Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада аса ауыр қылмыс неге көбейді?

23.10.2020, 12:55 744

HALYQLINE.KZ Соңғы кездері Қызылорда облысында ауыр және аса ауыр қылмыстардың өршіп тұрғаны жиі айтылып, тұрғындардың зәресін алуда. Тіпті «сүйікті қала» статусынан «қауіпті қала» статусына ауысып, сыртқы факторларға керегінше реакция туғызуда. Одан кейін есірткі қылмысы артқан. Себеп қандай, салдары бар ма? Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қызылорда облысы бойынша басқармасының азаматтық және әкімшілік салалардағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің өткізген брифингінде кеңінен айтылды.

Жалпы, қылмыстардың төмендеуіне пандемияға байланысты республика көлемінде наурыздан бастап енгізілген төтенше жағдай режимі де өз әсерін тигізді деп айтуға болады. Десек те, кей көрсеткіштер көңіл көншітпейді.

 – Аталған кезеңде облыс аумағында 3108 қылмыс тіркелген, бұл былтырғы жылдың 9 айымен салыстырғанда 35,8%-ға төмен. Атап айтсақ, аса ауыр қылмыстар 9,7%-ға, ауыр қылмыстар 65,2%-ға өскен. Ауырлығы орташа қылмыстар 60,4, онша ауыр емес қылмыстар 26%-ға төмендеген. Аса ауыр қылмыстардың ашылуы 90,9%-ды құрап отыр. Сонымен қатар, алаяқтық 15,8, қорқытып алу 57,1%-ға төмен. Жалпы қылмыстың 58,7%-ы немесе әр екінші қылмыс – ұрлық, – деді аталмыш басқарманың азаматтық және әкімшілік салалардағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің бастығы Тұрсынқожа Үсенов.

Жыл басынан бері облыс бойынша 313 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Зардап шеккен адамдардың саны – 417, олардың 353-і жарақаттанған болса, өкінішке қарай, 64-і қаза тапқан. Жарақаттанғандардың 215-і – ер, 138-і – әйел адам, 62-сі – кәмелет жасқа толмағандар.

Ал жоғарыда айтып өткен ауыр, аса ауыр қылмыстың көбею себебі мынада екен.

 – Биылдан бастап қылмыстық санатқа бірқатар өзгерістер енгізілді. Соның ішінде айта кетерлігі, мал ұрлығы мен қайталама қылмыстар ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылды. Сол себепті аймақтағы қылмыстық ахуал көрсеткішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар деңгейі күрт жоғарылап кетті, – деп түсіндірді аталмыш комитетке қарасты Қызылорда облысы бойынша басқармасының қылмыстық саладағы ақпараттық қалыптастыру бөлімінің бастығы Қанат Жалғасов.

Айта кету керек, заңбұзушылықты жою мақсатында осы уақыт аралығында 81 қадағалау актісі енгізіліп, 232 лауазымды тұлға әртүрлі дәрежедегі тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Құқықтық статистика мен арнайы есепке алу деректерiн бұрмалағаны үшін 14 лауазымды тұлға және 3 жеке сот орындаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, барлығы 251 512 теңгеге айыппұл салынған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: