Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қала әкімі: «Карантиндік шектеу мен тыйым салу 22 сәуірге дейін созылды»

08.04.2020, 17:43 842

Қызылорда қаласының әкімі Н.Нәлібаевтың қала тұрғындарына ҮНДЕУІ

Құрметті қала тұрғындары!

Өздеріңіз көріп отырғандай, бүгінде әлем елдері үшін ортақ індетке айналған COVID-19 пандемиясы біздің елімізді де айналып өтпеді.

Талай тағдырдың тажалы болған бұл індетпен күресу үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен елімізде төтенше жағдай жарияланып, жаһандық індетпен күресіп, елдегі тұрақтылықты сақтау және сақтық талаптарын күшейту мақсатында жоспарға сәйкес ауқымды шаралар дер кезінде жүзеге асырылуда.

Осы бағытта бірқатар қалалар мен елді мекендерде карантиндік жүйе енгізілді.

Өкінішке қарай, біздің өңірімізде де коронавирус инфекциясын жұқтырғындар саны артуда. Осыған сәйкес, қаламызда пандемияның таралуына байланысты карантиндік жүйе жарияланып, қаланың барлық бағыттағы шекараларына санитарлық блок-бекеттер қойылды.

Аймақ басшысы Гүлшара Наушақызының тікелей басшылығымен тұрғындардың қауіпсіздігі мен індеттің алдын алу үшін маңызды шешімдер қабылданып, жан-жақты қолдаулар жасалуда.

Осы жұмыстарды жүйелендіру және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстың бас санитарының арнайы қаулысына сәйкес бірқатар шектеулер мен тиісті шаралар қабылданып, карантиндік режимдегі шектеу мен тыйым салу 22 сәуірге дейін созылды.

Нақтырақ айтқанда: қауіпті індеттің таралу қаупінің алдын алу үшін тұрғындардың кешкі сағат 21:00-ден таңғы 06:00-ге дейін қалада жүруіне тыйым салынды.

Штаттық режимде жұмыс істейтін дәріханаларды қоспағанда, азық-түлік орындары сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режиммен жұмыс істейді.

Қалаішілік көлік қозғалысы патрульдік полициялық бақылау бекеттері арқылы шектеледі.

Аса қажеттілік болмаған жағдайда 18 жасқа дейінгі және 55 жастан асқан тұрғындарға көшеде жүруге тыйым салынады.

Қоғамдық көліктер таңғы сағат 06:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін күшейтілген дезинфекциялық режиммен жұмыс істейді.

Барлық азаматтарға қоғамдық орындарда медициналық бетпердемен жүру міндеттеледі.

Ардақты ағайындар, біз бұл шараларды қабылдауға мәжбүрміз.

Мұның барлығы – Сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін қабылданған шешім.

Тәртіпке бағынып, гигиеналық, санитарлық режимді күшейткен жағдайда ғана біз бұл індетті тоқтата аламыз.

Қадірлі жерлестер!

Елімізде жарияланған төтенше жағдайға орай қала әкімдігі жанынан құрылған жедел штаб тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеуде.

Қауіпті қатердің залалы мен зардабын жою жолында ерлікпен еңбек етіп жүрген медицина, полиция, әскери, төтенше жағдай, БАҚ өкілдеріне және басқа да қызметтерге, сондай-ақ, елдегі жағдайды жеңілдету үшін азаматтық танытып жүрген жомарт жандар мен кәсіпкерлерге, түсіністік танытып, қолдау білдіріп жүрген барша қызылордалықтарға алғысымыз шексіз.

Құрметті жерлестер!

Дүйім жұртты дүрліктірген дерттің алдын алуға қатысты қатаң шаралар, шұғыл әрекеттер мен тындырымды тірліктерді жүзеге асыру – баршамызға ортақ міндет.

Елімізде бұл індетпен ауырғандардың саны артуда.

Індетті жеңіп шығудың жалғыз жолы – жеке бастың қауіпсіздігін сақтай отырып, жақындарымыздың амандығы үшін әрекет ету.

Қоғамдық орындар мен көпшілік жерде серуендеуден аулақ болу.

Індеттің таралу ошағы мен қауіпті аймақтарға мүлде жоламау.

Мамандардың кеңесіне құлақ асып, қойылған талаптарды қатаң сақтау.

Сондықтан, баршамыз сабыр сақтап, коронавирустың таралуына жол бермеуіміз керек.

Бұл – уақытша өтпелі кезең! Бірлігіміз бен ынтымағымыздың арқасында қиын кезеңді де еңсеріп, талай жетістіктерге жететінімізге сеніміміз мол!

Дана халқымызда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген жақсы сөз бар. Жұмылған жұдырықтай бұл індетпен бірге күресуге баршаңызды шақырамын!

Нұрлыбек Нәлібаев,

Қызылорда қаласының әкімі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: