Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан қалаларында бейбіт митинг өтті

14.09.2020, 9:20 1180

HALYQLINE.KZ Несиеге рақымшылық, саяси тұтқындарды босату және шетелге жер сатылмасын деген талаппен Алматыда өткен митингке 200-ге жуық адам жиналды. Рұқсат етілген митингке шыққан адамдар антиқытайлық ұрандар жазып, Қазақстандағы қытай елшісін елден шығару керек деген талап қойды, деп хабарлайды centralasian.org

Митинг 13 қыркүйекте елдің барлық аймағында өтті.

Алматыдағы митингті ұйымдастырушы, тіркелмеген Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамай жергілікті билікке мың адамдық митинг өткізуге өтініш жазған. Бірақ Азаттық тілшісінің есебі бойынша, 200 адам келген.

Митингке қатысушылар мен журналистер маска тағып келді. Шоқан Уәлиханов ескерткіші жанында өткен шара маңында медицина қызметкерлері COVID-19 вирусына қарсы жиналғандардың дене қызуын тексеріп тұрды.

Жиынға қатысушылардың көбінің қолында шетелдіктерге жерді жалға бермеу, түрмеде отырған азаматтық белсенді Макс Боқаев, диссидент ақын Арон Атабекке бостандық беру және банктен алған қарызын қайтаруға жағдайы жетпейтін азаматтарға несие амнистиясын жариялау талабы жазылған плакат бар.

Митингіге келгендердің бірі азаматтық белсенді Юрий Маленьких пандемияның кесірінен елде экономикалық және әлеуметтік мәселелер ушыққанын атап өтті.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында билік тармақтарының бірі – сот жүйесінің «жабық корпорацияға» айналғанын айтты. Менің ойымша, Қазақстандағы билік өзіне ғана жұмыс істейтін «корпорацияға» айналған. Халықтан алыстап кетті. Конституциямызда халық – биліктің қайнар көзі деп жазылған. Сол себепті билік кетуі тиіс, Қазақстанның билік тармақтарында халыққа жұмыс істейтін адамдар отыру үшін заңды сайлау өткізу керек, – деді Юрий Маленьких.

Митингіде Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоның дипломатиялық қызметіне қатысты плакаттар да кездесті: көзілдірік пен қара түсті қорғаныш маскасын таққан жас жігіт «Чжан Сяо, елшісің бе, әлде жаушысысың ба?» деген жазуы бар плакатты басынан асыра көтерді. Ұзын бойлы ер адам плакат ұстаған жігіттің алдында бірнеше секунд бөгеліп, оны видеоға түсіріп алып, ары қарай кетті.

Жексенбі күні митинг Қарағанды, Семей және Ақтөбе қалаларында да өтті. Нұр-Сұлтанда ондаған адам цирк алдындағы алаңға шықпақ болды. Бірақ билік өкілдері рұқсат етілмеген митингке шыққаны үшін жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Шымкентте оннан астам адам Наурыз алаңына жиналып, саяси тұтқындарды босатуды, белсенділерді қудаламауды және жерді шетелдіктерге сатпауды талап етті.

Саясаткер, белсенді Жанболат Мамай бастаған «Демократиялық партия» құрғысы келетін топ бұған дейін партияны тіркеуге күш салғанмен ресми түрде тіркете алмағанын айтқан еді. Ақпан айында бастама тобы партияның құрылтай съезін өткізуге тырысқанмен биліктің қысымына байланысты өткізуден бас тартатынын хабарлаған.

Қазақстан заңы бойынша партияны тіркеу үшін ұйым кемінде мың адам қатысқан құрылтай съезін өткізіп, кемінде 20 мың қол жинау керек. Қазақстандық құқық қорғаушылар партиялар, митинг және сайлау туралы заңнамада шектеулер көп деп санайды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: