• USD: 413.12

  • EUR: 452.86

  • RUB: 5.82

«Пандемия ұстаздардың да статусын арттырып берді»

22.05.2020, 11:25 69 0

HALYQLINE.KZ Бүкіл әлемді жайлаған пандемия салдарынан көп нәрсенің қадірін тереңнен түсіне бастадық. Жақындарымызбен көп уақыт өткізудің қажеттілігін, балаға көңіл бөлудің маңыздылығын, ысыраптан тайынып үнемшіл болуды және кейбір сала мамандарының қадірін бағалай білуді ұғындырды. Бұл пандемия біз әсіресе атүсті қарайтын, еңбегін лайықты бағалай алмаған дәрігерлер мен ұстаздардың статусын арттырды. Білікті IT мамандарының қажет екенін көрсетіп берді. Енді шамасы әлем басқаша өмір сүрмек.

Бүгін мен бәріміздің қанат қағуымызға септігін тигізген, белгілі бір деңгейге жеткізген ұстаздардың рөлі туралы айтқым келіп отыр. Жай ғана қарапайым сұрақтан бастайыншы. Біз осы ұстаздарымызды жиі еске алып, халін сұрап тұрамыз ба? Ары кетсе, алғашқы және соңғы қоңырау соғылатын кезде ғана шығар, солай ма? Осы ретте, ақындар мен сазгерлерге ризамын, ұстаздар туралы қаншама жақсы өлеңдер мен әндерді жарыққа шығарған. Ал біз сол әндерді орындаушылар «Ұстазым менің ұстазым» деп ән саламыз, нақышына келтіріп тұрып айтамыз, сырт көзге бәрі керемет, ұстаздан асқан бақытты жан жоқ сияқты, сірә. Бірақ, шынуайтында бәрі олай емес ғой, ағайын. Бала екі алып қалса, кімді кінәлаймыз, ұстазды, сабағы нашарласа, тағы мұғалім кінәлі. Ал сабағы нашарлаған баланың ата-анасы ше қайда қарады? Одан бөлек, мектеп басшылығы да ұстаздардың мойнына ауыр жүкті арқалап қояды. Қағазбастылық, өзіне тиесілі емес жұмыстарды тапсыру, барлық мәдени-саяси шараларда да жүгіретін – осы ұстаздар. Ал алатын айлықтары шайлығына жетпейді.

Енді сіздерге екінші сауалым, карантин уақытында балаңызбен бірге сабақ оқу қалай өтті? Шыдамыңыз таусылмай, нерв клеткаларыңыз орнында қалды ма? Біраз ата-аналарды көрдік, сабақтар онлайн жүйеге көшкенде, не істерлерін білмей, абдырап қалғанын. Сол уақытта өздерін ойша ұстаздардың орнына қойып көргендер бар ма? Баламен өткізген жарты сағатыңыз жарты өміріңізді алдыңызға алып келді ме? Ал осыдан кейін енді он жыл бойы тапжылмай балаңызды білім нәрімен сусындыратын ұстаздардың қадірін ұқпай көріңіз!
Қашықтан оқуға көшкен білім жүйесі бала алдындағы мұғалімнің, сонымен қатар ата-ананың рөлі мен міндетінің қаншалықты маңызды екенін нақты айқындап берді. Енді ұстаздардың айлығы өсіп, ата-аналар балаларының оқуына көбірек мән береді деп ойлаймын.

«Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі!» Бұдан асырып айта алмаспыз. Ұстаздар қауымы жасасын!
PS: Сіздің ойыңызша біздің қоғамда ұстаздардың рөлі қандай болуы тиіс?

Дулат Тастекейдің ФБ парақшасынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: