Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауру жылқының етін жеуге бола ма?

01.10.2020, 13:04 1550

HALYQLINE.KZ Қызылорданың таулы аймағының бірі – Жаңақорғанда жылқы малдарының жаппай өлуі дерегі тіркелді. Ауданның төрт елді мекенінде жылқы малдары белгісіз себептермен ауырып, өлім-жітімге ұшыраған. Осыған байланысты жергілікті ветеринариялық дәрігерлер ауру ошағында болып, ауырып тұрған жылқылардың клиникалық белгілері бойынша (өлген жылқылардың басын тексергенде ересек гастрофилез құрттары анықталған) «жылқы гастрофилезі» болжамды диагнозы қойылды.Бұл туралы облыстық ветеринария басқармасының басшысы Е.Әпетов өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.

 – Аудандық ветеринариялық зертханаға ауырып тұрған жылқы малдарының тезегі (фекалий), ішкі органдары тексеруге жіберіліп, зерттеу қорытындысы бойынша «жылқы гастрофилезі» ауруына оң нәтиже берген. БАҚ-да мәлімделгендей 200 бас жылқылардың өлекселері анықталмаған. Қазіргі кезде ветеринариялық дәрігерлердің анықтауы бойынша нақты өлген жылқылар саны – 29 бас. Дер кезінде мамандарға хабарланса, алдын алуға болады. Осы кезге дейін ауырып тұрған 64 бас жылқы емделді, – деді облыстың бас ветеринары.

Айтпақшы, бұл ауру паразитарлық ауруларға жататындықтан, ауруға қарсы ветеринариялық іс-шаралар мал иесінің өз қаражаты есебінен жүргізіледі және ешқандай мемлекеттік өтемақы төленбейді.

 – Бұл жылқы малының ішкі ағзаларын зақымдайтын паразитарлық ауру болғандықтан, ішкі ағзаларын жойып, етін пайдалануға болады, – деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Е.Амантайұлы.

Ветеринария инспекциясының басшысы Жандос Сәрсенбаевтың сөзіне сенсек, мал иелері тарапынан жылқылары ауырып тұрғандығы туралы уақытылы ветеринариялық дәрігерлерге хабарланбаған. Оның үстіне 200 жылқының өлгендігі туралы нақты дерек те жоқ.

 – Халық арасында теріс түсінік бар. Малды тіркеуден өткізсем, мемлекет шығынын өтеп береді деген. Олай емес. Әр малға тек иесі жауап береді, – деді.

Жылқы гастрофилезі ауруы бөгелек құрттарынан (личинкалары) пайда болатын ауру болғандықтан, аурудың алдын алу шараларын жүргізбесе, бөгелек құрттары жылқы ағзаларында ересек құрттарға айналып, емдік шаралар жүргізу тиімсіз болып есептеледі және өлім-жітімге әкеліп соқтырады. Қазіргі күні эпизоотиялық ахуал тұрақты. Бұл жұмыстар облыстық ветеринария басқармасының қатаң бақылауында.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: