Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Гүлшара Әбдіқалықова гүл шоқтарын қойды

09.10.2020, 14:20 1027

HALYQLINE.KZ Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Кеңес Одағының батыры, Еңбек және соғыс ардагері Жәлел Қизатовтың 100 жылдығына орай ескерткіш бюстіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысып, рухына тағзым етті. Шараға мемлекет және қоғам қайраткері, академик Бақберген Досманбетов, Қазақ Білім академиясының академигі Бүркітбай Аяған мен Ж.Қизатовтың туыстары қатысты. Олар батырдың елі үшін атқарған еңбегін ерекше атап өтті. Өз кезегінде арда азаматтың ұлы Көмекбай Қизатов тұлғаны құрметтеп, игі шара өткізіп жатқан Сыр жұртшылығына алғысын жеткізді.

Жиында аймақ басшысы Кеңес Одағы батырының өмір жолы өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге екенін атап өтті.

Қоғам қайраткері, батыр, ұлтжанды тұлға Жәлел Қизатов есімі өзінің туған жерінде ғана емес, Сыр елінде де құрмет төрінде аталады. Қызылжардағы және Есіл ауданының орталығы Явленка ауылындағы көшелерге, өзі білім алған ауыл шаруашылығы техникумына батырдың есімі берілген. Туған ауылы Қарағайда бюсті орнатылып, мұражай бұрыштары жасалған. Туған жеріміздің дамуында өзіндік қолтаңбасы қалған батыр тұлғаға деген шынайы құрметіміз ретінде Қызылорда қаласының көшесі және №23 мектеп лицейіне батыр есімі беріліп, ескерткіш бюсті орнатылды. «Жақсының аты өшпейді» дегендей, тау тұлға азаматтарымыздың атын ардақтап, келер ұрпаққа үлгі етіп отыру мақсатынан жаңылмақ емеспіз. Елін шын сүйе білген өз ұлтының асыл перзенті, патриоты, ерліктің эталоны Жәлел Қизатовтың есімі мәңгі есте сақталады, – деді Г.Әбдіқалықова.

Жәлел Қизатов 1920 жылы 9 қазанда Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысында от пен оқтың ортасынан аман-есен оралып, 1944 жылы Днепр өзені үшін болған шайқастағы асқан ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атанып, бейбіт күнде елі үшін еңбек етті.

Еңбек және соғыс ардагері 1968 жылы Сыр өңіріне келіп, халқының батырға деген құрметіне, ілтипатына бөленіп, тұрақтап қалды. Қызылорда облыстық астық өнімдері басқармасының бастығы, облыстық табиғатты қорғау қоғамы төралқасы төрағасының орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарды.

Облыс экономикасын дамытуға, әсіресе, ауыл шаруашылығы мен өңдеуші өнеркәсіп саласына елеулі үлес қосты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: