Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаныққан жүргізушілерді кім жүгендейді?

21.05.2020, 10:23 545

Әйтеке  би  кентінің  әкімі 

Қайрақбай  Орынбасаровтың  назарына

Газетіміздің  Қазалы ауданындағы қосынына Бақытбек Қазыбаев есімді оқырманымыздан қарақан басының ғана емес, көрші-көле­мінің  де жанайқайын жеткізген хат келді.

– Біздің, яғни, кенттегі Ғабдуллин мен Бөріқұлақов көшелерінің қиылысында тұратын тұрғындардың жол бойымен ерсілі-қарсылы жүретін жүк көліктерінен әбден ығырымыз шықты. Құм, өзге де зат тиеген жүк көліктері көше бойымен орталық көшеге дейін өте жоғары­ жылдамдықпен жүреді. Олардың екпінімен көтерілген шаң-тозаңнан жазды күні есіктің алдында отыруға мүмкіндік жоқ.

Әсіресе, бізді осы маңайда ойнап жүретін балаларымыздың қауіпсіздігі қатты алаңдатады. Ағылған машинаның бірі қағып кетпесе­ екен деп қорқып отырамыз. Мұндай жайт бұрын орын да алған еді. Баланың аты бала ғой. Қаншама қадағалап, сақтандырып­ отырсаң да байқамай қалуы мүмкін. Жоғарыда айтылғандай, өкінішті оқиға тағы да қайталанбауы үшін тиісті мекемелер тарапына­н осы жерге жүргіншілер жолағы (пешеход) салынып, жылдамдықты төмендетуді ескертетін белгі қойылса дұрыс болар еді, – деген мазмұндағы жазбадан соң көшенің жайымен танысуды құп көріп, аталған аумаққа бардық.

Бөріқұлақов көшесінің бойында шынымен де, көліктер қоз­ғалысы жиі екен. Қорабына толтыра құм тиеп алған қызыл түсті «КАМАЗ» артына қою түтін қалдырып, зымырай жөнелді. Үстіндегі зіл батпан салмақты шыбын шаққан құрлы көретін емес. Құдды, автокөліктердің жарысында жүр ме дерсің. Беті ашық қорабынан көтерілген тозаң көшенің шаңына ұласып, бұрқырап жатыр. Мұны көргенде «Кәсіп жасағанына қарсылық жоқ. Алайда қорабын бүркеншекпен (палатка) қымтап алса артық болмас еді. Қазалы жұртының онсызда жұтып жатқан ауасының сапасы белгілі ғой. Көлік иелеріне мұны ескертетін ауданда құзырлы орын өкілдері бар ма екен?!» деген кермек ой санамызды билеп алды. Жүк көлігінің нөмірін байқап қалуға тырысқанбыз. Қайдағы?! Жоғары жыл­дамдықпен жұлдызша ағып, өте шықты.

Кенет… жолдың қарсы беткейіне шығып кеткен жеңіл көлікке бетпе-бет келген екінші машинаның дабылына елең ете түстік. Абырой­ болғанда, бәрі сәтті аяқталды. Қарсы беткейдегі машина лып етіп өз жолына түсті. Егер, көлікті тәжірибесіз жүргізуші басқарған­да соңының қалай боларын кім білсін?!

Осы жайттарды көзімізбен көргенде бізге хат жолдаған оқырманның алаңдауының орынды екенін түсініп, тұрғындар жанай­қайы­н құзырлы орындарға жеткізуді жөн санадық.

Жаныққан жүргізушілерді кім жүгендейді?!

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: