Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Түрмедегі туынды

09.07.2020, 16:00 734

 «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» демекші, сотты болып жазасын өтеп жүргендерді өмірге қайта бейімдеудің мәні зор. Жазасын өтеуші  сотталғандарды темір торда телміртіп отырғызбай, уақытын тиімді түрде өткізу үшін мекемеішілік іс-шаралар өткізіліп тұрады. Осындай шараларға белсене қатысып жүретін Асылбек есімді азамат Қызылорда қаласындағы ЗК169/5 мекемесінде  2018 жылдан бері жазасын өтеп жатыр. Осы сотталушымен әңгімелесу мақсатында  ЗК-169/5 мекемесіне ат басын бұрдық.  Қазіргі таңда бұл мекемеде 600-дей сотталған жазасын өтеуде. Біз әңгіме еткелі отырған сотталушының ерекшелігі өз жанынан өлең шығаратын қасиеті бар. Екі қалың өлең дәптерін бізге  ұсынған Асылбек ішке имене кірді. Сұхбат барысында өз өмірі туралы қысқаша баяндап берді.

Ол 1977 жылы Қазалы ауданында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі мен анасы мал шаруашылығымен айналысқан. Отбасында 2 ағайынды. Артынан ерген қарындасы бар. 1995 жылы мектепті тамамдаған соң, өнерге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын слесарь мамандығын алып шығады. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп Абай атамыз жырлағандай, Асылбек жеті  жасынан бастап өлең шығара бастайды. Тасарық ауылындағы мектепте оқып жүріп-ақ, ақиық ақындардың шығармашылық кештеріне қатысып, жыр арнап, шығарған өлеңдері аудандық «Қазыналы Қазалы», республикалық газет беттерінде жарық көреді. «Ата-анам өлең шығарып, ақындық жолға түсуіме қарсы болды. Себебі, әкем де, анам да өнерге қатысы жоқ адамдар еді. Өлең шығару Алланың берген сыйы шығар, арғы ата-бабаларымыз батыр, ақын болған деседі. Осы мекемеге келгелі, екі жылда алпыс төрт өлең шығардым. Өлеңдерімнің көбі адамгершілік, мейірім, кішіпейілділік, махаббат, патриоттық бағытында. Туған жерге, анама арнаған өлеңдерім де бар. Өлең шығару үшін білімді болу керек, шабыт кез келген уақытта келеді. Кейде түн ортасында шабытанып өлең жазғым келеді. Қуанған, ренжіген сәттерімде қолыма қаламымды алып, ішкі  жан дүниемді қағаз бетіне түсірем. Жазған өлең-жырларым «Үміт сәулесі» газетінде тұрақты түрде жарияланып отыр. Мекемеде жазасын өтеп жүрген сотталғандар тарапынан да ұсыныстар түседі. Балама, анама, бауырыма өлең шығарып берші деп өтініш айтады. Өлеңдерін дер кезінде шығарып  берем.  Өзімнің де ұлым бар, 7 жаста. Ұлыма да арнаған арнауым бар. Жазамды өтеп, абақтыдан шықсам, отбасыма қосылып, ұлыма жақсы тәрбие беріп, жақсы азамат етемін деген  арманым бар», – деді сотталған азамат.

Данагүл Жеңісқызы,

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД мемлекеттік тілде аудармашысы

Анашым, Жанашырым

Анашым, Жанашырым,

Қорғаштаған көзінің қарашығын.

Қиналғанын көргенде баласының,

Қеудеңде шырылдады-ау қара шыбын.

Үйретіп өсіріп ең,

Жаныңның бар асылын.

Балаңның осы болды-ау,

Жеткені санасының.

Анашым, кешір мені,

Өзіңсің дара шыңым.

Анашым, Жанашырым,

Жаныма батып жатыр,

Жабырқап қалатының.

Ешкімге сыр айта алмай,

Ішіңнен тынатының.

Маңдайға жазған шығар,

Осылай болатынын.

Анашым, Жанашырым,

Сеніммен еске алайық,

Бәрі артта қалатынын

Әлі де қуаныштар,

Көңілге қонатынын.

Уақыт емші деген,

Қайғы мен қазасының.

Қазіргі жарақатты

Уақыт жазатынын.

Ойменен, уайыммен

Адамның азатынын.

Анашым, Жанашырым,

Білесіз ғой болатынын.

Өмірдің ағы менен қарасының

Тәуліктің жартысы түн болғанымен,

Түн артынан күннің де шығатынын.

Бүгінгі жабырқаған көңіліңді,

Сенемін қуанышта қағатынын.

Бәрі жақсы болады мезгілімен,

Уақыт, сағатымен.

Асылбек

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: