Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жолаушы мен жолақы

23.01.2020, 8:22 1296

Электронды билетке неге көшпедік?

Облыстың бас шаһарындағы жолаушы тасымалын сапалы ұйымдастыру мақсатында 2019 жылдың соңына дейін мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында «Қызылорда қаласындағы қоғамдық көліктерге электрондық билет жүйесін орнату жобасы» іске асырылады» деген ақпараттан қалың қауым хабардар. Алғашқы кезеңде 2019 жылдың 1 желтоқсанында автопарк меншігіндегі автобустарға «Alem Pay» ЖШС-мен электронды билеттік жүйе орнатылып, желтоқсан айының екінші жартысынан бастап қалаішілік барлық маршруттарға аталмыш қондырғыны қою жоспарланған еді. Бұл «Alem Pay» ЖШС-нің жеке қаржысы есебінен жүргізіледі. Сондай-ақ, республика көлемінде бюджет қаржысынан тыс істелгелі отырған осы саладағы алғашқы жобалардың бірі деп те атаған еді сала мамандары. Алайда бұл өзгеріс жылдар тоғысында да орындалмады. Себебі неде?

Аттың басын арнайылап «Қызылорда автобус паркіне» бұрып, мекеме директорының орынбасары Қанат Рахметовпен жолықтық. Мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі.

 – Өткен жылдың 1 желтоқсанында автобустарға арнайы электронды билет жүйесі енгізіледі деп жоспарлағанымыз рас. Жылдың соңына дейін қолма-қол төлем де, электронды төлем де 90 теңге күйінде сақталады дедік. Ал жыл басынан бастап электронды жолақы төлеу 90 теңгеден 80 теңгеге арзандап, қолма-қол төлем ұсыну 150 теңгеге қымбаттайтыны туралы ақпараттар жарияланды. Алайда «Alem Pay» компаниясының құрылымдық өзгерістеріне байланысты жобаны жүзеге асыру мерзімі де кешіктіріліп отыр. Бұған дейін аталмыш компания «Beeline» ұялы байланыс операторларының көмегімен жұмыс істейтінін мәлімдеген. Белгілі бір себептерге байланысты келісімшарт «Kcell» компаниясымен жасалуда. Осындай дәлелді себептермен жаңа өзгеріс уақыты кешеуілдеп тұр. Алдын ала міндетті түрде хабарлайтын боламыз. «Ертеңнен бастап жаңа жүйе іске қосылды» деп халықты әбігерге салу ойымызда жоқ. Бұйыртса, электронды қондырғы ақпан айында «Қызылорда автобус паркіне» қарасты автобустарға, кейіннен барлық бағыттағы маршруттарға енгізіледі. Тек құжат мәселесі шешімін табуы керек. Бастапқыда электронды билет бағасы мен қолма-қол төлем де 90 теңгені құрайды. Жаңа өзгеріске түпкілікті көшкеннен кейін ғана электронды қондырғыны қолданушы жолаушылар 80 теңге, жолақыны қолма-қол берушілер 150 теңге төлейтін болады, – деді Қ.Рахметов.

150 қоғамдық көлік жетіспейді

Жалпы, қазіргі күні қала бойынша барлығы 600-ден аса қоғамдық көлік бар. Оның 300-ден астамы – орта, 120-сы – үлкен, 250-ге жуығы – сыйымдылығы кіші маршруттар. Қалаішілік 33 бағытқа күнделікті 400-420 көлік халыққа қызмет көрсетіп отыр дегеннің өзінде бағытаралық көліктердің жеткіліксіздігі анық сезіледі. Жүру аралығы да ұзарып, жолаушылардың аялдамада ұзақ күту жайттары қыс мезгілінде жиілейді. Ал жауапты мекеме өкілдері қоғамдық көліктер жазғы уақытта жергілікті уақытпен 22:00-ге, қысқы уақытта 21:00-ге дейін жүру керектігін айтады. Бірақ…

 – Қала халқының саны да жыл санап өсіп келеді. 2013 жылдан бері шаһарда 15-ке жуық жаңа мөлтек ауданының қосылғанын есептесек, бізге біріншіден, әлі де 150-дей қоғамдық көлік жетіспейді.., – деді.

«Қала тұрғындарының сұранысына сәйкес облыстық бюджеттен 278 млн теңге қаржы қаралып, қосымша үлкен сыйымдылықты 35 дана автобус сатып алынады» деген еді қала әкімінің орынбасары Е.Құлахметұлы бір жиында. Мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысты жайттарға байланысты ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында 15-тей автобус сатып алуға қаржы бөлініпті-міс.

Бағыт сызбасы ескірген

 – …Екіншіден, автобус бағыттарының жаңартылған сызбасы жасалынуы керек. Біз әлі 7 жыл бұрынғы сызбамен жүрміз. Жаңа аудан тұрғындарын маршруттардың соңғы аялдамаларын ұзарту арқылы ғана қамтып отырмыз.

 – Ескірген сызбаны жаңартуға не кедергі? Қызылордада маман жоқ па? – деген сауалды төтесінен қойдық.

 – Ешқандай кедергі жоқ. Бұл мәселенің шешімін табуға ең қысқа дегенде 6 ай уақыт кетеді. Бүгінде осы жөнінде алматылық мамандармен ауызша келісімшарт жүргізілуде. Өйткені Қорқыт ата атындағы ҚМУ-де арнайы кафедра бар, бірақ олардың күші жетпейді. Түптеп келгенде жолаушыларға белгіленген уақыт аралығында үздіксіз қызмет ету үшін күніне 500-ден астам қалаішілік маршрут жұмысқа шығу керек.

Осыдан үш жыл бұрын қалаішілік маршруттардағы жолақы құны ересектерге 90 теңге, оқушыларға 40 теңге деп бекітілді. Ал арнайы жеңілдіктер І топ мүгедектеріне, бала күнінен мүгедек 16 жасқа дейін балаларға, жасы 70-тен асқан зейнеткерлерге, ҰОС ардагерлеріне қарастырылған. Сала мамандарының бұған дейінгі өткізген брифингінде қоғамдық көліктердегі жеңілдіктердің сақталатыны және алдағы уақытта электронды билетке қатысты қосымша жеңілдіктер қарастырылатыны айтылды. Бұл өз кезегінде табыс көзінің ашықтығына және автобус паркін жаңартуға септігін тигізеді екен. Әліптің артын бағайық…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: