Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Хан ісі қарашаға қарасумен сыналады

13.02.2020, 10:35 848

Тиіскенге тілінің тікені бататын шешен, басынғанды басынан асырмайтын белгілі батыр Сырым  Датұлының  «Қарадан хан болсам – халық қалаған болар, айырдан нар  болсам – атам жараған болар, жоқтан бар болсам – Құдай қараған болар»  деген аталы сөзі қалған. Сол секілді бұл қаланың бары мен жоғын, кем-кетігін, арғы-бергі жылдардан келе жатқан маңызды мәселелерді ханнан артық ешкім таразылай  алмайтыны  хақ. Ханның да түбі қарадан болатынын ескерсек, тақта отырғанға  халықтың халі тайға  таңба  басқандай айқын  екендігі тағы бар.  «Болыс болдым, мінеки» деп шың басында шікірейіп кетпесе, хан ісі қарашаға қарасумен сыналады. Өткен  аптада  Қызылорда  қаласының  әкімі  Нұрлыбек  Нәлібаев  өзі басы-қасында  жүріп  бітірген  ісі  мен  жоспарда  тұрған  жұмыстар легімен  таныстырды. 

Баяндамашы  да, баяндамадағы  байыпты  істер де  қарқынды  екені  әу бастан-ақ  жиналған  жұртқа  байқалып  тұрды.

ӘЗІРГЕ  БАС  КӨШЕЛЕР  ЖӨНДЕЛЕДІ

Бұл есеп бұрынғы есептерден өзгерек­ болды ма, әлде жұртқа солай көрінді ме, бас-аяғы бір сағаттың ішінде  аяқталды. Оған  сәл кейінірек тоқталсақ.  Әзірге  сықырлаған цифр­ларды  сығалап  көрейік.

Қалада мәселе көп. Шет аймақтардағы  жол  мәселесі әлі де күйіп тұр. Бұл тұрғыда тұрғындардың тілегін қанағаттандыруға қала билігінің шамас­ы сәл-пәл жетіңкіремей тұр. Бюджет бүйірден қысып тұрғанға ұқсайды. Бірақ, кезі келгенде жолдың бәрі асфальттанады екен. Алдымен қаланың басты көшелері бүтінделуі керек. Биыл 1 миллиардтан астам теңгеге 200-ге тарта көшеге ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.  Мұнымен қоса, 500 млн теңгеге қалаға қарасты кент, ауылдық округтердің 30-ға жуық көшесі жөнделіпті. Соңғы жылдары бас шаһар­ мен қалаға қарасты елді мекендердің жолдарын жөндеуге 33 млрд теңге қаржы жұмсалыпты. Бірақ, миллиардтаған қаржы құйсаң да, қатары азаймайтын шұрық тесік көшелер көп-ақ. Бәрін айт та, бірін айт, шет аймақтардағы балшық ке­шіп, берекесі кеткен көшелер кезең-кезеңімен жөнделеді деп сендірді әкім.

БАСПАНАҒА   ӘРКІМНІҢ   БАР   ТАЛАСЫ…

«Үйлі болсам дегеннің үмітін ақтап келеміз» дейді қала басшысы. Дұрыс-ақ. Әр қазақтың өз үйі бол­ғанын Үкімет те қолдап отыр. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы несиеге рәсімдеп, шамасы жеткендер салынып жатқан жаңа ғимараттардан бір-бір пәтерді еншілеп алуда. Былтыр бір жылдың өзінде 100-ден аса жас отбасы баспаналы болып, қоныс­тойын тойлапты. Сырдарияның сол жағалауындағы «Ақылды қалада» «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 8 млрд теңгеге 700 пәтерлік 14 көп­қабатты тұрғын үй салынбақ. Бұл тұрғын үйге көп баласы бар, тұрмыс жағдайы  төмен отбасылар қол жет­кізе­  алады.  Жаңа мөлтек аудандардың инженерлік инфрақұрылымын дамытуғ­а 1,9 млрд теңге қаралған. Қазір қалада шағын аудан көбейіп келеді. Сонда салынған жаңа үйлерге 10000-ға жуық тұрғын қоныс теуіпті. Қаланың шет аймақтары, оның ішінде «Қызылжарма», «Әл-Фараби», «Саяхат» мөлтек аудандарының инжене­рлік-коммуникациялық инфрақұр­ылымы  нығайтылған.

Белгілі кәсіпкер Болат Өтемұратовтың демеушілігімен қаладағы «Бәйтерек» тұрғын ауданында 100 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Біз айтып өткен мемлекеттік бағдарламалар аясында жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік жағынан әлсіз топтар, көпбалалы  отбасыларға үйлер бірін­ші кезекте беріліп жатыр екен. Бұл да қара халыққа едәуір көмек. Нарық қысып тұрған заманда бір баспанаға зар болып жүргендердің тілектері орындалып жатса, бір жыртықтың жамалғаны.

БЮДЖЕТТІҢ   БҮЙІРІ  БҰЛТИЫП   КЕЛЕДІ

Бір кездері қала бюджеті  2,5 млрд, одан кейінгі жылдары 7,5 млрд теңге болыпты. Бұл – қала әкімі есебі барысын­да сөз алып, пікір білдірген зиялы қауым тарапынан айтылған факт. Осынша аз қаржының кезінде-ақ қалада қыруар­-қыруар іс бітіп, ел еңсесін тіктеп алған көрінеді. Оның қасында қазір қала жұртшылығы құдайына қой атауы керек екен. Өйт­кені 2019 жылы Қызылорда қала­сының бюджеті 42,9 млрд теңгеден  77,3 млрд теңгеге  өскен!  Бұл бюд­жет­т­ің 80 па­йызға  ұлғайғанын  көрсетеді.

– Жылдан-жылға бюджет көлемі артып келеді. Бұл – жасалған нақты жұмыстардың көрінісі. Жылдың басын­ 70 миллиардтан бастап жатырмыз. Бұйыртса, 100 миллиардқа дейін жеткіземіз деген жоспарымыз бар. Яғни, осыған көптеген түйінді мәселелер шешіледі деген үмітіміз бар,- деді қала әкімі Н.Нәлібаев.

Оның айтуынша, әлеуметтік мәселелерге ел шыдамдылық та­нытқа­нда ғана ретімен шешімін табады.­

АУЫЛ   ШАРУАШЫЛЫҒЫ

САЛАСЫНАН   8  МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ   ӨНДІРІЛГЕН

Ақ күрішпен атағы шыққан  өңір­міз ғой.  Қызылорда диқан­дарына күріштен мол өнім алу айныма­с үрдіске айналып бара жатқан­дай. Ауыл шаруашылығы саласы­нда мемлекет тарапынан жасалға­н жеңілдіктер нәтижесінде егін шаруашылығы мен мал шаруашылығының көрсет­кіші артып келед­і. Биыл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 8 млрд теңгед­ен асқан.­ Саланы әртараптандыру  бағытынд­ағы жұмыстар қар­қын алып, қамбаға 20 мың 885 тонна күріш өнімі жиналды. Сонымен бірге мемлекеттік бағдарламалар аясында шаруа қожалықтарына 264,3 млн теңге­ көлемінде жеңіл­детілген несие беріліп, қала бойынша мал басының саны  58  мыңға жеткен.

Кәсіпкерлікте де қарқын бар. Бүгінде бұл салаға жастардың қызығушылығы артып келеді. Өйткені олар болашақта кәсіпкерлердің айы оңынан туатынын әлдеқашан ұғы­нып қойған. Мемлекеттің де алға қойған мақсаттарының бірі – осы салағ­а серпін беру. «Кәсіпкерлікті қолдау жылы» аясында қалада бір­қатар оң нәтижелер қалыптасты. Облыс­ бойынша нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің 50 пайызға жуығы – Қызылорда қа­ласы­ның үлесінде. Қалада жыл басынан­ бері өз қаражаты есебінен 91 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, жаңадан 501 жұмыс орны ашылды.  Ал индустрияландыру картасы аясында 70 миллиард теңгеге жуық қаржыға  8  жоба  жүзеге  асырылуда.

Жұмыссыз жүргендердің санын азайту  мақсатында 1 0 мыңдай  азамат  жұмыспен қамтылса, 900-ге жуық адам қайта даярлаудан өтіп, 131 адам­ға 612 млн теңге көлемінде шағын  несие  берілген.

Қала басшысы Н.Нәлібаев есеп барысында адам капиталының маңыз­дылығына тоқталып, денсаулық сақтау нысандарына байланысты жаңалықтармен бөлісті.

– 2019 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Белкөл кентінде жаңа дәрігерлік амбула­тория салынып, жұмысын бастады. Бүгінде Қызылөзек ауылдық окру­гінде де осындай амбулатория құрылы­сы аяқталып, жуырда ел игіліг­іне берілме­к. Биыл сондай-ақ Ақжарма ауылдық округінен жеке инвестор есебінен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жалпы құны 196,8 млн теңгеге дәрігерлік амбулатория  салынады,- деді ол.

КЕНЖЕ  ҚАЛҒАН  ІС  ҚАРЖЫНЫ  КҮТЕДІ

Тізе бергенге түйткілді мәселе көп. Қаладағы бірқатар шағын аудан­дардың электр желілерінің істен шығуы, ауызсу, кәріз жүйелері мәселелері де көп жылдан бері қозғалып келеді. Осыны ескерген қала билігі кейбі­реуін қолға алған сыңайлы. Ескірге­н электр желілерін қайта жаңарт­у мақсатында қаладағы Қызылжарма ауылдық округі, Шанхай, Коммунизм, Гагарин­, Титов, КБИ тұрғын аудандарында 500 шақырымға жуық желілерді қайта жаңғыртуға 4,5 млрд теңге­ жұмсалған. Ал жалпы жылу жүйелерін жаңғыртуға республикалық бюджеттен 2 мил­лиард теңгеге жуық қаржы қаралған. Жезқазған трассасының бойынан  150 гектар жер, «Сая­хат» мөлтек ауданы,­ Сырдария өзенінің сол жаға­лау­ы, қаланың шет аймақтарының инженерлік-коммуникациялық инфрақұ­рылымын дамыту­ға 2,5 млрд теңге  бөлінген.

Жаңа автобустар қатары толы­ғады. Орта сыйымдылықтағы жаңа автобу­стар алу үшін бюджеттен  200 млн теңгеден аса қаржы қара­лыпты. Автобус дегеннен шығады, «электронды билет» жобасы аясында қаладағы 30 шақты аялдамаға элек­тронды ақпараттық табло орнату жұмыстары жүргізілуде. Алдағы бірінші  жартыжылдықтың көлемінде «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы арқылы барлық әлеуметтік нысандарда, мектептер мен музейлерде, теміржол, автобекеттер аумағында жоғары сапалы бейнебақылау камералары орнатылмақ. Бұл бағыттағы жұмыстар қаладағы көлік қоз­ғалысын бақылауға зор үлесін қосады  екен.

Қаладағы С.Бейбарыс көшесінен Н.Назарбаев даңғылындағы «Қызылжарма» арнасына дейін магистралды көше салуға мемлекеттен 700 мил­лион теңгеден аса қаржы бөлінген. Көшелер көркейіп келе жатқандығын осыдан-ақ анық аңғаруға болады. Бірақ, тек орталықта ғана. Қазір қаланың­ орталық көшелері бір үйдің тұңғышындай қастерлі болып тұр. Алдымен солар ретке келтірілсе, кенжелері­не көңіл кейін бөлінеді. Оның да кепілдігі қаржыға байла­нысты.

ТІЛШІ   ТҮЙІНІ.

«Әкім хал­қына есеп беріп жатыр екен» дегенді естіген жұрт көкейкесті сауалдарын ала келіпті. Бірі көше жайын сұраса, бірі «қаладағы Тағзым­ алаңындағы есімдерді толықтыру керек» деген­ ұсынысын білдірді. Біз күткен «Халық сауалы» бөлімі бұл жолы көңіл көншіткендей болмады. Облыс­қа белгілі зиялы қауым өкілдері шаһар басшы­сының  шаруаларына ода айтты. «Ұшан-теңіз істің басы-қасында жүрген азаматқа шын разымыз» деп, әкімнің арқасынан қақты.  Тіпті өлең шумақтары да арналд­ы. Басшыға ода айту ықылым  заманнан  бері бар, дегенмен халық қызметшісіне әсіремақтаулар кезек-кезегімен  ағылғанда сырт отырған біздердің жүзімізді ұяттан төмен қаратты. Әкім  тарапына жан семіртер жақсы сөздер айтылды, ендігісін халық таразы­лай  жатар.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: