«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 425.59 (-2.48)

  • EUR: 505.43 (-2.18)

  • RUB: 5.61 (-0.01)

Сенген серкем сен болсаң…

06.11.2020, 10:10 177 1

HALYQLINE.KZ

«Сенген серкем сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын!». Дәл солай. Соңғы кездері қызылордалық полицейлерге деген сенім азайып келеді. Әсіресе, есірткі қылмысына қарсы күресетін тәртіп сақшыларының өзі қылмысқа жиі шатылып жүр. Әрине, «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді», соның кесірінен бүкіл құрамның атына сын келеді. Өткен жолғысы анау, 2020 жылдың шілдесінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттінің Қызылорда облысы бойынща департаменті облыстық полиция департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасымен бірлесіп, аталған полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім басшысын сыбайлас жемқорлық қылмысын жасау барысында әшкереледі. Ол есірткі құралдарын өндіру кезінде қамқорлығы үшін 500 мың теңге көлемінде пара алды деп күдікке ілінген еді. Сол жолы біраз шендінің шаңы қағылғаны бар…

Енді кешегісі мынау, тағы да сол басқарманың лауазым иесі «өзің диуанасың, кімге пір боласыңның» керін келтіріпті. Нақты айтқанда, кеше әлеуметтік желіде бір ақпарат желдей есті. Оны қоғам белсендісі Үйтолған Жәреке фейсбуктегі парақшасында бөлісіп, жоғарғы құзырлы органдарды белгілеп, пост жариялапты. Ал әлгі ақпараттың мазмұны төмендегідей: «05.11.2020 ж. 12:25 сағат шамасында Қазақстан Республикасы Ұлттық кауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті (бұдан әрі – Департамент) жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде «Самара-Шымкент» (Батыс Европа – Батыс Қытай) тасжолының Қызылорда бағытына қарай 1 719 шақырымында мемлекеттік белгісі KZ 132 NBW/11, «TOYOTA Land Cruiser 105» маркалы автокөлігі тоқтатылған. Кезек күттірмейтін жағдайда тінту жүргізу барысында автокөлік салонынан төрт пакетке орамдалған салмағы шамамен 25 кг. құрайтын есірткі затына ұқсас, ерекше өткір иісті, өсімдік тектес зат табылып, айғақ зат ретінде алынып, сараптамалық зерттеуге жөнелтілген. Сондай-ақ, автокөлікте болған Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, 1980 ж.т., полиция подполковнигі МГЖ ұсталған.

Аталған дерек Департаменттің СДТБТ-не №204300041000040 реттік санымен тіркеліп, ҚК-тің 297-бабы 3-бөлігінің 3, 4-тармақтарымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

05.11.2020ж. 15:10 сағатта күдікті МГЖ ҚПК-нің 128-бабымен ұстау хаттамасы толтырылып, соңғы Қызылорда қалалық Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына оқшауландырылғанын хабарлаймын», – делінген.

Бұл ақпаратқа сенбейін десең, жарияланған бұл постың астына полиция департаменті жауап қалдырған: «Осы қылмыстық іс бойынша ұсталған полиция қызметкері ағымдағы жылдың 7 қазанынан бастап Қызылорда облысы ПД қарамағында (резервте) болды. Бүгін өткен Тәртіптік комиссияның шешімімен ол Ішкі істер органдарынан теріс қылықтарымен шығарылды. Тергеу амалдары жүргізілуде» депті.

Сонда құқық органдары саласына қызметкер қабылдауда оның адалдығына, тәртібіне, ар-ожданына басымдық берілмейтін болғаны ма? Департаменттің мына жауабына қарағанда, кеше келіп, бүгін білгенін істейтін шенділердің әрекеті ішкі істер саласы кім көрінген келіп-кете беретін «проходной двор», болмаса, «Авгейдің ат қорасынан» не айырмашылығы бар? Одан қалды, қоғамды ізгілендіреміз, «қауіпсіз қала» боламыз, «милиция – қорғаның» деген үмітіңді осындай бір ғана «құмалақ» желге ұшырып жатса, кімге сенеміз?

Сурет интернеттен алынды.

Пікірлер:
  • Соңғы кезде полиция қызметкерлеріне халықтың сенімі төмендегені сезіледі. ЖолПол қызметкерлерінде тіпті мәдениет жоқ. Қызметтегі кісілер, шенді кісілер болса асты үстіне түседі, ал жәй халық олар үшін ешкім де емес. ЖолПол қызметкерлері ескертуге жұмыс жасау керек. Олар ескерту жасамай бірден дөрекі сөйлеп, мемлекеттік номерді шешіп актілеуге дайын тұрады. Еуропаның ЖолПолдарынан үйрену керек.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: