Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

2021 жылы қағазбастылықтан арыламыз

17.11.2020, 17:45 526

HALYQLINE.KZ

Қазіргі эпидемиологиялық ахуал жағдайында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бизнес процестерді оңтайландыру және автоматтандыру бойынша ХҚКО жұмысының форматынан артық құжаттар талаптарын алып тастады. Тиімді шаралардың бірі – «Blockchain» технологиясын енгізу. Бұл мемлекеттік қызметтерді көрсету уақытын едәуір қысқартады және деректерді үшінші тұлғаларға беру мүмкіндігін болдырмайды. ҚР Премьер-министрі А.Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мемлекеттік қызмет көрсету процесін жетілдіру мәселелері қаралды.

ҚР Мемлекеттік қызметтер тізілімінде 698 мемлекеттік қызмет түрі қарастырылған, олардың 85,5%-ы онлайн-режимде көрсетіледі. Осы жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 90%-ға дейін жеткізіледі деп жоспарланып отыр. Биыл «eGov» пайдаланушыны биометриялық сәйкестендіру жолымен бір қадамда жеңілдетілген тіркеу механизмін енгізеді. Осылайша, eGov-та ұялы телефонды бетке жақындату арқылы тіркелуге болады, ал биометриялық сәйкестендіру қосымша сұрақтар қою арқылы пайдаланушыны өзі анықтап, тіркейді.

Одан бөлек, азаматтардың автомобильдерді тіркеу үшін мамандандырылған ХҚКО-ларға баруының баламасы ретінде банктік қосымшалар арқылы сатып алу-сатуды ресімдеуге де болады. Бұл қызмет көрсету уақытын 10 минутқа дейін қысқартады (құжаттар үйге жеткізіледі). Биылғы жылдың соңына дейін электрондық форматтағы әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтер көрсеткіші 90%-ға дейін жеткізіледі.

Қоғамдық мониторинг қорытындысы бойынша электрондық мемлекеттік қызметтерді енгізу бойынша тиісті деңгейді жұмыс жүргізбей отырған аймақтардың қатарында Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Батыс Қазақстан, Қызылорда, Алматы облыстары мен Шымкент қаласы да бар.

Үкімет басшысы жергілікті атқарушы органдарға мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қанағаттану деңгейін кемінде 80%-ға жеткізуді, сондай-ақ ТКШ қызметтері бойынша астаналық «Iqalа» жобасы үлгісімен тиімді шешімдер енгізуді тапсырды. Цифрлық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, барлық әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметтерді eGov mobile-ға ауыстыру жоспарын бекіту тапсырылды.

 – Халыққа жұмыстың нақты нәтижелері қажет. 2021 жылы «қағаз» анықтамалардың қажеттілігін толығымен жойып, «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясынан қызметтерді жеткізуді қамтамасыз етіп, барлық онлайн қызметтер мен сервистердің қолжетімділігін 100%-ға дейін арттыруымыз керек, – деді А.Мамин.

Осы мәселеге байланысты Премьер-Министр орталық және жергілікті атқарушы органдарға барлық ақпараттық жүйелердің тиімді интеграциялануын және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді, олардың жұмыс сапасын және халық үшін пайдалануға жеңілдігін арттыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: