Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Күтпеген кездесу

25.09.2020, 15:40 720

Әңгіме

Арманның көзіне жұпыны киімді, масаңдау қария оттай басылды. Арада қаншама жыл өтсе де оны жазбай таныды. Еңкіштеу тұлғасы, бір уыс бетінің жартысын алып жатқан етжеңді мұрыны, жүндес қабағының астынан жылтыраған қос жанары, қалқан құлақтары… бәрі-бәрі «мен тергеуші Түнқатармын…» деп тұрғандай. Тек, аздап шау тартқаны болмаса, сол баз баяғы қалпы…

Арман өзінің «Ойпырмай, жанының сірісін қарашы… Үзеңгілестері әлдеқашан бақилық болғанда, бұл неме қарақшыдай қалқиып әлі жүр… Арамдардың жолы болғыш… Біреудің жалғызын, енді біреудің жайсаңын жер жастандырған кешегі кесел де әсер етпепті. Ол жаққа да жақсы адам керек шығар?!» деп кіжінгенін аңғармай да қалды. Бірақ… Қасиетті Құран Кәрімдегі «Алланың берген жасын ешкім ұзарта да, қысқарта да алмайды. Ешбір күнәһар өзгенің күнәсін көтермейді» деген сөз есіне түскенде бойын тез жинады. Тәңірден пендешілігі үшін кешірім сұрап, іштей жалбарынды. Іле-шала кеудесінде орден-медальдары жарқыраған әкесінің бейнесі санасында қылаң бергенде ауыр күрсінді.

Ойына мұнан тура 40 жыл бұрынғы оқиға оралғанда маңдайынан шып-шып тер шықты. Ол кезде Арман небары он сегіз жастағы бозбала болатын. Ауылдағы көпбалалы, қарапайым отбасында дүниеге келген Арман өзге бауырларына қарағанда еркелеу өсті. Марқұм әжесі Арманды басқа немерелерінен бөле-жара жақсы көріп, ешкімді бетіне қарсы келтірмеді. Оның бірнеше себебі де бар сияқты. Білетіндердің айтуынша, Арманның кескін-келбеті, түр-тұлғасы атасынан аумайды екен. Әжесінің мұны өбектеп тұрып, немерелерінің атасын, яғни өзінің шалы, жастай өмірден өткен жарын есіне алуы да ғажап емес… Оған қоса Арман бір жасқа толар-толмаста өліп-тірілгенге (медицина тілінде уақытша өлім) ұқсайды. Бетіне ақтық жауып қойған сүйікті немересінің маңдайынан соңғы рет сүйіп, қоштасқысы келген әжесі Арманның кірпігі әлсіз жыбырлағанын көріп… бәлкім, аналық жүрегімен сезіп, айқайға басады. Жедел жеткен ауылдағы жалғыз фельдшер укол салып, ем-домын жасап, аман алып қалады. Әжесі дүниеден өтер шағында үй толы немерелерінің ішінен айрықша Арманды өзінің жалғыз ұлы мен келініне нақтысы, Арманның әке-шешесіне қайта-қайта тапсырып, аманаттап кетті.

Хош делік… Әжесі дүниеден озған жылдың күзінде Арманды қырсық айналдырды. Турасы, өзіне-өзі пәле тілеп алды деген дұрыс шығар. «Албырт жастық – шала мастық» деп текке айтылды деймісіз?! Ол тұстағы ауыл жастарының бірден-бір бас қосатын жері ауылдағы ескі клуб болатын. О, мұндай думанға толы орынды әлемді шыр айналып, қолыңызға шам алып жүріп іздесең де таппайсың… Қабырғасы фашень, шатыры шиферсыз, шағын екі-үш бөлмелі клуб үйі ауыл жастарына хан сарайындай көрінетін. Үнді киносы келгенде нағыз той. Үлкен-кіші, шал-кемпір, келін-кепшік… бірі қалмай жиналады. Клуб ішіндегі санаулы орынның алғашқы қатары ауыл басшылары мен олардың әйелдеріне тиесілі. Онан кейінгісі жасы мен дәрежесіне қарай кете береді… Орындық жетпегендер киноны бір қабырғада тікесінен-тіке тұрып, балалар тура еденге жайғасып отырып көреді. Балаларға арналып күндізгі сеанс қойылғанымен, күндіз киноға баруға ол жүгірмектер де құлықсыз.

Көне клубта әр аптаның сенбі күні би кеші ұйымдастырылады. Бұл енді бөлек әңгіме… Мұндайда клуб іші би алаңынан көрі, көше тентектерінің күш сынасу алаңына айналады. Сол тұста жастардың топқа, көшеге бөлініп жанжалдасуы қатты етек алып тұрған-ды. Бірімен-бірі туыс-жекжат аядай ауылдың бозбастары екіге жарылып, қызыл шеке болатын. Не жетпейді дейсіз бе?! Не жетпесін, балалық ақымақшылық қой. Мәселен, әр көшенің өзінше белгілеген аумағы бар. Шекарасынан өтіп кетсең… бітті… қып-қызыл төбелес… Басқа да сылтау табылады.

Бір би кешінде екі ауылдың бозбалары жанжалдасып қалды. Төбелеске бір бойжеткеннің қарсы жақтың жігітімен биге түсуі себепші болған еді. Арманның достары қарсыластарын клубтан жүндей түтіп, түре қуып шықты. Жау ордасын талқандағандай мәз болған… Десе де, қуаныштары ұзаққа созылмады. Күн айналмай бастары дауға шатылды. Сол төбелесте таяқ жеген жәбірленушінің шағымымен Арманға қоса үш досының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Аудан орталығынан келген Түнқатар есімді тергеуші (бүгін Арманның жолықтырғаны сол тергеуші Түнқатар болатын) ауылда бірнеше күн жатып, тергеу жұмыстарын жүргізді. Түнқатар десе, Түнқатар екен. Ауылдық кеңес төрағасының кабинетіне шақыртып алдырып, түні бойы жауап алады. Жазықты болған төртеудің жақын-жуығы құрақ ұшып, бәйек болған сайын Түнқатар тергеуші шалқая түседі. Өзінің де жемсауы кең неме екен. Қалтасын параға толтырды. Инеліктей имиген гараматтың ішінде жыланы бар ма, тамаққа да тоймайды. Арақты да суша сіміріп, мас та болмайды. Құдды жауап алуға емес, құдалыққа келгендей сайран құрды. Ақыры тергеу де аяқталып, бұларды аудан орталығына шақырды.

Жолға шығар алдында Арманға әкесі ренішін жасырмады. Оқты жанарын ұлына қадап тұрып:

– Әжеңе сені ренжітпеймін деп сертімді берген едім. Әттең, сөзімді жұта алмай тұрмын… «Қолыңмен істегенді, мойныңмен көтер» деуге анамның аруағынан қорқамын. Әйтпесе, обалың жоқ дер едім… – деп тамағын кенеді.

Ал анасы болса… жаулығының ұшымен көзін сүртіп, үнсіз егіліп тұр еді.

Әкесінің ұлына өкпелейтін де реті бар. Арман – көше тентектерінің белсендісінің бірі. Өзгенің жанжалын ақысын төлеп сұрап алатын қызба мінезді бозбала сол әдетінен талай бармағын шайнады. Төбелестің салдарынан әлденеше мәрте басшылардың талқысына да түсті. Ауылдық кеңес төрағасының алдында бірнеше мәрте түсінік те жазды. Сотқар ұлдың кесірінен әке-анасы топ алдында қызаруға да тура келген-ді. Осындайда анасы «Айналайын-ай, есің қашан кірер екен?!» деп күйіп-піседі.

Әжесі ғана Арманға шық жуытпайтын. «Құлыным сол! Аздап еркелігі болмаса, өзінің ақылы мол. Түбінде бәрінен осы тентегім озады» деп шыр-пыры шығатын. Қайран, әжетайым!

Сонымен… Арман мен достары аудандық ішкі істер бөліміне де келді… Милиция (қазіргі полиция) ғимараты дәл орталықта орналасқан екен. Көрікті салынып, ауласында тал-терегі, алуан гүлдер жайқала өсіп тұрғанымен кеудені зіл басып жатқандай әсер қалдырады.

Төменгі қабаттың түкпіріндегі шағын кабинетінің табалдырығынан аттасымен Түнқатар өзгеріп сала берді. Өзі нағыз дүлей екен. Бұрынғы жымия күліп, іші-бауырыңа кіріп тұратын дағдысынан жұғын да қалмады. Сырт қарағанда тәп-тәуір, байсалды азамат қас-қағымда ысқырынған кәрлі билеушіге айналды. Бір шұқым беті долы қатынның өңіндей көгеріп, езуінен көбігі бұрқырап, шаңқ-шаңқ етіп сайрағанда Арманның денесі тітіркенді.

«Басқа пәле – тілден» деген рас екен. Күні кеше төрінде аунап-қунап, семіз қойдың басын мүжіген Түнқатардың оқыс қылығына шыдамы таусылған Арман: «Ауыл арасында «милициядан досың болмасын» деуші еді. Рас екен. Тәке, сізді мүлде танымай қалдым ғой» – деп салған.

Тіс жармағаны мақұл еді. Тұтыға булыққан Түнқатар қаңтарда жараған бураша шабынды. Адам алатын үлектей мұның төбесінен шаншыла қарап, аузына ақ ит кіріп, қара ит шықты. «Құртам, жоямнан» басталған зілді сөзі «әкеңді танытам» деп доқ көрсетуге ұласты.

Сүйектен өтер балағатқа күйінген Арман «әкемді мен танырмын-ау, сізге қиын тимесе» деп қойып қалды… Мұнысы Түнқатардың жетім балалар үйінде өскендігін нұсқағаны болатын. Сол-ақ екен жағының түгі арлан қасқырдың қылшығындай тікірейіп кеткен Түнқатар резеңке сойылды (дубинка) ала сала мұны бас-көзге қарамай төмпештей жөнелді… Егер, жанындағы өзге тергеушілер ара түспегенде оқиға қалай аяқталатынын кім білсін?!.

Түс ауа Түнқатар төртеуін милиция бөлімшесінің бастығының кабинетіне айдап апарды. Бір қадам қиыс бассаң, атып салатын жандай өңі тым суық. Шүңірек қабағының астынан жауыға қарағаны аяушылықты білмес томырық мінезін танытады. Табалдырықтан аттай бергенде жексұрын неме, Арманды өзгелерге білдіртпей желкесінен түйіп жіберсін. Бұл шайқатылып барып, еңсесін зорға тіктеді.

Сондағы көргені… Атшаптырым кабинетте екі адам отыр. Бірі – аудандық милиция бөлімшесінің бастығы. Ал екіншісі… Арман өзінің көзіне өзі сенбеді. Милиция бөлімінің бастығына қарама-қарсы жайғасқан әкесі екен. Ұлы Отан соғысының ардагері әкесі бейне мерекелік шараға қатысуға келгендей сұрапыл жылдарда алған орден-медалдарын кеудесіне жарқыратып тағып алыпты. Екеуі біршама әңгімелескен сыңайлы. Бөлмедегі мүлгіген тыныштықты сарала киімді, қызыл жағалы милиция бастығының сұрағы бұзды:

– Арман деген қайсысың боласың?!

Қанша дегенмен әскери әрі бағыныштыларына әмірін жүргізіп үйренген адам ғой, дауыс көтермесе де үні салмақты естілді. Арман басы салбыраған қалпы, ортаға шықты.

– Сен, не бүлдіргеніңді білесің бе?!

Арман не десін?! Көзімен жер шұқылап, төмен қарап мөлиіп тұр.

– Сен өзіңнің теріс қылығыңмен кешегі офицер, батыр майдангер, асқар таудай айбарлы әкені мен сияқты жаман ұлға жалынуға мәжбүр қылдың… Сен үшін ешкімге, ешқашан намысын таптатпаған адам өзгелердің кесірінен кешірім сұрап жүр… Ұятың қайда?!

Арманның көзі қарауытып, құлағы шыңылдады. Милиция бастығының нық үні тәнін де, жанын да дырау қамшымен тілгілегендей күй кешті. Тұла бойын жуған тер тырс-тырс жерге тамшылап жатыр…

– Капитан, мына бұзақылардың ісін өндірістен қысқартып жібер! Барыңдар, көзіме көрінбеңдер! Ақсақал, балаларды алып ауылыңызға қайта беріңіз. Аман болыңыз, аға!

Әлдене айтқысы келіп қипақтаған Түнқатарға бастығы ала көзімен бір қараған. Инеліктей имиген бәтшағар зыта жөнелді. Не айтқысы келді дейсіз?! Сол бұрынғы біріне-бірін соғыстыру, жамандау шығар…

Арада жылжып жылдар өтті. Бұл кезде Арман аудан орталығындағы үлкен қойманың меңгерушісі қызметін атқаратын. Қоймаға күн құрғатпай вагон-вагон жем, құрылыс бұйымдары, бөрене-тақтай, көмір өзге де заттар үздіксіз түсіп тұрады. «Кімсің?!», «Арманмын!» болып тұрған кез.

Бір күні Арманның көмекшісі өзін бір адамның іздеп келгенін жеткізді. Сыртқа шыққанда мұны күтіп тұрған баяғы милиция бастығы екенін аңғарды. Жүздеспегелі қаншама жыл өтті. Арман құшақ жая ұмтылған. Алайда полиция бастығы мұны мүлде есіне түсіре алмады. Өзінің зейнеткерлік демалысына шыққанына да көп болса керек. Қорасындағы азын-аулақ малына жем іздеп шыққан пәті екен. Оған қандай сөз бар?! Жүк машинаның қорабына құрама жемді бастыра тиетіп, кабинасына «жеңгейдің сыбағасы» деп жеміс-жидек, тәтті толы қораптарды сиғанынша салдырған Арман өзін ауыр жүктен жеңілдеп қалғандай сезінді. Түнқатардың ішкілікке салынып кеткенін сол мезетте бұрынғы милиция бастығынан естіген болатын.

Өмір, неткен, күрделі едің!

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: