Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Америкадағы бұлқыныс – адам құқығы мен нәсілшілдікті жоятын саты

02.06.2020, 14:55 575

HALYQLINE.KZ АҚШ-та толқулар болып жатыр. Әлемнің назары сонда. «Америка құлап қалуы мүмкін» деген адамның сұр сұйықтығына симайтын жорамалдар мен қызықты талдаулар да айтылуда. Бес тиынымды қоса кетсем.

Сонымен халық о баста қара нәсілді Джордж Флойд есімді жігітті полицияның аяусыз өлтіргенінен кейін бұрқ етті. Нәсілшілдікке қарсы және полицияның әрекетіне наразылық ретінде көшеге шықты. Бұл – қос қолдап құптарлық іс. Өйткені, кез келген елде адам өмірі жоғары тұруы тиіс. Әрине, о баста нақты талапты қойған халық әлі сол талабын сақтауда. Ал наразы топты пайдаланып, қалтасын қампайтып қалғысы келген тонаушылар орта жолдан қосылды. Қосылды да, бұл акцияның мәні мен мағынасын бұзып, бүлікке айналдырып жіберді. Олар дүкендерді тонап, көліктерді өртеп, ғимараттарды қиратуда. «Тегін Айфон алып қалайық» деп көшеде жүгіріп жүр. Енді о баста анық бастамамен шыққан саналы топ, бұл тонаушыларды айыптап жатыр. Айыбы орынды. Біреудің мүлкін қирату, өз еліңді бүлдіру – нағыз қылмыс. Қай заманда да ондай адамдар табылған. Тонаушы бүлікшілер демократия туын көтеріп жүргенімен, анархистердің әрекетін істеп жатыр. Тәк, сонымен АҚШ-та қазір екі топ бар. Біріншісі – «адам құқығы», «нәсілшілдікті жою», «полицияға реформа» ұранымен жүргендер. Олар саналы қоғам тәсілімен бәрін бейбіт жасауда. Ештеңені қиратпайды, шақпайды, өртемейді, ешкімді сабамайды. Екінші топ – бүлікші-тонаушылар. Олардың «құқық, реформаға» түкіргені бар. Осы акцияны пайдаланып, Джордж Флойд өлімін желеу етіп, хаос жасап, қалтасын қампайтып қалу. Мақсаттары – барынша бүлік, барынша қирату және сәл-пәл пайда табу.

Әр штаттың билігі әртүрлі әрекет етуде. Бір штаттар әскер кіргізуде, енді бірі керісінше диалогқа баруға тырысуда. Екі тәсілді де қолдауға болады.

Кей штаттар бүлікшілер бар буын шығарып алсын деп те жатыр. Әрине, бір адамның өлімі осынша бұлқыныс туындатуы қызық. Оған тек ғана осы жағдай емес, сонымен қатар пандемия әсері де болуы мүмкін. Халық бірнеше ай үйде отырды, мемлекет трлндаған доллар көмек көрсетсе де, халықтың жағдайы нашарлай түсті. Бар ашу-ызасын сыртқа шығарып тастауға, Флойд өлімі шырпы болған секілді. Оның үстіне тағы бір қызық тенденцияны байқауға болады. Трамптың толқулардан кейін рейтингі түсіп, Байдендікі өсіп барады. Ал жақында сайлау. Қызық…

Мұнда тек халық емес, биліктегі өзара қарама-қайшы күштер де таласып жатыр деген сөз. Біреу бұл бұлқыныстарды «Американың ақыры» деп жатыр. Әрине, күлкілі. Бұдан зорғысын көрген Америка мұны да өте шығады. Бәрінен бұрын Соловьевқа азық табылып, жақсы болды-ау. Жалпы, осындай бұлқыныстар басқа державаларда болуы мүмкін ба? Мысалы, Ресей мен Қытайда. Жақын арада мүмкін емес-ау. Қытайда полицияның адамды аяусыз қыра беретіні балаға да белгілі. Ал, Ресей ше? Жыл сайын заңды жұмыс істеп, салық төлеп жүрген мыңдаған еңбек мигранты табытпен қайтатын елде, «тәжіктің өмірі құнды» немесе «азиаттарға тиіспелік» деп әр қаласында бұлқыныс болуы қиял ғой. Соған қарағанда Америкадағы бұлқыныс оның кері кеткенінің емес, адам құқығы мен нәсілшілдік элементтерін жоюдағы келесі саты деп қарасақ болады. Ал Мәскеу мен Бейжің әлі бірінші сатыға да қадам баспады-ау, тіпті лагерьлер салып, аннекcия жасап, артқа кетті.

Асхат Қасенғалидың

фейсбук парақшасынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: