Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ЖАҢАЖЫЛДЫҚ ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚ немесе «тышқанды» қалай шығарып салдық?

07.01.2021, 12:30 351

Өткен жыл бұрынғымен салыстырғанда ерекше болды. Ежелден еркіндікке үйренген халқы­мыз «жарты жыл» бойына үйінен шыға алмай һәм өзіне таңсық тіршілікке бойұсынғаннан басқа амалы қалмады. Дегенмен, жыл бойы бастан кешкен түрлі оқиғалар маңғаз халыққа сабақ болмаған секілді. Атап айтсақ, жаңажылдық мереке күндері облысымызда 636 құқық­бұзушылық дерегі тіркелген. Оның арасында қылмыс жасап, «қолын қанға» бояғандар да бар. Жаңа жылда жас жеткіншектер де бұзақылыққа барып, ата-аналарына «сыйлық» жасаған екен. Көлікті мас күйінде жүргізіп, апаттық жағдай тудырғандар да жетерлік. Осындайда әзілкештердің «Жаңа жылда бақытты адамдарды көрдім, олардың барлығы мас еді» деген сөзі еріксіз еске түседі. Мәселеміздің барлығы құдды жыл бітсе, сонымен бірге аяқталатындай тойлайтынымыз өтірік емес. Осы тұрғыда, жылдар жігінде аймағымызда тіркелген құқық­бұзушылықтар жайлы сөз қозғауды жөн көрдік.

Жаңа жыл қарсаңында халқ­ымыз әдетте екіге бөлі­неді. Бірі «бұл жыл қазақтікі емес» деп шүйліксе, бірі «күнтізбенің  соңғы күнін тойлаудың айыбы жоқ» деп ақтап алады. Жалпы, бұл мәселе талай жерде көтеріліп жүрсе де, халықтың дені екінші нұсқаны таңдайды. Көптің көңіліне күлкі үйірген жыл соңын қалай тойласа да әркімнің өз еркінде. Дегенмен, сол жаңажылдық тойдың соңы «бой»-ға ұласып, құқықбұзушылыққа, одан қалды қылмысқа дейін барып жатады. Жоғарыда көрсеткендей, Қызылорда облысы полиция департаментінің мәліметінше, аймағымызда жаңажылдық мейрам күндері 636 құқықбұзушылық тір­кел­ген. Оның 50-і араққа «тойып алған», мас күйдегі тұрғын­дарға тиесілі. «Ұзақ» түнді тойлаймыз деп өздеріне «тұ­зақ» құрып алғандар да кездескен. Дәлірек айтқанда, түнгі тыныштықты бұзғаны үшін 10 тұлға жауапқа тар­тылған.

Бұл күндері көше бойында­ «шумахерлер» де көп кездескен. Облыс аумағында 500-ге жуық жүргізуші жол ережесін бұзған екен. Оның 110-ы – жылдамдықты асырып, діттеген жеріне лезде жетем дегендер. Жыл бойына бітіре алмаған жұмыстарын соңғы күні аяқтап үлгеремін деп ойласа керек­. Жол жайлы жаға ұс­тататын ақпарат бұл ғана емес. Бес бірдей жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталған. Ол аз десеңіз, 44 жүргізуші көлікті құжатсыз айдаған. Мейрам күні әкесі­нің көлігіне отырып алып, дос­тарын «кәсететіндер» көп екені жасырын емес. Солардың бір буыны құқық қор­ғаушылардың құрығына іліксе керек. Жыл ауысатын түні көше кезіп кететін балалар да бар. Кәмелетке толмаған 39 жасөспірім Жаңа жылды түнде тойлап жүріп ұсталған. Оның екеуі ішкі істер органдарының профилактикалық есе­біне  алыныпты.

Жаңа жыл қарсаңында «отшашу ұйымдастырғандар айыппұл төлейді» деген ақпар тараған болатын. Сол ақпарат әлеуметтік желінің тең жартысын жаулап алып, бүкіл халық «бұ не сұмдық?» деуге басты. Халқымыз өткен жыл­ғы карантиндік айыппұлдан соң, «штраф» деген сөз естісе, шошитын  халге  жетіп қалған. Алайда бұл жаңадан бекіті­лген заң емес. Бұл заң бұдан бұрында болды. Негіз­інде заң қызметкерлері жаңажылдық отшашуға «көз жұма» қа­райды. Дегенмен, көп елдерде бұл күні от­шашу ұйымдастыру заңмен  рұқсат  етілген. Ал біздің елде әзірге ондай өзгерістер жоқ. Бұған дейін «салют атып, штрафқа ілініп­ті» дегенді де естіп көрмеген­біз. Осы жолы құдды «вирустай» тез тараған ақ­парат бірнәрсені өзгертті ме деген оймен облыстық полиция департаментіне хат жолдаған болатынбыз. Алайда департа­мент бұл сұрағы­мызды жауапсыз қалдырды. Оның орнына отшашу сау­да­сының ережесін бұзған 18 сатушы ұсталған дерегін көр­сеткен  екен.

Байқап қарасаңыз,  3-4 күнге созылған мейрам күн­дерінде тіркелген құқық­бұзушылықтар саны өте көп. Бұл тек тіркелген, ресми деректер ғана. Мейрам күні «байып» қаламын деп «бармақ басты, көз қысты» қыл­ғандардың көп екенін ауыз айтып, көз көрмесе де білеміз. Ал от­шашу туралы ақпараттың жауап­сыз келуін – ол күні отшаш­у ұйымдастырып, «қылмыскер» қатарына кір­гендердің жоқтығынан болар деп пайымдадық. Бұл күні отша­шуға  заң рұқсат бермесе­ де, «жұлдызды иық» полицейлердің өздері рұқсат беріпті. Жылдың соңғы күні «соғым соймаса» да, қауіпсіз отшашулар атудың айыбы жоқ та шығар. Не болса да, Тышқан жылының соңы мен Сиыр жылының басын заң бұзуға арнаппыз. Қалған күн­дерде «бас жазайық» деп бә­леге ұрынбай, керісінше, заң­ға «бас білдірсек» бол­ғаны…

Бекзат  ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: