Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Гүлшара Әбдіқалықова: «Негізгі басымдық – жұмыс орындарын ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру»

23.05.2020, 21:44 617

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың аудандардағы жұмыс сапары Сырдария ауданымен жалғасты. Өңір басшысы Тереңөзек кентіндегі жаңа 18 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысын және жаңа шағын ауданның инфрақұрылымын тексерді. Бұл жерде электр желілері толық жүргізілген. Газ құбыры мен ауызсу желілерін салу бойынша жұмыстар басталды. Облыс әкімі инфрақұрылым желілерін толық жүргізіп, уақытылы тапсыруды жүктеді.

Сонымен қатар, аудан әкімдігінде өңір басшысының төрағалығымен Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған мәжіліс өтті. Облыс әкімі осы жылдың 4 айында  атқарылған жұмыстарға тоқталып, бірнеше салада көрсеткіштердің төмендегенін айтты.

«Мәліметтерге сәйкес, Сырдария аудан бойынша бірқатар көрсеткіштер өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда біршама төмендеген. Атап айтқанда, ауданда негізгі капиталға салынған инвестиция – 6,9 %, құрылыс жұмыстарының көлемі 19,2 %-ға азайған»,- деді облыс әкімі.

Жыл сайын ауданның кәсіпорындарымен күріш өнімдері шетелдік нарыққа экспортталуда. Елімізден экспортталған күріш өнімдері қайта өңделіп, бірнеше есе бағада өзімізге импортталады. Осыған байланысты аймақ басшысы күрішті қайта өңдеу және «даладан сөреге дейін» қағидаты бойынша өз өндірісін құру қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, өңір басшысы Қалжан ахун ауылдық округіндегі №126 мектебінде, Ақжарма ауылдық округіндегі спорттық сауықтыр кешенінде және «Ақжарма и К» фермерлік қожалығының күріш ақтау цехында болды. Тәулігіне 40 тонна күріш ақтайтын зауыт 15 адамды жұмыспен қамтып отыр.

            Мұнан соң, өңір басшысы Болат Нұрсейітов атындағы орталық алаңда ардагерлер кеңесінің өкілдерімен кездесіп, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде биылғы жылы 4 көшеге жарық, 9 көшеге орташа жөндеу жұмыстары және 3 көшеде арық жүйелері салынатын болады.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Шаған ауылдық округіндегі «Бал бөбек» балабақшасының жұмысын көрді. Сонымен қатар, ауылдық округтердегі «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында салынатын балалар ойын алаңдарының жобасымен танысты. Өңір басшысы балалар ойын алаңы заманауи талапқа сай, сапалы салынуы қажеттігін ескертті.

Облыс әкімінің Сырдария ауданындағы жұмыс сапары Нағи Ілиясов ауылында жалғасты. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Сейілбек Нұрымбетов «Мағжан и К» ЖШС-нің астық тазалау қырманының жұмысымен таныстырды. Зауытта екі ауысым бойынша 40 адам жұмыс істейді. Сағатына 5 тонна күріш тазалайды.

            Cонымен қатар, өңір басшысы Бесарық ауылындағы салынып жатқан жол құрылыс жұмыстарын көрді. 2019 жылы республикалық бюджеттен Сырдария ауданындағы «Қызылорда-Аэропорт-Қоғалыкөл-Шіркейлі» жергілікті маңызы бар автомобиль жолының 0-8, 13,5-18 шақырымы  және Бесарық ауылына кіреберіс автожолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал, 2021 жылғы жоспар бойынша «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Қызылорда-Аэропорт-Қоғалыкөл-Шіркейлі» автожолының 33-39 және 41-47 шақырымы мен «Самара-Шымкент-Жанадария» автожолы жөнделеді. Мұнан бөлек, осы ауылдағы «Абай-Дәулет» ЖШС-нің елді мекенді абаттандыру жқмыстарын көріп, шаруашылықтың жұмысымен танысты. Облыс көлемінде ірі күріш өндіруші компания қазір кәсіптерін әртараптандырып, мал шаруашылығымен айналысып, алма өсіруді де қолға алған. Осылайша, ауыл азаматтарын тұрақты жұмыспен қамтып, халықтың әлеуетін көтеруге атсалысуда.

Аймақ басшысы:  «Біздің жұмысымыздың негізгі басымдықтары – бұл жұмыс орындарын ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев біздің алдымызға қойған негізгі міндеттер осындай және біз оларды орындауымыз керек. Оған толық мүмкіндігіміз бар»,- деді.

Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Айдарлы ауылдық клуб үйінде ерікті жастармен кездесті. Кездесу мақсаты – ауылдың жастар бригадасының жұмысымен танысу. Айта кету керек, өткен жылы Айдарлы ауылдық округінің жастары Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының «Туған жер» кіші бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ауылға кіре берісте арка салған. Сондай-ақ, көпбалалы отбасына көмек көрсетіп, үй салып берген. Өңір басшысы белсенді жастардың атқарып жатқан жұмыстарына ризашылығын білдіріп, оларды қолдап, өзгелерге үлгі етіп көрсету қажеттігін атап өтті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: