Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қала мамандарына облыста орын бар ма?

28.05.2020, 12:00 494

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аймаққа ат басын тірегелі ауыс-түйістер түрленіп сала берді. Экс-әкімдер секілді бас қаладан апыр-топыр­ кадр тасыған жоқ. Тек идеологияның иінін қандырады деп сол саланы екі шенеунікке бөліп берді. Ескі әкімнің тұсында орынбасары болған Сүлейменовті қосшылыққа қалап алса, тағайындалуы ресми жариял­анбаса да, Тілешовтің орынбасарлыққа отырғанын әкімдіктің ресми сайтынан оқыдық. Ал осыған дейін облыс әкімдігінің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген бір­қатар азаматқа басқарма басшысы болу бақыты бұйырды. Бұлардың қатарынан қала әкімдігінде шыңдал­ған шенеуніктерді байқамадық. Бұл туралы «Халық» газетіне (№18, 07.05.20 ж) «Әбдіқалықова «ескі гвардияға» сенеді» деп мақала басқанбыз.

Әнеугүні жарияланған төтенше жағдай режимі тоқтатылып, ел сәл арқа-басын кеңге сала бастаған-ды. Бірақ ресми БАҚ күні-түні «жұдырықтай жұмылып, өз қауіпсіздігіміз үшін үйде болайық! Босаңсуға болмайды!» деп халықты құлақтандырып отыр. Сол жұрт жұмылатын сәт­те жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы ауысты да кетті. Бұл басқармаға бұрынғы Жалағаш ауданының әкімі Қайратбек Сәр­сенбаев небәрі 2 айға жетер-жетпес уақыт басшылық жасады. Ысқақовтың тұсында келіп, Әбдіқалықованың кезінд­е кеткен оның орнына Медет Усаин тағайындалды. Ол отызында орда бұзып, біл­дей облыс­тық энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы қызметін күні кешеге дейін атқарған. Айтпақшы,  бұл ауыс-түйіске  түсіндірме  берілген  жоқ.

Облысқа сырттан келген меймандар бас шаһарға қарап, аймақтың дамуын бағамдап кететіні бар. Осыған дейін ақсақалдар «Облыс пен қала әкімінің үйлесімді жұмыс істеуінің арқасында Қызылорда қаласы көркейіп келеді» деп біраз жерде айтып жүретін. Әсіресе, бұл пікір Қырымбек Елеуұлы өңірде еңбек  еткен  жылдары жиі айтылды. «Көшербаев пен Нәлібаев тандемі тәп-тәуір қызмет атқарды» дейді көпшілік. Бұл пікірдің әлі күнге дейін аңыз боп айтылғанына қарағанда, шынымен солай болған-ау, сірә?! Айтпақшы, сол жылдары облыстан қалаға, қаладан облысқа ауысып жатқандар көп еді. Апта сайын­  болмаса да, облыс әкімдігіне Нәлібаев «мектебінде» ысылған маман­дар қалалық бөлімнен облыс­тық  басқармаға лауазымды қызметке баратын. Айталық, қазір облыстық  жастар саясатын ұршықша иіріп отырған Қуаныш Қуантқан­ұлы қалалық ішкі саясат бөлімінде 2 жылдай басшылық етті. Қызыл­өзек ауылдық округінің әкімі болған­ Жасұлан Қанибайұлы облыстық басқ­армаға ауысты. Қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы болған Ғалымжан Бақтығалиұлы Қазалы ауданы әкімінің орын­басары қызметіне тағайындалған еді. Қысқасы, соңғы уақытта осындай ауыс-түйістер кілт кідірді де қалды. Мұның  сыры  белгісіз?

Көптің  көкейінде  жүрген сұрақ: Нәлібаевтың  «мектебінде»  машықтанған мамандарды Наушақызы неге  алмайды?  Әлде…

Асан  Дәулет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: