«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 419.54 (0)

  • EUR: 509.2 (0)

  • RUB: 5.72 (0)

«Мошенниктердің» машақаты немесе бізді алдап жүрген кімдер?

16.12.2020, 12:00 135 0

– Алыңыз, сеньор, алыңыз, бар-жоғы 500 лира.

– Бұл не?

– Таза Неополитандық ауа.

«Операция  «Святой

Януарий»  фильмінен  үзінді.

«Баспаналы боласың» немесе «көп көлемді несие алып беремін» деп көлгірситіндер өңірімізде тыйылар емес. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Қызылорда «бойы – бұлғаң, сөзі – жылмаң» алаяқтар үшін «табысты» жерге айналып отыр. Қызылорда облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, өңірімізде жыл басынан бері 823 алаяқтық қылмысы тіркелген. Ал Қызылорда облыстық прокуратурасы болған қылмыстың 256-сы ашылмаған дейді. Яғни, қылмыс жасағандар әлі де жазаланбаған.  Айтпақшы, облысымызда интернет-алаяқтар  қаптап  кетіпті. Одан бөлек, бұл  қылмыспен айналысатындардың  көбі  әйелдер қауымы  екен…

«Сағат түнгі 11-лердің шамасында қуаттағышта тұрған телефоныма әлдебіреуден хат келіп түсті. Ешкімнен хат күтпеген едім, «түнделетіп бұл қайсы?» деген оймен телефоныма қарадым. Мән беріп қарасам, хатта: «Әке, маған ақша қажет, «срочно» қайта хабарласыңызшы» деп жазыпты. Аң-таң болдым. Үйдегі диванда отырып жылай беріппін. Қандай бақыт десеңші­. Мен әке атандым». Интернеттегі «айтқышбектердің» шығарғаны ғой. Бұл әзіл көп жерде тарап жүр. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимыл­дамайды» демекші, бұның да бекерден-бекер шықпағаны анық. Араны ашылған айлакерлердің «жұртты осылай ақымақ қыламыз» деп ойлап шығарға­ны. Бұл «қармаққа» ілінгендер де аз болмай тұр. Сондай-ақ, бұл алаяқтардың ойлап тапқан жалғыз айласы емес…

Алаяқтық – адамға сана біткелі қоғамнан қалыспай келе жатқан дерт. Заманның ағымына қарай бұл «бәле» де түрленіп, өзгеріп, жаңашаланып келеді. Бірі үй алып беріп, ақшаға қарқ қыламын десе, бірі интернет арқылы­ арбап, тақырға  отырғызып  жүр. Карантин дедік, басқа дедік, әйтеуір жылды­ да  аяқтауға  жақынбыз. Осы тұрғыда, жыл бойы тіркелген алаяқтық­ қылмыстарды  саралап, қорытынды  жасауды жөн көрдік.

ОҚШАУ  СӨЗ

Мәліметтерді алу барысында бір қызық оқиғаға тап болдық. Ресми ақпаратқа қанығу мақсатында екі органға  бірдей хат жібергенбіз. Оның бірі Қызылорда облыстық Полиция департаменті болса, екіншісі – Қы­зыл­орда облыстық прокуратурасы. Ойландыратыны сол, екі органның берген ресми ақпараттарының бір-біріне ұқсамайтын тұстары көп. Екі органның екі түрлі ақпарат бергені статистиканы өз пайдаларына бұрмалаушылық па, әлде шынымен екеуіне­ келіп жеткен ақпарат екі түрлі болды ма, білмедік. Дегенмен, бірінші көр­сеткен нұсқамыз рас болса, бұл да өзіндік бір «алаяқтық» деп түсінеміз. Әйтсе де, бұл жерде біз білмейтін түсініспеушілік  болды  деп  сенейік…

Екі түрлі ақпаратпен оқырманды шатастырмайық деп қос органның мәліметін назарларыңызға ұсын­ғанды  жөн  көрдік.

ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕРГЕ  243  МЛН  ТЕҢГЕ  ШЫҒЫН  КЕЛГЕН…

«Кедейлер басқалардан артық төлейді» демекші, алаяқтардың көзі жұпыныларға түскен. Осындайда Напол­еонның «кедей болудың ең оңай жолы – адал болу» деген сөзі еске түседі. Алаяқтардың арбауына түскендердің көбі – баспанасыз, жұмыссыз жүрген азаматтар. «Несие алып арзанның «рақатын» көремін» дегендер және «айламды асырамын» деп алаяқтардың  арқасында  жұмыс­қа орналасқысы  келгендер  екен.

Қызылорда облысы прокуратурасының мәліметіне сүйенсек, жыл басын­ан бері өңірімізде 658 алаяқтық қылмысы тіркелген. Ал дәл осы қылмыс облыстық Полиция департамен­тінің мәліметінше, 823 рет болған екен. Жалпы, былтырғы жылмен салыс­тырғанда қылмыс деңгейі 18,8%-ға азайған. Дегенмен, бір бәленің бетін жапсаң, екіншісі сарт ете келеді емес пе? Ағымдағы жылы интернет арқылы жасалатын алаяқтық саны күрт артып кетіпті. Өткен жылмен салыстырғанда 53,5%-ға өскен. Карантин уақытында үйінен шыға алмаған әккілер де қашықтан жұмыс істеді ме дейсің…

Айтпақшы, қылмыскерлердің көп бөлігі жұмыссыз екен. Бұл туралы облы­стық прокуратура мәлімдеді. Жүрісі сұйық жандардың арасында дипломы бар, жоғарғы білімді азаматтар да жетерлік. Алайда «әй дейтін әже, қой дейтін қожаның» жоқтығынан болуы керек, әйтеуір оңай ол­жадан нанын тауып жүргендердің жұмысқа орналасуға пейілі жоқ. Жыл басынан бері алаяқтықтан 630 адам зардап шеккен. Бұларға келген материалдық шығынның саны 243 млн теңгені құрайды екен. Көріп отырғандарыңыздай, зардап шеккендер саны өте көп. Құзырлы мекемеге хабар­ласпай үнсіздік танытып, жілігі шағылғандар саны қаншама? Алаяқтардың  алдау  тәсілі әртүрлі. Біреулері IT саласын бағындырып, арнайы сайтта­рмен сан соқтырып жүрсе, біреулері ескі жүйенің рақатын әлі көріп  жүр.

– Интернетте отырып қызық жарнамаға көзім түсті. Ақша айналымы арқылы қаражатыңның көлемін екі есеге өсіріп береді екен. «Сол жолмен байып жатқандар аз емес» деген соң дереу тіркеліп, ережелерімен таныса кеттім. Басында күмәнданып, 2 мың теңге салғанмын. Аз уақытта 5 мың теңге болып қайта келді. Ақша табудың оңай жолын тапқаныма қуанып кеттім. Дегенмен, көңілімдегі күдік әлі де сейілмеген еді. Не болар екен деп тағы 10 мың теңге салдым. Сәл уақыттан соң, 23 мың теңге болып қайта келді. Құдайдың құдіреті деп, барлық қарыздарымнан құтылатын болғаныма қуанып кеттім. Күйеуім қайтыс болғалы балаларымызбен пәтер жағалап қиналып жүр едік. Осы қосымшаның арқасында байып қаламын деп қуандым. Көп ақша салуға қымсынып, жиған-терген 50 мың теңгемді салып едім, 120 мың болып қайта келді. Бірден миллионер болып шыға келейін деген оймен туыстардан қарыз алып, әлгі бағдарламаға 300 мың теңге салып жібердім. Ақша сол күйі қайтпады. Сөйтсем, бұл алаяқтардың ісі екен. Менен басқа да алданғандар өте көп болып шықты. Ақымақтығымнан намыс­танып, полиция қызметкерле­ріне де хабарласпадым. Әлі күнге дейін сол алаяқтарға кеткен қарызды қайта­ра  алмай  жүрмін, – деді есімін көрсетпеуді  сұраған  жәбірленуші.

АЛАЯҚТАРДЫҢ  АРАСЫНДА  МЕМЛЕКЕТТІК  ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР  ДЕ  БАР

Полиция департаментінің мәліметіне сенсек, алаяқтық әрекетке баратындардың 70%-ын 30-40 жас аралығындағы әйелдер құрайды екен. Барлығ­ы 231 тұлға күдікті ретінде танылып, жауапқа тартылған. Ал прокуратураның «нұсқасы» бойынша, 217 адам алаяқтық қылмысын жасаса,­ оның 130-ы – әйел, 21-29 жас аралығындағылар 77 болса, 30-39 жастағылар – 58, қалғаны – жасы 40-тан асқан­дар. Арасында қызметтік бабын асыра пайдаланғандар да бар. Ағымдағы жылы 12 мемлекеттік қызметкер алаяқтық әрекетпен ұсталған. Алаяқтардың негізгі принципі – құрбанын алдап, соның есебімен қалтасын қаржыға толтыру. Одан бөлек, шешімді жылдам қабылдамаса, үлгермей, оңай олжадан қағылатындарын жеткізіп, психологиялық шабуыл жасайды. Мамандардың айтуынша, мұндай құрыққа түскен қарапайым халық көбінесе, уәкілетті органдарға шағым жасамайтын көрінеді. Себебі, көпші­лік өздерінің алданып қалғанына арлан­ып, жалған намыстың құрба­нына айналған. Ал шағымданып, арыз тастаған жандар «қалай сенге­німді байқамай қалдым» дегенді жиі айтады. Оның себебін психолог түсіндіріп  берді.

– Біздің қоғамда алаяқтыққа тек әлеуметтік жағдайы төмен адамдар ғана алданады деген түсінік бар. Ол – қате пікір. Себебі, алданып қалудың әлеуметтік жағдайға мүлдем қатысы жоқ. Оған психологиялық және заң тұрғысынан сауаты төмен адамдар түседі. Жақында осыған қатысты ақпарат оқыған едім. Онда бір азамат алаяқтарға алданып, 7 үйінен айырылып қалған екен. Бұл – жоғарыда айт­қан сөзімнің дәлелі. Осындай алданып қалған бір азаматпен пікірлескенімде, өзінің психолог маманмен кеңеспегеніне өкінетінін жеткізді. Алаяқтар – психологиялық тұрғыдан өте мығым адамдар. Олар сізді алдамас бұрын сіз жайлы барлық ақпараттарға қанығып алады. Сіздің әлсіз тұстарыңызды біліп, кейін соны сізге қарсы пайдаланады. Неше түрлі психологиялық шабуыл жасап, нәтижесінде ақшаңызды не мүлкіңізді қалай бергеніңізді байқамай да қаласыз. Олардың команда болып дайындалатын кездері де болады. Сондық­тан, психолог мамандар осы әлсіз тұстарыңыздың орнын толтыруға көмектесе алады. Алдануға бейім адамдар жанындағылардан жылулық, тірек іздейді. Бұл әртүрлі жағдайдың әсерінен болуы мүмкін. Сол үшін де азамат­тарға психолог маманға барып, солардың көмегіне жүгінуді ұсынамын. Ол адамға жетіспейтін рухани құн­дылықтарды беріп, өзіне деген сенімін ұлғайтады. Психологиялық тұрғыдан мығым етіп шығарады. Көптеген адам алданып қалған соң, тіпті, туған ата-анасына да айтуға ұялады. Бұл – қалыпты  құбылыс. Оның арты өзіне қол жұмсауға дейін ұласуы мүмкін. Ал психологтар үшінші жақ болып есептелгендіктен, мәселенің анық-қанығына жетіп, адам үшін ең қымбаты өзінің өмірі екенін түсіндіре алады. Шынында, адамның өміріне жетер құндылық жоқ, – деді  психолог  Назира  Аймаханова.

АЛАЯҚТАРДАН   САҚТАНУДЫҢ   ЖОЛДАРЫ

Алаяқтардың арбауына түсіп қалмаудың ең оңай жолы – заңды құжаттарды талап етіп, заң шеңберінде жұмыс істеу. Қалтаңызды көздеген қаскөйлерден қорғанудың басқа да тәсілдері бар. Егер сізге «банк қызметкері» телефон нөміріңізге хабарласып, картаңыздың санын және теле­фон нөміріңізге келген хатты баян­дап  беруін  сұраса, сенбеңіз! Банк қызметкерлері ешқашан сізге берілген мәліметтерді сұрамайды. Егер алдан­ып қалсаңыз, дереу тиесілі банкке және полиция қызметкер­леріне  хабар  бергеніңіз  жөн.

Күдікті интернет-сайттарында бірнәрсе сатып алып, төлем жасау үшін картаңыздың нөмірі мен телефоныңызға келген хатты сұраса да, айтуға асықпаңыз. Көп жағдайда алаяқ­тар  осылай  қулығын асырады.

Егерде сізге белгісіз нөмір қоңы­рау шалып, танысыңыз қиын жағдайға ұшырап қалғанын ескертіп, ақша сұраса да сенбеңіз! Әдетте «құрбандар» үрейге бой алдырып, алаяқтың бар айтқанын істейді. Тіпті, сасқаннан танысыңыздың аты-жөні мен сол туралы басқа да мағлұмат­тарды қалай өзіңіз айтып қойғаныңызды  байқамай  қаласыз.

«Арзан пайызбен несие алып бере­мін» немесе «жұмысқа орналастырамын» деген желеу жерлестері­мізді құрыққа түсіретін ең оңай тәсіл­ге айналған. Тұрмыс тауқыметінен қиналып жүрген адамды бұлай алдау оңай-ақ.

– Алаяқтық жолмен жауапқа тарты­лған тұлғалар ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес, алаяқтық үшін мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылдан он жылға  дейін  бас  бостандығынан айыру­  көзделген. Өкінішке қарай, қазір өңірімізде бұл қылмыс түрі азаймай тұр. Көбінесе, «үй алып беремін» немесе­ «жұмысқа орналастырамын» деген желеумен жәбірленушінің «аузын айға қаратып» кетеді. Дегенмен, алаяқтардан қорғанудың жолдары да жоқ емес. Интернет-сауда кезінде барынша сақ болуға және күдікті сатушыларға сенбеуге шақырамын. Алаяқтардың құрығына түспеу үшін тауарды алған кезде ғана төлеуді көздейтін есеп айырысу нысанын қолданған дұрыс. Және ешбір жағдайда операцияларды растау үшін карта деректемелерін, пин-кодты, CVC кодын, бір реттік парольдерді ешкімг­е бермеңіз. Егер телефон арқылы­ қоңырау шалушы көрсетілген ақпаратты сұраса, әңгімені үзіп, банкке оның ресми нөмірі бойынша қайта қоңырау шалу қажет. Қоңырау түскен нөмірге қайта  хабарласпаңыз, дереу  полиция­ға  қоңырау  шалған жөн. Әдетте, біз­дің тұрғындар полицияға хабарласуға қымсынып жатады. Араға ұзақ уақыт салып, хабар бергеннен кейін алаяқты дер кезінде ұстау қиын болады. Сол үшін алаяқпен кезіккен жағдайда дереу полици­я қызметіне хабарласқан жөн. Айта кететін жайт, қандай жағдай­да­ да заң тұрғысымен жүрсеңіз, сізге ешқандай да қиындық тумайды. Сол үшін күдікті оқиғаға тап болсаңыз, арнайы заң өкілдерімен байланыс орнатып­, кеңес сұрап алғаныңыз жөн,– деді  заңгер  Алтынхан  Жақсылық.

«Мошенниктердің» машақаты маңғаз­ халықты әбігерге салған. Жина­ған қаражатынан бір-ақ сәтте айырылып, аңтарылып қалатын қара халық шарасыз жүр. «Қаймақ» жей­мін деп жүргенде «қаспақ» та бұйырмаған құрбандардың қатарына қосылмайын десеңіз, алдағы уақытта әр қадамыңызды аңдап басқаныңыз жөн. Адамның «іші-бауырына» кіріп, қалтасын «жылан жалағандай» етіп кететіндер қай «есіктен» кіретіні белгісіз. Алданыпты деп «айдар таққысы» келмейтіндер амалсыздан тапқа­нын өзгеге бергеніне көніп, мәселені жабулы қазан күйінде қоя салады. Дегенмен, өзіңізді «ақ ауыз қылсын» демесеңіз, жоғарыда көр­сеткен мәліметтерді есте сақтап, кез келген  шешімді ақыл-ой таразысына­  салғаныңыз  абзал.

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: