«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 425.05 (0)

  • EUR: 509.29 (0)

  • RUB: 5.58 (0)

Бізге қандай әкім керек?

21.01.2020, 8:25 210 0

Жұмысқа орналасу жайына қалып, әкімнің әлегіне түскелі қашан? Қазаншы болып үйде отырғанына екі жылға жуықтады. Айтуынша, қайбір жылы қытайлық компания 50-ден аса адамды себепсізден-себепсіз бір күнде жұмыстан қысқартыпты. Басым бөлігі қазақтар екен. Абырой болғанда айлықтарын алып үлгерген. Ақ адал еңбектерінің ақысын алу да оңайға түспепті. Бірнеше рет шағымданып, компанияның табалдырығын тоздырған.

Берікбек – жоғары білімді азамат. Кезінде әке-шешесі қарызданып-қауғаланып жүріп оқытқан. Бір емес, қос дипломы бар. Саяси сауатты. Әлгі қытайлық компанияда бақандай бес жыл көлік жүргізіп, нәпақасын тапқан-ды. Уақытында әйелінің ақшасын жаратуға намыстанып, бірнеше жерге бас сұғып та көрді. Бірақ, онысынан ешнәрсе шықпады. Бас-аяғы 19 жұмыс орнының есігін қақты. Барлық жерде жемқорлықтың жаулағанын көріп, еріксіз шошыды. Мекемелер «бармақ басты, көз қыстыны» қажет етеді екен. «Биені бүгімен, түйені түгімен» жұтатындай, жемқорлық атауы өршіп тұр. Тіпті, он сегіз мың ғаламды жұтса да, жұмырына жұқ болмайтындай.

Ең өкініштісі, бұған жергілікті биліктің қауқарсыздық танытуы. Олай деуге себеп, Берікбектің жұмыстан шеттетілгелі бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Көз алдында өтіп жатқан әділетсіздікті «ақ жағалыларға» талай рет баяндады. Зеріккен жесірдің ісін желіккен жігіт те түсінеді ғой. Ал, бұлар… Оның үстіне тағынан таймайтын болған соң «креслосынан» былқ етпепті де. Кейбір мекемелер ішінде «дәрісі» бар конверт көрсетпесең, жұмысқа өлсең де кіре алмайсың деп ашық айтыпты.

Әкімдіктен басы салбырап шыққан ол істі соңына дейін жеткізуге барынша тырысатын болған-ды. Бірақ, жолына көк атпен кесе-көлденең тұратындар көбейді. Жан-жақтан жұлқылағандар сыбайластықтың нағыз үлгісін көрсетіп, тынысын тарылта түсті. Әкім мен халықтың арасы алшақтап кеткенін енді ғана түсінгендей. «Иә, бұл бар жайт. Оны ешкімнен, ешқашан жасыра алмаймыз» десті өз-өзіне жабығып. Отырып қалған әйелдей үйде қамалған екі жылда Берікбек қара басының ғана емес, қараша халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізуге талпынып көрді. Әуелі жылда көзден таса қалатын көріксіз көше жайын, одан соң ауызсу, аяқсу мәселесін қозғады. Көше тұрғындарын заң жүзінде өз құқықтарын білуге шақырды. Мұнан бөлек бірқатар өзекті мәселелерді қаузап, жоғарыдағыларға айтумен болды. Жергілікті әкімдік болса, «Жоспарда бар. Барлығы кезең-кезеңімен жүзеге асады» деген үйреншікті сөзін айтудан аса алмады. Ол аздай, білдей мекеменің жауапты маманы «Сен біздің артымызға майшаммен түстің-ау! Өзіңе не керек, атыңды шығара алмай жүрсің бе? Абайла, әйтеуір!» деп ескерту жасаған-ды. Міне, содан соң Берікбек біразға дейін аяғын тартып қалды.

Көп кешікпей әкімдер жаппай халық алдында есеп бере бастады. Жоқтан бар жасамаған атқамінерлер халықтың бар нәрсені жоқ деп айтпайтынын жақсы біледі. Есеп беру кезінде баяндаманы бар күшін салып оқыған әкімге сұрақтар қарша борады. Мұндай тосын сауалдарды күтпегендіктен, ол алақ-жұлақ етіп, састы да қалды. Қызметкерлері 4-5 адамға «мынаны қоясың, ананы қоясың» деп алдын ала дайындап қойған-ды. Өкінішке қарай, «сценарий» аяқасты өзгеріп, әкімнің ел алдында түрлі-түсті кейіпке енуіне тура келді. Онан соң, ісіне «салғырттық» танытқан қызметкерлеріне сөгіс берген де болар, кім білсін!?

Бағалай білмегенге бақ қонбайды. Бұл ауданның халқы басшысын бағаламады деу қисынсыз. Уақытында төресін төбесіне көтеріп, жақсылығын асырып, жамандығын жасырып та көрді. Бірақ, бай – саңырау, бек – соқыр болса, біткенің де. Онсыз да көзбояғыш әкімнің кесірінен, халық байғұстың көзінің сорасы ағып жатқаны әмбеге аян.

Ертесіне кешке Берікбектің үйіне алып-ұшып көршісі жетті. Есік қақпастан ентігіп ішке кірген оның алғашқы сөзі «Әкім қызметінен кеткелі жатыр екен ғой» деумен басталды. Есік қайта ашылды. Көршінің артынша келген әйелі екен. Ол да орындықтың бір бұрышына отыра кетіп, осы мазмұндас әңгімені бастап кетті. Орнын босатады дегенді сәтті пайдаланған кейбіреулері ертесіне кетуін нақты талап еткен көрінеді. «Жақсы әкім ғой, тәуірін қайдан таппақсыңдар?» деп қалың жұртшылықтан бөлініп, көткеншектегендері де табылды. «Келгенде қылдай жігіт еді, кетер кезде қарны қабақтай, беті табақтай болып барады. Әкім болып не бітірді?, Ех, енді ел болармыз» десті жұрт. Мұндай пікірлердің айтылуы да орынды. Өйткені, бірлігі сүттей ұйыған халықтың азып-тозғанын тұрмыс-тіршілігінен аңғару қиын емес еді.

Әкім кетеді дегелі үшінші күн. Басшылық кетсе, дайын тұрған жұмыс бар секілді Берікбек те ауыс-түйіске алаң. Қызметі өсіп, өзге ауданды да біз секілді етпесе болар деген жанашырлық ойы да бар. «Кетер болса, бізге қандай әкім келеді?» дейді тағы да.

Кешқұрым сүйінші жаңалық жетті…

* * *

Ұйықтар алдында қиялдың жетегіне еріп, біраз жерге барып қайтқандай болды. Ондағы ойы «Талап-арыздарыңызды айтыңыздар, сіздерге қандай әкім керек?» деген мәтіндегі бір жапырақ хат келсе, жазар едік дейді.

«Бізге қандай әкім керек? Білімді, көзі ашық, әділетті, қарапайым…»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: