Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Зейнетақы қорындағы қаржыны қалай пайдаланамыз?

04.11.2020, 13:00 668

HALYQLINE.KZ  Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Палатаның жалпы отырысында мемлекет басшысының биылғы парламенттік сессияның ашылуында жүктеген тапсырмаларын орындауға бағытталған заңнамалық нормаларға назар аударды. Атап айтқанда, халықтың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану, сондай-ақ қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту. Осыған орай, Мәжіліс депутаттары экономикалық өсуді қалпына келтіру, сондай-ақ, қоғамдық кеңестердің қызметіне қатысты түзетулерді қамтитын заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.

Отырыс барысында Мәжіліс төрағасы қоғамда қызу талқыланған зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік беруге бағытталған нормалар туралы айтты. Аталған заң жобасының қабылдануымен осы мәселені шешу бойынша заңнамалық база құрылатынын айта келе:

 – 2021 жылдың басынан бастап зейнетақы қорының салымшылары өз жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, емделуге немесе қаржы компанияларының басқаруына беру үшін пайдалана алады, – деді Мәжіліс спикері.

Осы норманы талқылау кезінде Мәжіліс депутаттары заң жобасында көзделген зейнетақы жинақтарының «жеткіліктілік шегін» белгілеу әдістемесіне қатысты мәселені көтерді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері түсіндіргендей, зейнетақы жинақтарының «жеткіліктілік шегін» айқындау әдістемесін Үкімет анықтайтын болады. «Жеткіліктілік шегін» белгілеудің басты мақсаты – азаматтарды зейнеткерлік жасқа толған кезде болашақта лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету. Сонымен қатар, Мәжіліс спикері зейнетақы жинақтарын пайдалану тетігі қолжетімді әрі түсінікті болуы тиіс екенін атап өтіп, алдағы уақытта мемлекеттік органдар осы талаптардың жүзеге асырудың нақты тетіктерін қалыптастыруы керектігін тапсырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: