Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Салықшылар артық жұмыс істеп қойыпты

01.06.2020, 17:55 638

HALYQLINE.KZ

Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің артық жұмыс істеу фактілері талқыланды, деп хабарлайды ҚР МҚІА Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің хатшылығы.

Мемлекеттік қызметшілердің әдебімен қатар олардың құқықтарының сақталуына мүдделі Әдеп жөніндегі кеңес алдында Қызылорда облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғалымжан Орынов есеп берді.

Мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама талаптарының сақталуы және артық жұмыс істеу фактілерін болдырмау бағытында атқарған жұмыстары туралы Ғ.Орыновтың есебін тыңдаған Кеңес мүшелері бірқатар кемшіліктерді атап өтті.

Ағымдағы жылғы ақпан айында ҚР Президенті Әкімшілігінің, Премьер-Министрі Кеңсесінің және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тапсырмасына сәйкес аймағымызда артық жұмыс істеу фактілерін жою мақсатында мониторингтік топтар құрылған. Олар қоғам өкілдерімен бірлесіп аймақтағы 40-тан астам мемлекеттік органда рейд жұмыстарын жүргізеді. Алайда облыстық мемлекеттік кірістер департаментінде қызметшілердің жұмыстан уақытылы қайтуына мониторинг жүргізу барысында мониторингтік топтардың жұмысына кедергілер келтірілген.

Осы мақсатта құрылған мониторингтік топ Жаңақорған ауданындағы мемлекеттік органдарда рейд жүргізу барысында аудандық мемлекеттік кірістер басқармасында үстеме жұмыс істеу фактілерін анықтаған.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің төрағасы Нұрман Талқанбаев мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалу керектігін ескертті.

«Мемлекеттік кірістер департаментінде мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану тәртібі сақталмаған. Тіпті еңбек демалысындағы қызметкерге де негізсіз тәртіптік жаза қолданылған. Ал, қалалық мемлекеттік кірістер басқармасында бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға конкурс өткізуде кемшіліктер жіберілген. Яғни, конкурсқа Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын білуге арналған сұрақтар тізбесі және эссе тақырыптары қалыптастырылмаған. Аталған заңбұзушылық бойынша, конкурстық комиссияның 5 мүшесіне ҚР ӘҚБтК-нің 99-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттамалар толтырылып, әкімшілік айыппұлдар салынды», – деді Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері күн тәртібіне қойылған мәселені жан-жақты қарап, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысына департаменттегі құқықбұзушылықтардың, артық жұмыс істеу фактілерінің болу себептеріне талдау жасап, ұжымда талқылау жүргізуді және аталған бұзушылықтарды болдырмау бағытында тиісті шаралар қабылдауды ұсынды.

Мемлекеттік кірістер департаментінің Әдеп жөніндегі уәкіліне артық жұмыс істеу, қызметтік автокөлікті қызметтен тыс мақсатта пайданалану және заңсыз сыйлық алу, қоғамдық орындарда моральдық-этикалық нормаларды бұзу секілді құқықбұзушылықтарға тұрақты түрде профилактикалық бақылау шараларын жүргізу тапсырылды.

Сонымен қатар, Кеңес мүшелері тарапынан, артық жұмыс істеу фактілеріне жол бергені үшін Қызылорда қалалық және Жаңақорған аудандық мемлекеттік кірістер басқармалары басшыларының тәртіптік жауапкершілігін қарауды ұсыну бірауыздан мақұлданды.

Көрнекі  сурет. Фото – Карьерист.ру

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: