Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қайсысы маңызды: қалай дауыс бергені ме, қалай саналғаны ма?

07.12.2020, 12:00 800

HALYQLINE.KZ

Елімізде келесі жылдың қаңтарында өтетін сайлау қоғамда көп талқыға түсіп жүр. Бірі қазақ саясатына «интрига» келді десе, бірі «баяғы жартас өзгере қоймайды» деп мұрнын шүйіре қарайды. Дегенмен, бұл жолғы сайлаудың алдыңғыларға қарағанда өзгеше болатыны түсінікті. Оған еліміздегі соңғы жылдардағы саяси ахуал мен бүкіләлемдік пандемия дәлел. Уақытында Аврам Линкольн «Сайлау бюллетені оқтан да күшті» деп айтып кеткен екен. Шынында, сайлауда халықтың белсенділігі көп рөл атқарады. Оған соңғы өткен Президент сайлауында куә болдық. Дегенмен, біздің қазіргі болмысымызға Линкольннан гөрі Сталиннің «Қалай дауыс бергені маңызды емес, қалай саналғаны маңызды» деген сөзі өтімді болып тұрғандай. Себебі, халықтың барлығы дерлік сайлаудың әділ өтетініне сенімді деп кесіп айту қиын. Айтпақшы, бұл сайлау карантинге қарамастан дәстүрлі форматта өтетін болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймұрзаев мәлімдеді.

Сайлау Конституцияға сәйкес 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді. Орталық сайлау комиссиясымен бекітілген Қазақстан Республикасының мәслихат депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу мен өткізу және негізгі іс-шараларын күнтізбелік жоспарға сәйкес саяси партияның тиісті филиалы немесе өкілдігі партиялық тізімін тиісті аумақтық сайлау комиссияларына ұсыну 2020 жылдың 10 қарашасында басталып, 4 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 18:00-де аяқталды. Мәслихат депутаттығына кандидаттарды партиялық тізімге тіркеу 20 қарашада басталып, 10 желтоқсан күні сағат 18:00-де аяқталады. Мәслихат депутаты болып сайлану үшін кандидат ҚР азаматы болуға, 20 жастан кіші болмауға тиісті, – деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Қонақбайұлы.

Айта кететін жайт, 2016 жылғы сайлауда жастар жалпы кандидаттардың 4,8 пайызын ғана құраса, әйелдер 16,1 пайыз болған. Ал осы жолы олардың саны 30 пайыздан асып отыр. Бүгінде облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттардың саны – 72. Оның 23-і – әйелдер мен 29 жасқа толмаған азаматтар. Бұл тізімге енгізілген кандидаттардың 31,9 пайызын құрайды екен. Партиялардың тізіміне келсек… «Nur Otan»-нан облыстық мәслихатқа 53 адам ұсынылса, «Ақжол» партиясы 9 кандидат, «Ауыл» мен «Adal» партиялары 5 кандидаттан ұсынып отыр. «Қазақстанның халық партиясынан» мүлдем ұсыныс түспеген екен. Жалпы облыс бойынша жергілікті мәслихаттарға 381 кандидат ұсынылған. Оның едәуір бөлігі – «Nur Otan» партиясынан. Атап айтқанда, 281 кандидат. Ал «Ауыл» – 30, «Ақжол» – 28, «Adal» – 33, «Қазақстанның халық партиясынан» 9 адам ұсынылған.

Байқаушыларға келсек, бүгінге дейін Сыртқы істер министрлігінен 39 байқаушыны аккредиттеу туралы ұсыныс келіп түскен. Оның 35-і ТМД-ның байқаушылар комиссиясының құрамында болса, төртеуі – Ислам Ынтымақтастық Ұйымының комиссиялары. Сонымен қатар, байқаушылардың ПТР-тест анықтамасы болуы міндетті. Ол болмаған жағдайда байқаушыларға рұқсат берілмейді. Қазақта «шаш ал десе, бас алатындар» көп. «Сыныққа сылтау» таппағандар карантин деген желеумен байқаушылардың жұмысына кедергі келтіреді ме деп қорқасың. Дегенмен, санитарлық нормаларды ұстанған жағдайда, байқаушылардың барлық құқығы қорғалатын болады деп комиссия төрағасы уәде етті.

Сайлауға кемінде 30 күн қалғанда өзінің басқа жерде болатынын білсе, сайлаушы тиісті атқарушы органға барып өтініш жазуы керек. Сол өтініш арқылы оны өзіне жақын маңдағы сайлау учаскесіне тіркейді. Сайлаушыларды өзінің тізімде екенін тексеруге шақырамыз. Оны egov.kz сайтынан немесе облыс әкімдігінің телефон нөмірлеріне хабарласып білуге болады, – деді облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Аягөз Мұратбекқызы.

Сайлау санитарлық талаптарға сай өтетін болады. Сайлаушылардың арақашықтығы сақталып, бетперделік режимде өтеді. Сонымен қатар, дауыс беретін қалам да бір рет ғана қолданылатын болады. Сайлау басталады дегеннен тұла бойдан сабыр қашып, тыпыршып кетеміз. Оған себеп жоқ емес. Осындайда Бөкейхановтың «Қазақ сайлауы – жұртқа келген бір жұт: сайлау жылы мал бағусыз, егін салусыз, пішен шабусыз қалады» деген сөзі еске келеді. Биыл да сол кебінді киіп, сайлаудан кейін тұтылып қалмасақ болғаны…

Көрнекі  сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: