаңғырту,  «Күміскеткен» және «Қара­өзек»  су  қоймаларын  салу.

– Бұл су қоймалары жыл сайын үлкен Арал теңізіне қайтарымсыз тасталып жатқан 2 млрд текше метрден астам суды жинап, сақтауға мүмкіндік береді. Осы орайда «Әйтек» су торабын­ жөндеу де өзекті болып тұр. Өткен жылы су торабының бөгетін су шайып, оның толықта­й қирауына қауіп төнді. Егер төтенше жағдай орын алғанда, Сырдария, Жалағаш аудандары аумағындағы 16 мың гектар жерді сусыз  қалдыру  қатері туар еді. Жағалауын бекіту­ туралы жұмыстар істелді. Алайда бұл – уақытша шара. Бүгінде түпкілікті жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарының жоба-сметалық құжаттамасына Су ресурстары комитетінен 48 млн теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыс­тарын жеделдету шаралары қабылдануда, – деген­ еді Қ.Досмайылұлы 2020 жылы әкім ретіндег­і  алғашқы есеп беру кездесуінде.

Сондай-ақ, Сырдария өзенінің арнасын реттеу­ және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін сақтау жобасының екінші кезеңінің үш компоненті, Қызылорда су торабын қайта жаңғырту бойынша жұмыстар ағымдағы жылы бастала­тынын айтқан еді. Индустрияның иірімін иіріп, кәсіпкерлікті кеңейтіп, табысты секторды тасада­ қалдырмау үшін жұмыс істеді. Ізашарынан  қалған  өнеркәсіп өндірісін әртараптан­дыру үшін миллиондаған доллар инвестицияны игеруде белсенділік танытты. Ол әкім бол­ған кезде Қызылордада күн электр станциясының құрылысы пайдалануға берілді. Екі күріш өңдейтін зауыт ашылды. Сол жағалаудағы бір-екі  әлеуметтік нысан құрылысы аяқталды. Десе де «ортаңқол» әкімдердің көшін бастап тұрғанын місе тұттық. Облыс дамуының ең маңызды аспектілерінің көзін ашып, тынысын кеңейтуге ұмтылған уақыт аралығында 6-орындағы әкім ретінде қызметімен қош айтысты. Жоға­рыд­а айтылған «САРАТС-2» жобасының жұмысын­ жалғастыру 11-аймақтың тоғызыншы әкіміне  жүктелді.

ҚЫЗЫЛОРДА  НЕГЕ 

НАШАР  БАҒА  АЛДЫ?

Жаһан жұртына жайылған коронавирустық пандемия Қазақстанға тарап, халық үрей мен қорқыныш құрсауында отырған тұста Қызыл­ордада өткелде ат ауысқаны ешкімнің есінен кете қойған жоқ. Қазақстан тарихында тұңғыш рет облыс басшылығына тағайындалған әйел – Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова. Құтты  мекеннің  құзыретті  орынта­ғына жайғасқанына жуырда екі ай болады. Азды-көпті уақыт шеңберінде қызметіне бел­сене кірісіп, біраз шаруаның басы-қасынан табылы­п жүр. Инфекция жұқтырудың алғашқы дерегінің тіркелуі де тура әкім тағайындалған күнге сәйкес келді. Саяси жағдай мен эпиде­миоло­гиялық ахуал қатар ушыққан мерзімде кей медициналық мекемелерді аралап, әлеуметтік нысандардың жай-жапсарымен танысты.  Аймаққа қарасты аудандарды аралап, барын­ ұқсатып, жоғын түгендеуге кіріскеніне жұрт қуануда. Пандемия салдарынан эконо­миканың әлсіреген шағында ел тізгінін ұстаған әкімнің жұмысын жоққа шығаруға да болмайды. Десек те Үкімет жақтан Қызылорданың бұрынғыдай қарқыны жоқ екені жиі айтылуда. Дәл қазіргідей уақытта экономикада жұмыспен қамту, халықтың экономикалық белсенділігін сақтау, инфрақұрылымды жақсартуға басымдық  берілуде. Біршама уақыт бұрын Үкімет басшысы А.Мамин табысты жобаларды іске қосу жөнінен Қызылорданың артта келе жатқанын қадап айтты. Жыл басынан бергі алғашқы тоқсан­ қорытындысы бойынша да жақсы баға алған жоқ. ҚР Ұлттық экономика министр­лігінің мәліметінше, республика бойынша өнеркәсіп өндірісі  5,9 пайызға ұлғаюына 15 өңір жақсы көрсеткіш көрсетсе, төмендеу тек Қызыл­орда  облысында  тіркелген.

ЖҰМЫС  КӨП,  ЖҮЙЕ  ЖОҚ

Жаңа әкімнің келгеніне аз уақыт болса да, ұзақмерзімді перспективалық жобаларды жүзеге­  асыруға кірісіп-ақ кетті. Оған Г.Наушақызының «7 күн, 24 сағат жұмыс істеуге әзірмін» деген сөзі дәлел. Жыл сайын жаңарып, жасарып келе жатқанмен әлі де түйіні тарқатылмаған мәселелер «менмұндалап» тұр. Мәселен, қазіргі күні жұмыс істеп тұрған гидротехникалық Қызылорда су торабы өткен ғасырдың 50-жылдары салынған және қазіргі уақытта апатты жағдайд­а тұрғаны жиі айтылуда. Мамандардың айтуынша, су торабы бұзылған жағдайда шамамен­ 400 мыңнан астам халық қоныстан­ған облыстың үш ауданы мен Қызылорда қаласы­ аумағындағы 250 мың гектар шабындық мен жайылым, сондай-ақ 110 мың гектар суармал­ы жерді сумен жабдықтау жүйесі қоса бұзылады. Оған қоса, облыстың 38 елді мекенін су басу қаупі бар. Осыған байланысты Қызыл­орд­а су торабына реконструкциялау жұмыс­тарын жүргізу қажет. Сондай-ақ, 1964 жылы пайдалануға берілген «Қызылорда жылу электр орталығы» мекемесінің жабдықтары да әбден тозған. Бұл облыс орталығының 700-ге жуық көпқабатты тұрғын үйлерінің жылумен жабдықталмай қалуына тікелей әсер етуі мүмкін. Аймақ әкімі алдағы уақытта осы жұмыстарды тыңғылықты ету үшін перспективалық жоба­ларға  барынша пайыммен қарап отырғанына ел құлағы қанығуда. Ал дәл қазіргі кезде ең төменгі көрсеткішке ие болып отырған жалпыөңі­рлік  өнім  көлемі  алдағы үшжыл­дықта  ұлғаяды  деген  үміт  бар.

Естеріңізде  болса, Алаштың  анасы  атанған өңірге  әкім  болып  тағайындалған  бетте «Бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстарға көңілім толмайды. Өйткені жұмыстар жүйесіз жүріп жатқан сияқты» деген еді. Осы айтқан сөзінің «жаны» бар ма, әйтеуір облыстың рейтинг­і шыңыра­удан құлағандай күй кешіп тұр. Әрине, жергілікті атқарушы органның атқары­п жат­қан жұмысын да жоққа шығаруға болмайды. Ал сырт көзге айқын көрінетін дәлелдер  жеткілікті.

Сәуір айындағы әкімдер рейтингінің көшін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бастап тұр. Ал Қызылорда облысын­ың әкімі Гүлшара Әбдіқалықова 10-орында тұр. Бұған дейін «ТОП-5» құрамынан көрініп жүрген аймақ көрсеткіші неге күрт төмендеді? Оған нақты жауап болмағанымен, себеп көп болуы мүмкін. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын ашылған өндірістік кәсіпорындардың кейбірі есігіне «қарауыл» қойып үлгерді. Құрылысы қарқын алып, лезде аяқталған құрылыс нысандарының жағдайы сын көтеріп тұрған жоқ. Тіпті, 2018-2019 жылдары салынуы керек неке сарайының да құрылысы кейінге шегерілді, ауылдық елді мекендерде халық үшін маңызды әлеуметтік  нысандардың  тозығы жетіп тұрғандары бар. Осының барлығы облыстар арасындағы деңгейімізді түсіріп жіберді ме екен  деген  ойға  қаласың.

Н.ҚАЗИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: