Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Конституцияны халық емес, билік пайдаланды

27.08.2020, 10:30 501

Ал, міне, бүгін жарқырап,

Нұрын шашты – Алтын заң!

Заң болғанда, қандай заң,

Көрмеген бұрын ешбір жан!

(Кеңес өкіметінің алғашқы Конституциясына арналған Жамбыл атамыздың жырынан).

Қазақ елі Тәуелсіздігін алғаннан бері екі Конституция қабылдады. Нақтырақ айтсақ, 1993 жылы бір Конституцияны бекітсе, 1995 жылы «бүкілхалықтық референдум» арқылы­ жаңа Конституция қабылданды. Қысқас­ы, алғашқы Ата заңымыздың өмірі екі жылдан аспады. Айта кетейік, бұл Конститу­циялардың негізгі айырмашылықтары (тәп­тіштеп, жіліктеп жатпасақ) біреу ғана болатын. Бірінші Конституцияда биліктің көптеген құзыреті, немесе билікке араласу, бақылау жолдары Парламентке (ол кезде Жоғарғы Кеңес деп аталаты­н) берілсе, екінші, 1995 жылғы Конституцияда биліктің басым бөлігі Президентке беріл­ген болатын. Қызық ретінде қарап шығыңыздар, 44-бап – Ата заңдағы ең көлемді бап…

Мойындауымыз керек, тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарында, демократиялық құрылымдар мен азаматтық қоғамның принциптерін қарапайым халық түгіл, саясат пен қоғамдық жұмыстарға араласып жүрген адамдар да терең түсіне қоймайтын кезеңде Конституцияға талдау­ жасау, оның кемшіліктері мен жақсы жақтарын алдымызға жайып салған мамандар болған жоқ. Әйтеуір екінші Конституцияны қабылдардың алдында қазақ тіліне қатысты баптың үлкен әңгіме болғаны есімде. Ал мемле­кеттік басқару жүйесі, адам құқығының сақ­талу­ы, билік жүйесінің бөлінісі, т.т. көпшілік үшін түсініксіз де, қажетсіз де мәселе болатын. Қысқасы, Конституцияның жобасын 95 пайыз электорат  оқып, танысқан  да  жоқ  және  сол  95  пайыз  «қолдап  дауыс  берді».

Кейін, қоғамның көзі ашыла бастаған уақытта ғана, биліктің бір қолға жиналғанын көріп, жағамызды ұстағанда, халық кейбір мәселелер­ге өздерінің реніштерін білдіргенде, «қараңыздар, Ата заңымызда солай жазылған ғой» деген сөздерді жиі ести бастағанда ғана «қолымды дөп сермесем – өстер ме едім» дедік. Ең қызығы, Ата заңға өздерінің пайдасын қаншалықты тықпаласа да, өмірдің өзгерістері өз дегенін істейді – бір-екі жылдан кейін-ақ, биліктің өзі Конституцияға өзгерістер енгізе бастады. Халыққа «Ата заңымызда солай жазылы­п қойылған, біз оны бұза алмаймыз ғой» дейтін билік өздерінің қолындағы Парламентті пайдалана отырып, өздеріне керекті өзгерістерді еркін де ашық енгізді. Мысалы, бұрын сайлаушылардың 50 пайызы дауыс беруге қатыспаса, сайлау өтпеген болып саналатын бап бар болатын.­ Сайлаушылардың бойкот жасап, сайлауды болдырмай тастауы мүмкін екенін білген уақытта, ол бапты алып тастады. Қазір бойкот жасап, халық дауыс беруге келмей қойса – ештең­е де болмайды, қарсы жақтан үш адам келсе, сайлау нәтижесі заңды болып есеп­телінеді. Ұмытпасам, бұл өзгеріс 1998 жылдары енді. Дәл осы жылдары Нұрсұлтан Назарбаевтың жасының 60-қа таяп қалғанын көрген билік Конституциядағы «Президент болатын адамның  жасы 60-тан аспауы керек» деген бапты да бір сәтте өзгертті. Ең қызығы, Конституцияны қабылдағанда Референдум арқылы, халықтың «қолдауымен» қабылдады да, өзгерістерді ың-жыңсыз, Парламент арқылы өткізді. Сандық тұрғыдан салыстырсақ, 10 миллион адамның шешімін 100 адам 10 минуттың ішінде өзгертті… Қысқасы, Конституцияны халық емес, билік пайдаланды, өзгертті, зорлады, ойларына келгенде­рін  жасады.

Конституция туралы сөз қозғалса, біз, біз ғана емес, басқа елдер де Америка Құрама Штаттарының Конституциясын еске түсіреді. «200 жылдан бері мызғымай, мемлекеттің тірегі болып тұр» деп, соған сілтеме жасаймыз, кейде соны үлгі тұтамыз, бірақ, неге екені белгісіз, өзіміз дәл сол сияқты Конституция жасап шығарма­ймыз, не шығара алмаймыз, немесе шығарғымыз келмейді. АҚШ Конституциясының басты ерекшелігі біреу ғана – ол жерде әрбір мәселе тәптіштеліп жазылмайды, жалпылама бағыты, принципі ғана беріледі. Сон­дықтан болуы керек, АҚШ Конституциясында 7 ғана бап бар… Ал одан кейінгі федералдық заңдарда, штаттың заңдарында «жілікке шағудың­» көкесін көруге болады. Естуімше, АҚШ-та сайлауға қатысты елуге жуық феде­ралды заңдар бар екен. Бүгінге дейін Конституцияға 27 өзгеріс енсе де, олардың бірде-біреуі негізгі мәтінге кірмейді. Конституцияның «мызғы­мауының» сыры да осында. 10 өзгеріс 1789 жылы кірсе, сол жылдары ұсынылған соңғы өзгеріс 203 жылдан кейін, 1992 жылы қабылданды (Бұл сенаторлардың жалақысы жөніндегі өзгеріс болатын…). Ал біздің Пар­ламенттің  Конституцияға енетін бірнеше өзгерісті 18 минутта қабылдап, бәрімізді таң­ғалдырғаны  бар.

Айта кету керек, кейбір өркениетті елдердің Ата заңдары жоқ. Англияда барлығы заңдармен реттелінетін болса, Израйль билігі «әлемдегі еврей ұлтының барлығы жиналғанда ғана Ата заң қабылдауымыз керек. 6 миллион еврейдің Еврей халқының, Еврей мемлекетінің Ата заңын­ қабылдауға құқығы жоқ» деп шешкенге ұқсайды.

Жиырма бірінші ғасырға кірген кезеңнен бастап, қазақ халқы да ояна бастаған сияқты. «Мәңгілік биліктің» бір тірегі – Конституция екенін жақсы түсінген саяси-қоғамдық топ­тардың кейбіреулері Ата заңдағы жеке баптарды өзгерту мәселесін көтерсе, енді бір топтар қазіргі Конституцияны толық қайта жазуды күн тәртібіне қоюда. Осыдан оншақты жыл бұрын оппозициялық партиялардың өкілдері Серік­болс­ын Әбділдиннің жетекшілігімен жаңа Конс­титуция жазуға ұмтылыс жасағанын да білеміз. Ал бүгінгі әлеуметтік желіде Конституция туралы сөз қозғалса, әңгіме негізгі екі мәселе төңірегінде болады екен. Әрине, біреулер бұл мәселені біліп көтерсе,­ енді біреулері дүрмекке еріп қайталайтын сияқты­. Сондықтан мен осы екі мәселеге қа­тыс­ты  өзімнің көзқарасымды білдіргім келеді.

Бірінші пікірлердің бағыты – 1993 жылғы Конституцияны қайтадан енгізу керек деген ұстаным. Бұны көбінесе оппозициялық бағыттағы­  азаматтар  қайталаудан  жалықпайды. Әрине,  бұл – ең оңай, бірақ ең тиімсіз, өз басым­ ешқашан  қолдамайтын  бағыт. Бірінші­ден, 1993 жылғы  Конституцияны  дайындауға, оның әрбір бабын талдауға халық та, азаматтық қоғам да араласқан жоқ. Бұл – сол уақыттағы коммунистік партияның номенклатурасынан құралған Жоғарғы Кеңестің туындысы. Сөз жоқ, қазіргі Ата заңымызға қарағанда, тәуелсіз­діктен кейінгі эйфорияның әсері болуы керек, «биліктің үш тармағы», «халық билігін қамтамасыз ету», «демократия принциптері», т.т. деген­ жақсы сөздердің арқасында 1993 жылғы Конституцияда Президенттің билігінен гөрі Жоғарғы Кеңестің  құзыретінің  біршама көбірек екені рас, бірақ Конституцияда демократи­ялық құрылымдардың жасақталуының алғы шарттарының болмағаны да анық. Айтпақшы, ұмытпасам, ол жерде «орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі» деген адам құқығын өрескел  бұзатын бап  та  бар. (Демек қазақ елінде­ түрлі ұлт өкілдері тек қана орыс тілінде сөйлесуі, қарым-қатынас жасауы міндетті болаты­н. Бұл бапты үлкен айқаспен 1997 жылы ғана «Тілдер туралы» заңнан алып тастағанбыз). Екіншіден, осыдан 37 жыл бұрын елдің саяси жағдайын бүгінге кезеңмен салыстыра алмай­сың­, ал егер Конституцияның болашақ үшін де жазылатынын  ескерсек, 1993  жылғы  заңға  оралу – кері кету болып табылады.

Екінші пікірлер тобы – Конституцияны толық өзгерту керек деген ұстаным. Мен де осы бағытты қолдаймын. Енді бір ауыз сөзбен өзімнің көзқарасымды дәлелдеп көрейін. Біріншіден, осы уақытқа дейін біздің билік өзіне қажетті кезде өзгерістер мен толықтыруларды қабылдай бергені соншалықты, Конституцияның жүйесі де толық бұзылды деуге болады. Кейбіреулердің айтуынша, 1995 жылдан бері Ата заңның 60 пайыздай баптары өзгеріске ұшырапты. Құрақ көрпенің күнін кешкен Ата заңға тағы да жамау салудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Екіншіден, Томасс Джефферсон айтқандай, «ересек адамға бұрынғы бала күніндегі күрткесін кигізуге болмайды». Әрдайым­ өзгеріп отыратын әр дәуірдің өз ерекшел­ігі бар. Сол ерекшелікке байланысты, әрбір ұрпақ өзінің  заңдарын  өздері шығаруы керек. («Мы с тем же основанием можем тре­бовать от взрослого мужчины, чтобы он прожолжал носить все ту же куртку, которую носил мальчиком, как и требовать от цивилизованного общества продолжат­ь жить по правилам, установ­ленным нашими предками… Каждое покол­ение людей… имеет право избирать для себя ту форму правления, котора­я, по его убеждению, более всего сможет помочь ему стать счаст­ливым… Керчевалға хат, 1816 жыл).

Дос  КӨШІМ,

«Ұлт  тағдыры»  қозғалысының  төрағасы,

Арнайы  «Халық»  газеті  үшін

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: