Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сотталғандар қалай білім алып жатыр?

26.08.2020, 19:30 604

HALYQLINE.KZ Абақтының ар жағында отырып білім ала алмай, темір торды мекен еткен жандар ҚАЖ мекемелерінде орта және кәсіптік білім алып, мамандық игеруде.

Қызылорда қаласындағы ЗК-169/5 мекемесінде жазасын өтеп жүрген сотталғандар арасында 2019-2020 оқу жылында 26 сотталған орта білім алды. Оның ішінде 2 сотталған 9-сыныпты бітірсе, 8 сотталған 11-сыныпты тамамдады. Ал, қалған сотталғандар орта білімін жалғастырады.

Бұл азаматтарға Қызылорда қалалық білім бөлімінің «Жалпы білім беретін кешкі мектеп» мұғалімдері білім берді. Еліміздегі коронавирус індетінің одан әрі өршіп, таралмауының алдын алу мақсатында білім беру орындары онлайн оқыту жүйесіне көшкен болатын. Сотталғандарға білім беретін кешкі мектеп те онлайн жүйесіне көшіп, жазасын өтеушілер ІІІ, ІV тоқсанда интернет желісі қосылған   арнайы кабинетте онлайн режимінде білім алды.  

Мекеменің ішкі күн тәртібіне сәйкес, күніне 2 сағаттан мекеме кітапханасына барып, берілген тапсырмаларды орындады. Мекеме әкімшілігі сотталғандарды оқу-құрал жабдықтарымен толықтай қамтамасыз етті. Қазіргі таңда мекемеде 2020-2021 оқу жылына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сотталғандар арасынан 10 азамат орта білім алуға өтініш білдірді. Осы азаматтардың ішінде мүлде жазу-сызу білмейтін сотталғандар да кездесті. Жақында мекемеге жазасын өтеуге келген Нұрсұлтан – осындай жандардың бірі. Ол да орта білім алуға өз өтінішін берді.

Жастықтың жалынымен жаңылып,  жаза басқан азамат, енді жаза өтеуімен бірге орта білім алып шығады.  Бұл мекемеде кешкі мектептің ашылғанына 7 жыл болды. Осы 7 жыл ішінде 100-ден астам сотталған орта білім алған. Олар жаза мерзімін өтей жүріп, одан әрі кәсіптік маман иесі болуына мүмкіндігі бар.

2019-2020 оқу жылында мекемеде жазасын өтеп жүрген 62 азамат  арнаулы білімін дәлелдейтін құжат алды. Оның ішінде 23 сотталған ағаш ұстасы, 22 сотталған тігінші, 17 сотталған газ-электр дәнекерлеуші мамандығын алды.

 Қызылорда қаласында М.Ықсанов атындағы «Қызылорда құрылыс және бизнес» және «Қызмет көрсету және сервис» колледжінің  мекемеде ашылғанына биыл жетінші жыл. Жеті жылда әр түрлі мамандық бойынша  300-ден астам сотталған диплом алған.  

Мамандықтары бойынша диплом алған азаматтар жаза мерзімі аяқталғанша осы мекемеде ақылы жұмысқа орналасып, жалақы алып, қылмыспен келтірген шығындарды өтеуге мүмкіндіктері бар. Бұл азаматтар жақсы оқығаны үшін ай сайын 32 мың көлемінде шәкіртақы алып тұрды. Сотталғандардың жеке істері бойынша атқару парақтары болса, шәкіртақысынан белгіленген сома ұсталып отырды. Сотталғандардың туыстары үшін материалдық қолдау көрсету үшін, жеке басына қатысты қажетті заттарды сатып алу үшін шәкіртақысын пайдалануға мүмкіндік берілді.

 Мекемедегі азаматтар арасында үш мамандық (газ-электр дәнекерлеуші, тігінші, ағаш ұстасы) иесі атанған азаматтар да бар. Үш мамандықтың иесі Нұрлан қазір мекеменің өндірістік аймағындағы тігін цехында тігінші болып жұмыс істейді. Бізді қоғамнан сотталған деп бөлмей, жеке тұлға ретінде қалыптасуымызға жағдай жасап, білім алуымызға, мамандық иесі атануымызға мүмкіндік жасап отырған мекеме әкімшілігіне Нұрлан алғысын білдірді.

Мекемедегі сотталғандар арасында кәсіптік маман иесі атанғысы келген 75 азамат 2020-2021 оқу жылына үш мамандық бойынша (ағаш ұстасы, тігінші, газ-электр дәнекерлеуші)  өтініш білдірді.

Жазасын өтеушілер осында мерзімдері біткенше белгілі бір мамандықты иеленіп, мекемеден  шыққанда жаңа өмірге қадам басуға мүмкіндік алады.

Дана ДОСТАНОВА,

Қызылорда облысы бойынша

ҚАЖ департаментінің

Мемлекеттік тілде аудармашысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: