Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

28 жыл бойы 5 томдық сөздік жасаған…

18.10.2020, 14:00 612

HALYQLINE.KZ Қазақстанда 13 жыл премьер-министр болған Нұртас Оңдасынов демалысқа шыққаннан кейін Мәскеуде 3 бөлмелі пәтерде тұрыпты. Бір бөлмесін түгел кітапқа толтырып жұмыс бөлмесі етіп арнап алыпты, таңғы шәйін ішкеннен кейін, қыры сынбаған кастөм шалбарын киіп сағат 9-ға 10 минут қалғанда бөлмесіне кіріп кетеді екен. Сол отырғаннан түсте сағат 13-ке 10 минут қалғанда шығып, кемпірінің дайындаған түскі тамағын ішіп, сағат 14-ке 10 мин қалғанда қайта кіріп кетеді. Кешкі сағат 18-ге 10 минут қалғанда бөлмесінен шығып, бір сағат далаға серуендеп, кешкі 20:00-де тамағын ішіп дем алады екен. Нұртас ағамыз дәл осылай қатып қалған уақытпен 28 жыл өмір сүріпті. Қазақстаннан адам келсе кемпірі жылайды екен «мына әпенді ағаларыңа айтсаңдаршы, не істеп отыр мына бөлмеде, үш мезгіл тамағын дайындаумен өлетін болдым» деп. Сонда Нұртас ағамыз сол бөлмеде 28 жыл бойы қазақтың бір сөзі төрт тілде қалай аталатыны жөнінде 5 томдық «энциклопедиялық словарь» жасаған екен.⠀


Нұртас Оңдасынов естелiгiнен:

«… – Соғыс бітіп, ел әлі есін жиып үлгермеген жылдар. Мәскеудегі өтетін жиналыстарға жиі барамыз. Бір жолы сондай бір жиынды Украинаның сол кездегі басшысы Н.С.Хрущев жүргізді. Оның қасына Өзбекстанның жетекшісі Осман Юсупов жайғасыпты. Мәжіліс залына кіргенімде екеуі сыбырласып отыр екен. Шынымды айтсам, екеуін де аса ұната қоймайтын едім, сондықтан көздеріне түспей-ақ қояйын деп арт жаққа отыра беріп едім, Хрущев көріп қалды да:⠀

– Оңдасынов, тұр орныңнан! Сен неге өзбектерге ана үш ауданды бергің келмейді, өзбектер мақтаны жақсы егеді! – деді діңкілдеп. Мына сөз менің шымбайыма батып кетті:⠀

– Ол үш аудан менің жерім емес, оны беру-бермеуді халық шешеді! Ал мақтаны біз де жақсы өсіреміз, өткен жылы жоспарды асыра орындадық! – дедім.⠀

Хрущев қып-қызыл болып кетті, ашулы үнмен «отыр!» деді. Оған айтқызып отырған Осман Юсупов екені даусыз. Өйткені оның өзі маған бір мәрте шығып, осы осы үш ауданды сұраған болатын, сонда мен: «Сіз де бір республиканы басқарып отырсыз, Сізден қырғыздар немесе әлде түркімендер үш емес, бір ауданыңызды сұраса берер ме едіңіз?!» дедім. Уәж айта алмай қалған болатын. Өзінің сөзі өтпеген соң даңғой Хрущевты айтақтап салып отырған түрі ғой!»


…Нұртас Оңдасынов еліміздің ең қиын күрделі кезеңінде ел Үкіметін 13 жыл бойы басқарыпты. Сонау 1938 жылы талай қыршынды қынадай қырған уақытта небәрі 34 жаста жоғары қызметтің жауапкершілігін сезінген екен. Жалпы, оның өнегелі ісін көзі қарақты зиялы қауым жақсы білгенімен, жеке тұлға ретінде қоғамдық-саяси қызметі ғылыми тұрғыдан өз бағасын алды ма?

Шолпан Амангелді

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: