Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алматы шетелдік блогерлерге 35 миллион беруге әзір

05.02.2020, 16:01 578

Алматы қаласы әкімдігінің туризм басқармасы шетелдік блогерлер мен журналистердің екі баспасөз турына бюджеттің 35 714 285 теңгесін жұмсауды мақсат етіп отыр. Әкімдікке қарасты туризм басқармасы ақпанның 4-і күні мемлекеттік сатып алу порталында шетелдік блогерлер мен журналистердің баспасөз турын ұйымдастыруға тендер жариялаған.

Ашық конкурс түрінде өтетін тендерге өтініш қабылдау 12 ақпан күні басталып, 27-сіне аяқталады. Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған хабарламаға қоса тіркелген қызметтердің техникалық ерекшелігі құжатына қарағанда, баспасөз турдың мақсаты – Алматы қаласының туристік әлеуетін дамыту, елдер арасында туристік алмасуды көбейту.

Әр баспасөз турына шетелден 20 блогер қатысуы тиіс. Туризм басқармасы тендерді ұтып алған ұйым блогерлерді қай елден шақыратынын тізген. Атап айтсақ, ұйымдастырушы блогерлер мен журналистерді Германия, Австрия, Испания, Португалия, Франция, Италия, Польша, Ұлыбритания, Бельгия, Гонконг, Қытай, Таяу Шығыс пен Оңтүстік Шығыс Азия елдерінен алдыртуы қажет.

Бірінші баспасөз туры 2020 жылдың 2-3 тоқсанында өтсе, екіншісі 3-4 тоқсанда ұйымдастырылатын көрінеді. Блогерлерге арналған 6 күндік пресс-тур бағдарламасы «Алматы қаласындағы экскурсия», «Қазақ халық музыкалық аспаптар мұражайына бару», «28 панфиловшылар паркінде саяхаттау», «Көктөбеге көтерілу», «Көк базар аралау», «Сұңқар» құстар бағы», «Гұндар» этноауылы», «Шарын шатқалы», «Медеу мұз айдыны», «Шымбұлақ тау-шаңғы курортына бару», «қазақ ұлттық тағамдарын дайындау бойынша мастер-класс өткізу», «ұлттық костюмдерде фотоссессия жасау үшін қолөнершілер шеберханасына бару» секілді «ерекшелігімен» жалғасады.

Шетелден келетін блогерлер Алматыдағы 5-жұлдызды қонақүйлерінің біріне орналастырылады. Тендерді ұтып алған ұйым шетелдік қонақтарды әуежайда күтіп алудан бастап қонақүйге тұрғызу, баспасөз туры бағдарламасын әзірлеп, ұйымдастыру, блогерлерді автобуспен алып жүру, тамақтандыру, ақпаратпен қамтамасыз етуге дейінгі шаралардың бәрін іске асырады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: