Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Енді Алашты ешкімнің қорлығына бермеңдерші, қарақтарым!

13.01.2021, 11:40 570

HALYQLINE.KZ

Енді Алашты ешкімнің қорлығына бермеңдерші, қарақтарым!

Сайлау қорытындысында заңда көрсетілген 7 пайыздық межеден асқан «Nur Otan», «Ақ жол» және Қазақстан Халық партияларының ұсынған тізімі бойынша әлгі Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланған тоғыз депутатты қосқанда Парламент Мәжілісінің жаңа құрамы жасақталып болды. Партиялық тізім бойынша депутат сайлау – бұл өзі шынтуайтында демократиялық үдерістерден аулақтау нәрсе. Бұл – депутаттарды тізгіндеп отырудың оңтайлы әдісі.

Парламентте партиялық фракция деген болады. Фракция отырысында қарастырылатын маңызды заң жобасына қатысты ортақ шешімге келген соң партиялық тізім бойынша сайланған депутаттар өз беттерімен қыңқ ете алмайды. Қол-аяғы маталады да қалады. Билікке керегі де осы. Небір аузымен құс тістеген дүлділдер торға түскен арыстандай арпалысқанмен дәрменсіздікке ұшырайды. Сайлау жүйесінің сұрқиялылығы да осында. Сырттай қарағанда бәрі демократиялық сипатта сияқты көрінгенімен іс жүзінде бұл азат ойды, халықтық пікірді тұншықтырудың құқықтық қитұрқылықтары.

Қазіргі сайлау жүйесі бәріміз жамандайтын кеңестік кезеңнен де кері кеткен. Өйткені ол кезде сайлау науқандары «коммунистік партия мен партияда жоқтардың мызғымас блогы» ұранымен өтетін. Яғни халықтың партияда жоқ бөлігінің құқықтары сәл де болса қорғалатын. Ал тәуелсіз Қазақстанның қазіргі қолданыстағы сайлау туралы заңнамасында партияда жоқтардың құқығы мүлде қарастырылмаған.

Орталық сайлау комиссиясының деректеріне үңіліп көріңіз. Парламент Мәжілісі сайлауына қатысқан бес партияға дауыс бергендер («Nur Otan» партиясына – 5 148 074 дауыс, «Ақ жол» – 792 828 дауыс, Қазақстан Халық партиясы – 659 019 дауыс, «Ауыл» ХДП – 383 023 дауыс, «ADAL» – 258 618 дауыс) саны 7 млн 241 мың 562 адам екен. Қазақстан халқы 19 млн. Жалпы электорат 12 млн-ға жуық адам.

Сонда 5 млн-дай адамның депутаттыққа өзін-өзі ұсыну құқығы аяққа тапталғанын бірден көресіз. Олар бәрінен сырт қалып тұр. Үздік бағдарламасымен өзін-өзі ұсыну жолымен халықтың қолдауымен өткен депутаттар «фракциялық ауызбіршілікке» көнбейтін. Олар қасқайып тұрып бетін тіліп шындықты айтатын. Міне, Қазақстан қоғамы саяси қитұрқылықтардың салдарынан осындай мүмкіндіктерден айырылып отыр.

Әрине, қазіргі режим жағдайында басқадай болуы да екіталай ғой. Бізді алаңдататыны – қазақтың сөзі сөйленбей жататыны.

Дегенмен осы жолы көңілді сәл де болса демейтіні мандат алғандар қатарында Дархан Мыңбай, Бекболат Тілеухан, Бахытбек Смағұл сияқты қазақша дауыс шығаратын «қарт гвардияшылармен» бірге Қазыбек Иса, Жанарбек Әшімжан, Айдос Сарым, Ерлан Сайыров, Берік Әбдіғалиұлы, Мейрамбек Төлепберген, Бекқали Торғаев, Марат Құсайынов сияқты ұлтқа қызмет етуді мақсат еткен жаңа толқынның пайда болуы.

Ұлт осылардан үміт етеді. Бүгінде халық депутаты деген ұғым жоқ. Ресми түрде бәрі партия депутаттары. Алайда бүгін біз оларды құттықтай отырып, партиядан сайланған «халық депутаттары» деп есептейік. Олар қазақты жұтып жіберуге дайын тұрған «жайындардың» өңешіне тас боп тығылады деп сенеміз! Осындайда Сұлтанмахмұт атамыздың: «Алаш туы астында Күн сөнгенше сөнбейміз, Енді Алашты ешкімнің Қорлығына бермейміз!» деген жалын сөздері еске оралады.

Енді Алашты ешкімнің қорлығына бермеңдерші, қарақтарым!

Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев),

жазушыпублицист.

Facebook-тегі парақшасынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: