«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 423.87 (1.47)

  • EUR: 505.25 (2.47)

  • RUB: 5.59 (0)

«Ашаршылықтан қазақтың 49 пайызы жойылып кетті»

02.06.2020, 10:35 230 0

HALYQLINE.KZ

– Ашаршылықтың салдарынан қазақ­тың жартысына жуығы, яғни 49 пайызы жойылып кетті. 1921-1922 жылдардағы ашар­шылықтан халықтың 30 пайызы қырылды. Егер бұл қанқұйлы қасірет орнамағанда, қазақтың саны қазір 40 мил­лион болар еді. Бұл – менің тарихи деректерді саралап айтқан жеке пайымым. Бұдан үлкен қандай қасірет бар? Өткен күнге зер салсақ, халқымыздың геосая­си орналасу кеңістігі  үлкен империя­лар­дың ортасына түсіп әрқашан осындай қасіреттерге ұшыраған. Екі миллион халық қырылу деген оңай емес. Қазақ ашаршылықтың салдарынан өзінің ру­­хани дәстүрлерінен, даму жолынан ажырады. 1928 жылдан бастап ірі байларды тәркілеу басталғаннан кейін күштеп ұжымдастырудың негізінде зорлап отырықшыландыру белең алды. «Бай-құлақтарды жою» деген саясат пайда болды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін жаппай тартып алу, мал шаруашылығын күйрету, қуғын-сүргін бәрі қатар жүрді. 1937 жылы шілдеде  «Социалистік меншікті қорғау» деп атал­ған қисынсыз заң шығып, қаншама аза­мат түрмеге тоғытылды. «Ауқатты ша­руа­ларды тап ретінде жою» деп айдар та­ғылған бір ғана науқанда 200 мың адам жер аударылып, талайы сотталды. Осының бәрі қазақты әлеуметтік, саяси, рухани тұр­ғыдан да жаншыды. Еңсесін езді. Саяси қасі­рет дейтініміз, қазақ өзінің ұлттық мем­лекет болам деген  арманынан қол үзді. Алаш­­ордашылар осы арманның ең соңғы ұмты­лушылары болды. Бұл тақырыпты осын­дай кең ауқымда қарастыруымыз керек.

Біз тек ғана «қазақ жартысынан айы­рылып қалды», «ашаршылық болмаса бәрі бұлай болмайтын еді» деген са­рындағы пікірлермен шектеліп қал­май, осынау қасіретті жылдар ұлттық та­мы­рымыздан ажыратып, ділімізден жаңыл­дыра жаздағанын түйсінсек игі. Міне, ашаршылыққа осылай баға беруіміз керек. Қаймақтарымызды қалқып алды, барымызды тартып алды. Алашорданың қайраткерлерін айтпағанда, қаншама иманды тұлғаларымыз, рухани көсемдеріміз болған зердесі терең зиялыларымыз жа­зық­сыздан жан кешті. Өзінің туған баласын суға лақтырып, адам етін жеуге дейін бар­ған кездер болды. Қазаққа төнген ашар­шылық – ешбір адамзаттың басына тілемейтін жан түршігерлік, ғасыр қасіреті деп бағалауымыз керек. Оның рухани салдарлары бертінге дейін аға ұрпақтың санасындағы  үрейлене еске алатын ең сұрықсыз көрініске  айналды. Қазақты дәстүрлі жолдан тайдырудың ең үлкен көрінісі осы ашаршылық.

Белгілі ғалым Талас Омарбековтың

«Егемен Қазақстан» газетіне

берген сұхбатынан үзінді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: