Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Айтылмаған дат!

09.09.2020, 9:40 514

HALYQLINE.KZ

Ол кезде мен жеке кәсіпкер болатынмын. Бір күні Парламент депутаты Ұзақбай Қараманов ағамыз Қазалыда сайлаушыларымен кездеседі деген хабарды естідім. «Ойбай, Арал өңіріне экологиялық зардап үшін төленетін ақша алынып тасталады екен» деген жағымсыз хабар желдей есіп тұрған шағы. Жалақы, зейнетақы да кідіріп тұрған қиын тұс. Мен Ұзақбай Қарамановпен кездесуге қатысып, көпті толғандырған кейбір мәселені өлеңмен (қай бір өлең дейсіз, шала-шарпы дүние ғой) жеткізуге бел байладым. Шама-шарқымша жазып, өлеңді қалтама салып, кездесу өтетін мәдениет үйіне бардым. Жүздесуді ұйымдастырушылардың бірі, әкімшілікте қызмет жасайтын таныс ағайға жолығып, жөнімді айттым. Әлгі ағай алдымен өзіне оқып беруімді сұрады. Оқыдым… Ағайдың түсі бұзылып кетті. Мұндай өлеңді көпшілікке жария қылу жөн еместігін айтып, оқымауды өтінді. Жастықтың жалыны басыла қоймаған асау көңілмен келіспедім. Ақыры ағам дегеніне көндірді. Алайда жүздесуден соң өзім жақсы сыйласатын марқұм Абылай (көпшілікке сары атауымен жақсы таныс) ағам бастаған бір топ жігіттерге өлеңді оқып бердім. Анау-мынау адам жандарынан аулақтау жүруге тырысатын азаматтар жылы қабылдады. Бүгін сол өлеңді сарғайған қойын дәптерімнен тауып алдым… Арада қаншама жыл өтсе де сол күн кино лентасындай көз алдымнан жылжып өтіп жатты…

Датым бар, аға!

Датым бар, аға,

Сайлады сізді Қазалы.

Шындықты айтсам,

Болмаспын сірә жазалы.

Қуанды елің,

Өзімнен туған ұлым деп,

Қосылған малы,

қайнаған бірге қазаны.

Датым бар, аға,

Ініңмін қайыс, тұз сіңген.

Толып та жатыр,

Жұмыссыз жандар күрсінген.

Балаға қарап,

Арбаны тартқан базарда,

Келемін басып,

Шарасыз халде, құр сүлдем.

Датым бар, аға,

Жеңілдік алсақ артық па,

Қазалы жері,

Қырым ба, әлде Балтық па?

Отызға жетпей,

Самайын шалған ақ қырау,

Кездесер жандар,

Бет бұрған ерте шалдыққа.

Датым бар, аға,

Аралың құтты аймағың.

Теңізің өшіп,

Айналды сорға қайраңың.

Көбейді тіпті,

Атылу, жіпке асылу,

Кінәлі дейміз,

Жұлдызды ғарыш айлағын.

Датым бар, аға,

Айтатын менің, датым бар.

Жақ ашпай үнсіз,

Қалады қалай ақындар?

Қалқыған көкте.

Өзіңнен ұшып түлеген,

Қыранға нағыз,

Сенімін көптің артыңдар!

Өздеріңіз көріп отырғандай өлең деуге келе қомас. Оған қоса, жоғарыдағы себеппен қарапайым сайлаушының бірі ретінде Ұзақбай ағамызға айтар сөзімді жеткізе де алмадым. Бірақ… Ұзақбай Қараманов көкеміз қабырғалы қауымы, өзіне үміт артқан елінің сенімін толығымен ақтағанына көпшілік куә. Жатқан жеріңіз жайлы болсын, асыл аға!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: