«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 425.49 (0.44)

  • EUR: 512.84 (3.55)

  • RUB: 5.63 (0.05)

Қолда барды ұқсату – аманат арқалаған әкімнің ісі

20.02.2020, 11:34 327 0

«Атқа мінбейсің! Айрықша киім кимейсің! Қазына-мүлікке тимейсің! Қызмет бабын пайдаланып, ешкімге қиянат етпейсің! Халқың әділдігіңді көрмейінше ешқайда кетпейсің! Әлсіздерді сөкпейсің! Артық дүние-мүлікті ретсіз төкпейсің! Әйелің мен бала-шағаңды өзіңнің адал еңбегіңмен бағып ептейсің!». Бұл Омар бин Китабтың әкімдік  қызметке адам алардағы  алдына  қоятын  талаптары  екен.

Қазір «әлемдік» деп басталатын проблемалардың көші аяқтан шалып тұрған кезең. Алайда осындай кедергілерге төтеп бере отырып, даму динамикасын өз деңгейінен жоғалтпай отырған өңірлердің қатарында Қызылорда облысы да бар. Жаһандық экономикадағы қиындықтар аймақтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткішінің артуы мен индустриалды-инновациялық сала игілігін көруге кедергі болған жоқ. Сонымен Тұран ойпатында орналасқан өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын қалыптасқан деңгейінен одан әрі дамыту облыс әкімінің негізгі міндеті десек артық айтқандық емес. «Халық – қазы, еңбек – таразы». Аймақ экономикасының құрылымдарын қайта құруға байланысты қабылданған облыстың 2020 жылға дейінгі даму стратегиясы тұжырымының әр тармағы хал-қадірінше жүзеге асырылуда. Қызылорда облысының тәуелсіздік алғалы тағайындалған сегізінші әкімі жылға жетпес уақытта не тындырды? Бұл туралы облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ-музыкалық драма театрында өткізген ел алдындағы есебінде естідік.

Жаңа қызметке кіріскелі алғашқы мәрте халық алдында есепті кездесу өткізіп тұрған аймақ басшысы барлық саланың «тоқпан жілігін» шақты. Денсаулық сақтау саласы, агроөн­еркәсіп, кәсіпкерлік, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, индустрия-инновациялық бағыттағы жұмыстар, әлеуметтік даму мәселесі, білім беру саласы, спорт, жастар мәселесі, балала­рдың тәрбиесі, құрылыс қарқыны, экологиялық түйткілдер, халықтың әлеуметтік ахуалы­ секілді мәселелер жүздесу жоспарының әрін аша түсті. Аймаққа қарасты жеті аудан да тұрақты бақылауда. Әсіресе, Ресей Федерациясына  белгілі көлемдегі жері жалға берілген Байқоңыр қаласының болашағына бейжай қарамайтындығын аңғардық. Аймақта «Жастар жылы­н» өткізу бойынша кешенді іс-шаралар жоспары, «Көпбалалы және аз қамтылған отбасы­ларға қосымша қолдау шараларын көрсету бойынша 2019-2021 жылдарға арнал­ған облыстың әлеуметтік картасы», «Мектепке дейінгі білім берудің сапасын арттыру бойынша­ жол картасы» және тағы басқа да бірқатар құжаттар бекітіліп, жүзеге асырыла бастады. Облыс басшылығының бастамасымен аймақтың даму қарқыны мен халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын одан әрі арттыру мақсатында Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленді. Нәтижесінде Үкімет 12 бөлімнен және 119 іс-шарадан тұратын жалпы құны – 219 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 156,7 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 50,6 млрд теңге және 12,4 млрд теңге басқа көздерден қаралады.­

ИНДУСТРИЯ   ИІРІМІ

Жалпы 2019 жылы экономиканың барлық салаларында өсудің оң қарқыны сақталып, облыс­ бюджеті жыл ішінде 239,2 млрд теңгеден 304,6 млрд теңгеге дейін артқан. Бюджет қаражатының 60 пайызға жуығы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 54,3 пайызға, пайдалануға берілге­н тұрғын үйлер көлемі 8,8 пайызға жоғары­лады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы бойынша жалпы өнімнің көлемі 4,3 пайызға, өңдеуші өнеркәсіп көлемі 1,3 пайызға, бөлшек сауда айналымының көлемі 1,5 пайызға артты. Жаңадан жұмыс орны да құрылды, жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыз күйінде сақталды. Бұл жұмыстардың барлығы – облыстың тұрақты дамуы бағытында жасалып жатқан шаралар.

– Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік  бағдарламасының екінші кезеңі аясында облыста жалпы құны 567 млрд теңге болатын 28 жоба қарастырылуда. 2015-2019 жылдары  68 млрд теңгені құрайтын 9 жоба іске асырылып­, нақты 450 жаңа жұмыс орны құрылды­. Оның ішінде өткен жылы жалпы құны 201,8 млн теңгені қамтитын 65 жұмыс орнын­ құруды көздейтін 2 жоба пайдалануға берілді. Алғашқысы – Шиелі ауданындағы «Таң ЛТД» ЖШС «Күрішті өңдеу және құрама жем өндірісін ұйымдастыру» жобасының І кезеңі. Екіншісі – жылына 4 млн дана күйдірілген кірпіш өндіретін Қызылорда қаласындағы «Ақтал» зауыты. Сондай-ақ, тампонажды цемен­т зауыты 2019 жылы 380 мың тонна болатын цементтің 6 түрін өндірді. Өндірілген өнім көршілес Түркістан, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл облыстары және Шымкент қаласына жөнел­тілсе, 40,6 мың тонна өнім Өзбекстан Республикасына экспортталды,- деді аймақ басшысы Қ.Досмайылұлы.

Өңірдің инвестициялық тартымдылық потенциалын­ың жылдан-жылға артып келе жатқанын­ аңғару қиын емес. Түрлі индус­триалды жобаларды жүзеге асыру үшін соңғы жылдары тартылған 1,7 трлн теңгеге жуық тікелей­  инвестицияның 400 млрд теңгесі немесе­ 17,4 пайызы 2019 жылдың еншісіне тиесілі­. Бұйыртса, 2020 жылы «Dana Quartz» ЖШС қуаты сағатына 5 тонна кварц құмын байыту бойынша бірінші желінің құрылысы басталад­ы  деп  күтілуде.

КӘСІПКЕРЛІК   КӨКЖИЕГІ   КЕҢЕЮДЕ

Шағын және орта кәсіпкерлікті аймақтық дамыт­у, ең алдымен, өндірістік секторды көтеруге, жаңа жұмыс орындарының санын көптеп құруға бағытталады. Мемлекет тарапынан арнайы­ бағдарламалар қабылданып, жеңіл пайызб­ен несие­ беріп отырғаны осының айға­ғы. Аймақ­тарда шағын кәсіпкерлікті дамыту тек халықты жұмыспен қамтамасыз етіп ғана қоймай­, олардың әлеуметтік, рухани, экономикалық іргелі мәсе­лелерін шешуге ықпалын тигізеді.­

Естеріңізде болса, 2018-2020 жылдар облыс­та жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы болып жарияланған еді. 2019 жылы осы арнаулы жыл­дың­ екінші жылдығы қорытындыланды. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту аясында әртүрлі қаржы  көздерінен 44 млрд теңге тарта отырып, кешенді  «Жол картасы» әзірленді. «Қара­пайым заттар  экономикасы»  бағдарламасы аясында да облыс­та құны 11,3 млрд теңгені құрайтын 110 жоба қамтылды. Құны 6,5 млрд теңгені құрайтын 49 жобаның өтінімі мақұлданып, қалған 61 жоба­ның өтінімін қаржы институттары қарауда.

Жеңіл өнеркәсіп саласындағы жұмыстардың да өзіндік салмағы артып тұр. Тамақ, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясының облыс экономикасында айтарлықтай үлесі бар. Ресми мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы бөлшек сауда­ айналымы 280,9 млрд теңгені құраған. Кәсіп­керлік аймақтың әлеуметтік потенциалын жоғарылататын бірден-бір сала болғандықтан оған шыр бітіріп, қанат байлауда тұрған әбестік жоқ.

ТАБЫСТЫ  СЕКТОР  ТАСАДА  ҚАЛМАЙДЫ

Табысы мол сектор ретінде туризм саласын дамытуға соңғы жылдары көп көңіл бөлінуде. Бәсекеге қабілетті туристік индустрияға жағдай жасау және экономиканың табысы мол секторына айналдыру – туризмді дамытудың негізгі мақсаты. Туризм индустриясының негізі – қонақүйлер, әртүрлі заманауи транспорт түрлері, телекоммуникация және шетелдік турис­терге жоғары дәрежелі қызмет көрсету инфрақұрылымы.

– Былтыр «Қазақстан Республикасының туристі­к саласын дамытудың 2019-2025 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітілді. Республикалық туристендіру карта­сына Қызылорда облысынан 3 туристік нысан енгізілді. Олар – «Қамыстыбас» демалыс айма­ғы, «Жаңақорған» шипажайы, «Байқоңыр» ойын-сауық туристік аймағы, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, өткен жылы «Байқоңыр» ойын-сауық туристік аймағын құру жобасының техника­лық-экономикалық негіздемесі әзір­ленді. Аталмыш негіздемеге сәйкес «Байқоңыр» ойын-сауық туристік аймағын әлемдік стан­дарттарға үйлестіру үшін қонақүй, мейрамхана, кинотеатр, ғарыштық аттракциондар, зымыран ұшуын  қадағалайтын алаңдар, аквапарк, ұлттық кәдесый өнімдерінің дүкендерін, этноауы­л, ғарыш мұражайы нысандарымен қамтитын  болады.­

«ЖЕР  КІНДІГІ»  ЖАНДАНУДА

Өткен жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында Байқоңыр қаласында 50 пә­тер­лік 5 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл соңғы 30 жылда алғаш рет орындалып тұрған игі іс болғанд­ықтан тұрғындардың қала дамуына қатысты жаңа үміттері оянды.

– Байқоңыр қаласындағы азаматтарымыздың  әлеуметтік-экономикалық жағдайы ерек­ше­ назарда. Былтырғы игі ісіміздің жалғасы ретінд­е биыл тағы 5 үйдің құрылысын бастағалы­ отырмыз. Қазіргі таңда жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Сондай-ақ, қаладағы 20427 пәтерді табиғи газға көшіру жұмыстарын аяқ­тадық. Жылу тарифтерін төмендету мақсатында­ Байқоңыр қаласының жылу-электр станциясын қайта құру мәселесін Ресей тарапымен талқы­лап жатырмыз, – дейді аймақ басшысы есепті  кездесуінде.

Айта кетейік, бүгінде «жер кіндігі» аталып кеткен қалашыққа қатысты «Байқоңыр» еркін экономикалық аймағын құру мәселесі пысықталуда.

АГРАРЛЫ  САЛА  АЙШЫҚТАЛУДА

Аймағымыздың аграрлық салаға бейім екенін ескерсек, жұмыстың келесі бір ірі ауқымы ауыл шаруашылығын дамыту бойынша жүргізіледі. Осы орайда, облыстың аграрлық секторы мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде өсудің оң динамикасын қалыптастырды. Оған дәлел ретінде өткен жылы ауыл шаруашылығына 14,3 млрд теңге қаржы бөлінгенін айтуға болады­. Нәтижесінде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 119,3 млрд, тамақ өнімдерін өңдеу көлемі 40,7 млрд теңгені құрады. Ал ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі – 7057 млн теңге.

– Айта кетейік, 2019 жылы облыста алғаш рет 3 шаруашылықта 50 гектарға соя дақылы егілді. Аумағы 183,1 мың гектар жерге күріш, майлы дақылдар, малазықтық дақылдар, картоп, көкө­нiс, бақша өнімдері егілді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 4,3, өңдеу өнер­кәсібінің көлемі 1,3, бөлшек тауар айналымының көлемі 1,5 пайызға өсті, – деді облыс әкімі есеп  беру  барысында.

ГЕОЛОГИЯЛЫҚ  ҚАЗБА  ЖҰМЫСЫНА ҚАУІП  ТӨНДІ

Негізгі экономикалық көрсеткішін мұнай-газ секторынан ажыратып отырған өлке үшін геологиялық қазбаларға тапшылық туындады. Соңғы жылдың өзінде мұнай өндіру 830 мың тоннаға, ал кері шегінген 7 жылда 5 млн тоннадан астам өнім аз өндірілген. Өйткені, жұмыс істеп тұрған кен орындарында шикізат қоры сарқылуда. Осылайша Қызылорда облысы мұнай саласы ең өзекті мәселе қатарынан бір-ақ шықты. Ол аздай, осы салада еңбек етіп, несі­бесін ажыратып отырған 15 мыңнан астам адам бар. Геологиялық қазба байлығымыз сарқылса, осынша азаматтың жұмыссыз қалу қаупі туындайды. Сондықтан бұл мәселені шешудің негізгі бағыттары  қарастырылуда.

– Мұнай  саласы  бойынша  өткен жылды 2013 жылмен салыстырғанда Ұлттық қорға түскен салық көлемі 322 млрд теңгеге, яғни  45 пайызға төмендеген. Жаңа мұнай кен орындарын игеру,­ осы салаға жаңа технологияларды енгізу, газ өндіру мен өңдеу – өте өзекті мәселе. Қазіргі таңда оларды шешуге жұмыс жүргізудеміз. Болжам­ бойынша жерасты байлығының резерві бар, бірақ тым тереңде, шамамен 5000 метр тереңдікте. Қазіргі бұрғылау жұмыстары тек 1500-2000 метр тереңдіктен ғана жүргізілуде. Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық даму жоспары аясында Сырдария, Шу-Сарысу, Оңтүстік Торғай шөгінді бассейндеріне кешенді геологиялық зерттеуге бөлінген қаражаттың 600 млн теңгесі игерілуде, – деді облыс­  басшысы.

СУ  САҒАСЫ  РЕТТЕЛЕДІ

Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019-2022 жылдарға арналған­ кешенді жоспарында Қызылорда облысы­ның төрт су шаруашылығы жобасын іске асыру көзделген. Атап айтқанда:

– «Көкарал» бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің сағасын қалпына келтіру;

– «Қызылорда» су торабын қайта жаңғырту;

– «Күміскеткен» және «Қараөзек» су қоймаларын салу. Бұл туралы аймақ басшысының өз аузынан  естідік.

– Бұл су қоймалары жыл сайын үлкен Арал теңізіне қайтарымсыз тасталып жатқан 2 млрд текше метрден астам суды жинап, сақтауға мүмкіндік береді. Осы орайда «Әйтек» су торабын жөндеу де өзекті болып тұр. Өткен жылы су торабының бөгетін су шайып, оның толықтай қирауына қауіп төнді. Егер төтенше жағдай орын алғанда, Сырдария, Жалағаш аудандары аумағындағы 16 мың гектар жерді сусыз қал­дыру қатері туар еді. Жағалауын бекіту туралы жұмыстар істелді. Алайда бұл – уақытша шара. Бүгінде түпкілікті жөндеу және қалпына кел­тіру жұмыстарының жоба-сметалық құжаттамасына­ Су ресурстары комитетінен 48 млн теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстарын жеделдету шаралары қабылдануда, – деді.

Сондай-ақ, Сырдария өзенінің арнасын реттеу­ және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін сақтау жобасының екінші кезеңінің үш компоненті, Қызылорда су торабын қайта жаңғырту бойынша жұмыстар ағымдағы жылы басталады. Бүгінде облыста ауланған балықтарды өңдейтін 9  зауыт жұмыс істеп тұр. Тіпті 10-нан астам түрі 11 елге экспортталып, соңғы бес жылда 2,5 есеге­ артқан.­

– Алайда біз балық шаруашылығына тек тұтынушылық тұрғыдан ғана қарап келеміз. Өнеркәсіптік деңгейде аулап, табиғатқа келетін залалын өтемей отырмыз. Балық питомниктері мен тоған шаруашылығын дамытуға күш салуға тиіспіз. Бұл индустриалды балық өсірудің маңызды­ бағыттарының бірі болып саналады. Саланы дамыту үшін мүмкіндіктер зор бол­ғанмен, кәсіпкерлер ынта танытпай отыр, – деді Қ.Досмайылұлы.

7  МЕКТЕП  3  АУЫСЫМҒА  ӨТУ 

ҚАУПІНДЕ   ТҰР

Азаматтық қоғам құру алғышарттарының бірі адами капиталды жаңғыртумен тығыз байланысты. Бұл ретте білім беру саласындағы өзгеріс­тер, соны жаңалықтар адамзат құндылығын арттыра түседі. Жаһандық деңгейде өмір сүру үшін алдымен білім құндылығын айқындап алған дұрыс. Аймағымызда үш ауысыммен оқытатын мектептер жоқ, дегенмен соған өту қаупі қалыптасқан 7 мектеп бар. Қазіргі таңда анықталған үш апаттық мектептің екеуінде, атап айтқанда, Жалағаш ауданының Мөрәлі Шәменов атындағы елді мекенінде және Жаңақорған кентінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Арал қаласындағы №71 апаттық мектептің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде.

– Бұл – түсінікті жағдай. Халық санының артуына байланысты кей жерлерде қосымша мектептер талап етілуде. 2019-2020 оқу жылында екі мыңнан астам бала бірінші сыныпқа артық барды. Бала санының артуы көңілімізге қуаныш ұялатады. Мектеп салу мәселелерін бюджет арқылы, сондай-ақ, мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша шешудеміз, – деді аймақ  басшысы.

Қорытындыланған 2019 жылы жеке инвесторлар есебінен 1450 орынға арналған 3 мектеп салынған. Бүгінде жеке мектеп салуды жоспарлап отырған инвесторлардың жобасы қаралуда.

ДЕНСАУЛЫҚ  САЛАСЫНДА 

МАМАН  ТАПШЫЛЫҒЫ  БАР

Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекетт­ік бағдарламасы аясында облыс әкімдігі аймақтық бағдарлама әзірлеп, бекітілді. 2019 жылға жалпы құны 737,2 млн теңгені құрайтын­ 15 бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін нысан пайдалануға берілді, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 4 дәрігерлік амбулатория, дайын ғимарат сатып алу арқылы 4 фельдшерлік-акушерлік­ бекет пен 7 медициналық бекет  бар.

Денсаулық сақтау саласында «2019-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтау нысан­дарының өңірлік перспективалық даму жос­пары»  бекітілген.

– Облыстық бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлініп, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық қамтылуы 85,3 пайызға жет­кізілді. Дегенмен бұл салаға да 159 маман жетіс­пейді. Осы түйткілді шешу мақсатында 20 маманды резидентураға және 30 маманды бакалавр дәрежесіне оқыту үшін облыс әкімдігінің гранты бөлінген. Айта кетерлігі, Сырдария өзенінің сол жағалауына онкологиялық бөлімі бар 500 төсек-орындық көпбейінді облыстық аурухана құрылысы республикалық жобалар тізіміне енгізілді. Заманауи құралдармен жабдықталған аурухананы Үкіметтің кепілдігімен Еуразиялық даму банкінің қаржысына салу жоспарлануда. Ал биыл 8 дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріледі, – деді Қ.Ысқақов.

158  СПОРТШЫ  ҰЛТТЫҚ  ҚҰРАМА 

САПЫНА  ЕНДІ

Спорт саласында өткен жылдың еншісінде айтарлықтай жаңалық бар. Ол – «Қайсар» футбол командасының 20 жылдан кейін екінші рет Қазақстан Кубогын жеңіп алуы. Алдағы мақсат – Еуропа лигасында лайықты өнер көрсету.

– Бүгінде әлеуметтік маңызды сұрақтарды шешуге мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін пайдаланудың зор пайдасы тиіп отыр. Қазіргі таңда мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша бізде денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт, қоғамдық тәртіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және басқа да сала­ларда  жалпы құны 34 млрд теңгені құрайтын 142 жоба бар. Олардың 56-сы бойынша жобаларды іске асыру шарттарына инвесторлармен қол қойылды, – деді аймақ басшысы облыстың бас театрында өткен кездесуде.

Айта кетейік, биыл команда құрамына 26 футболшы жасақталса, оның 16-сы – қаракөз қазақтар, 10 футболшы – «Қайсар» футбол мек­тебін­ің түлектері. Ел біріншілігінде команданың басым бөлігі отандық футболшылармен жасақталған жалғыз команда екенімізді де ұмытпа­ғанымыз абзал. Сондай-ақ, өңір спортшылары 2019 жылы ел чемпионаттарында 1457, Әлем және Азия чемпионаттарында 170 медальға қол жеткізді, 578 спортшымыз Ұлттық құрама сапына­  енді.

ЫСҚАҚОВ  НӘЛІБАЕВТЫ 

НЕГЕ  ТҰРҒЫЗДЫ?

Екі сағатқа созылған есепті кездесу соңында­ қатысушылар мен халықтың Call-орталық арқы­лы қойған сауалдарына жауап берілді. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, жер мәселесі, ауыл шаруашылығы, денсаулық, кәсіпкерлік салаларына қатысты барлығы 200-ден астам сұрақтар келіп түсті. Олардың ішіндегі қалаға қатысты проб­лемаларды шешуді қала әкімі Н.Нәлібаевқа тапсырды. Жедел түрде шешілгелі тұрған мәселелер де жеткілікті. Оның барлығын тізе беру де мүмкін емес. Нақтысын айтар болсақ, қаладағы 10 колледжде жатақхана мәселесі бар. Мәселен, ата-ана тарапынан түскен сауал – М.Ықсанов атындағы колледждің студенттеріне арналған үйінің жоқтығы. Облыс әкімі аталмыш оқу орнын­а Сұлтан Бейбарыс көшесінен 200 орындық жатақхана қыркүйек айына дейін пайдалануға берілетінін жеткізді. Ел президентінің назары­на іліккен Сексеуіл кентіндегі оқушылардың сабаққа қатынау мәселесі «Егемен Қазақстан» газетінде «Теміржолды жағалап топ бала жүр» тақырыбымен жарық көрген еді.

– Бұл мәселе бойынша жұмыстар пысықталды. Қазір жоба-сметалық құжат бойынша мектептің құны 800 млн теңгені құрап отыр. Мектеп­ түске дейін 300, түстен кейін де 300 оқушы қабылдайтын болады. Біз жақын арада республикалық бюджеттен қаржы алып, құрылысты бастаймыз, – деді аймақ басшысы.

Бүтін елдің іргесінің сөгілмеуі мен сол аумақтың төбесінен ұшқан аң-құсқа да жауапты адамға артылар жүктің салмағы жеңіл емес. Ойығын бітеп, кетігін түзеп, қолда барды ұқсатып бағу – халық аманатын арқалаған әкімнің ісі. Аймақтағы өзекті мәселелер өз ретін тауып жатса, әкімнің ықпалы, халықтың қолдауы деп білеміз.

Б.Есжанов (сурет)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: