Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Маған ұлт мүддесі қымбат

02.12.2020, 9:50 512

HALYQLINE.KZ

Ақиқатқа тура қарап айтар болсақ, қазір биліктің есігін қағып, жоғарғы жақты төңіректеп жүргендер көп. Олар – қарақан басының жайын күйттейтіндер, шыбық сындырмай мол қаржы табатын жайлы орын іздейтіндер. Оларға мемлекеттің тағдыры, ұлттың мүддесі, қиуы қашқан ана тілінің жай-күйі керек емес. Олардың алға қойған мақсаты: киімі көк, қарыны тоқ, жайлы қызмет және тұрмысы дұрыс болса болды. «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» демеуші ме еді ұлы Абай. Қазір өзі үшін еңбек қылатындар көп. Демек хайуаннан айырмашылығы шамалы.

Қазір қарап тұрсам, соңғы кезде билік тарапынан құрылған түрлі Кеңестерге мүше болғандар, сол кеңеске бара отырып жеке басының мүдделерін жүзеге асыруға тырысқандар екен. Басқасын былай қойғанда қазір парламенттік сайлауға партиялар атынан тізімге еніп, сайлауға түсіп жатқандардың біразы сол түрлі кеңесте жүргендер. Мені таңғалдыратыны, сол кеңесте түк бітірмегендер, парламентке өте қалса, не бітірем дейді екен? Түсініксіз. Тек жайлы орын, жайлы пәтер, көмекшілер және ай сайын миллиондаған айлық алып, парламент қабырғасында бес жылын өткізбек пе? Бұл қалай болғаны? Ел мен жердің тағдырын, ұлттың мүддесін сонда кім ойлайды?

Бір шындықты айтайын, осыдан біраз бұрын өте жоғары қызметте істейтін бір ағайын мені «Нұр Отанның» праймеризіне қатыс, парламентке өтуіңе кепілдік берем» деп үгіттеп көрді. Бас тарттым. «Нұр Отанға» көңілің толмаса, «Бірлікке» (қазіргі «Адал») бар. Сол арқылы қимыл жаса, көмек болады» деді. Оған да көнбедім. Өйткені «Нұр Отанның» халық алында қадірі жоқ. «Адал» да сол. Өлі партия. Мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясын (ЖСДП) қалаған едім. Онда да оппозициялық бағытта ғой деген ой болды. Өзім жетекшілік етіп отырған «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянс сол ЖСДП-мен коалиция құрып сайлауға түспек едік. Өкініштісі, ЖСДП сайлауға бойкот жариялады. Бас тартты. Қазір өзіміздің «Жасылдар» партиясын тіркеуден өткізуге қам жасап жатырмыз. Әрине сайлауға үлгермеспіз. Дегенмен алда талай дода бар ғой. Ең бастысы, халықпен бірге болу, елдің қамын ойлау. Өзгелер секілді жек бастың мүддесі үшін жүрген жоқпын

Азаматхан  ӘМІРТАЙ,

саясаттанушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: